Елімізде табиғи апаттардың ішінде адам өміріне қауіп төндіру, қайталану жиілігі және қиратқыштық күшіне қарай қар көшкіні екінші орында тұр. Бұл қатерлі құбылыс таулы жерлерде жыл он екі ай болады. Ал ең бір жиілейтін маусымы – желтоқсан мен сәуір айларының арасы. Сондықтан да қазір қар көшкіні қаупінің шарықтау кезеңі деуге болады. Жыл басынан бері тауда екі адам қаза тауыпты. Олардың екеуі де ел азаматтары екен. Бірі Іле Алатауында адасып кеткен болса, екіншісі Шығыс Қазақстан облысында қар көшкінінің астында қалған. Төтенше жағдайлар министрлігі тауға құмар қазақстандықтар мен елімізге келген қонақтарды абай болуға шақырады.
Тау – экстремалды орта
Апат пен ажал айтып келмейді демекші, елімізде жыл басынан бері болған екі қайғылы оқиғаның екеуі де ақпан айында тіркелген. Бұл таудағы ахуал дәл қазір қауіпті екенін білдіреді. Ендеше, сақтанбаса болмайды. Сонымен Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласы маңындағы «Сержин тиіндері» шатқалындағы оқиға 10 ақпан күні болған. Алты адам биік беткейде шаңғы теуіп жүргенде қар көшкен. Дәл сол тұста біреуін қар басып қалыпты. Қалған бесеуі дін аман. Қар астында қалған туристің мүрдесі арада бір тәулік өткенде, таң ата табылды. «Негізі, қар көшкінін тудырған туристердің өздері. Олар қармен жүретін көлікпен сол жерде шектен тыс діріл тудырған. Оның соңы табиғи апатқа және кісі өліміне алып келді. Іздеу-құтқару жұмысына облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқару отряды толық жұмылдырылып, «Еврокоптер-145» тікұшағы әуеден шолу жасады. Ал жерден іздеу жұмыстарына кинолог мамандар тартылды. Таулы аймақ болғандықтан, тек ауыр техникамен ғана жүруге тура келді. Іздеу-құтқару операциясына Риддер қаласынан төрт волонтер қатысты. Ауа райының қолайсыздығынан іздеу ұзаққа созылды. Дегенмен таңертең көшкін астында қалған 1979 жылы туған туристің мүрдесі табылды. Таудың ұшар басынан мүрдені алып түсу оңай болған жоқ. Сондықтан ол жерге 8 волонтер мен 2 құтқарушы және 1 криминалист-полиция барды. Қазір осы іс бойынша тергеу басталды. Қайтыс болған азаматтың жеке басына қатысты мағлұматтар да анықталуда», – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов. Ал Алматыдағы оқиға осыдан бір күн кейін болыпты. Бір тәулік бойы жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстарына ауа райының қолайсыздығына байланысты тікұшақ қолдану мүмкін болмағандықтан, дрон пайдаланылған. Осылайша, келесі күні 12 ақпанда сағат 14.30-да «Шымбұлақ» шатқалынан 1981 жылы туған ер адамның жансыз денесі табылды. Болжам бойынша, ол биіктен құлап кеткен. Табылғанынан тура бір тәулік бұрын ол 112 нөміріне адасып кеткенін айтып, өзі хабарласқан көрінеді. Ал құтқару операциясына барлығы 70 құтқарушы, 12 техника жұмылдырылған.Оңтүстік пен шығыс – қауіпті аймақ
Еліміздің қар көшкіні қатты жерлері – Шығыс Қазақстандағы Алтай тауы мен Алматы және Түркістан облыстарында орналасқан Алатаудың Қаратау, Іле, Жетісу және Талас сілемдері. Цифрмен айтқанда, осы аймақтарда жалпы аумағы 6 миллион шаршы метр болатын, қар көшкіні анағұрлым қатерлі 608 телім бар екен. Олар 200-ден астам түрлі нысандар мен мемлекетаралық, республикалық, облыстық және жергілікті маңыздағы 150 километрге жуық автомобиль жолдарына тікелей қауіп төндіріп тұр. Бұл апатты аймақтарда, демалыс базаларын қоса алғанда, бүгінде 5 000-нан астам адам тұрып жатыр. «Бір Алматы қаласының өзінде Кіші және Үлкен Алматы өзендерінің бассейндерінде осындай 165 телім бар. Жиі қар көшетіндіктен «Медеу–Шымбұлақ» автожолы мен «Шымбұлақ» тау шаңғысы кешені қаупі тым жоғары аймақтарға жатады. Мұнда бірнеше рет адам өлімі де болды. Алматы облысы бойынша айтар болсам, Қотырбұлақ, Есік және Түрген өзендерінің тау еңістеріндегі сағалары қауіптірек. Мәселен, Түрген өзенінің бассейнінде еліміз үшін рекорд саналатын 10 миллион текше метр қар көшкен кездер болған. Жетісу сілемінде Көксу, Текелі өзендері өтетін Солтүстік, Солтүстік-Батыстағы тау аңғарын атап өтуге болады. Ал жалпы, Алматы облысында 1 203 тұрғыны бар 53 нысанға (демалыс базаларын қоса алғанда) қауіп төндіріп тұрған 96 қар көшкіні ошағы анықталған. [caption id="attachment_111813" align="alignnone" > © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Шығыс Қазақстан облысында 336 қары қатерлі телім бар. Көшкін жолында 71 түрлі нысан орналасқан, 1 000-ға жуық тұрғын тұрып жатыр. Соның ішінде Зубовск, Қазақстан, Серебрянск, Өскемен, Риддер және тағы да басқа елді мекендерге және жалпы ұзындығы 100 км жолға қауіп төніп тұр. Ал Түркістан облысында – 10, Жамбыл облысында 1 қар көшкінінің ошағы бар», – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Төтенше жағдайларды алдын алу бөлімінің басшысы Бауыржан Әбішев. Қар көшкінінің алдын алу шараларының бірі – жиналған қарды жарып, қауіпсіз жерге сырғытып жіберу. Яғни, қолдан қар көшкінін жасау. Маусым басталған желтоқсан айынан бері осындай 46 рет профилактикалық шара жүзеге асырылып, 37 186 текше метр қар ылдиға түсірілген екен. Оның 14-і Алматы облысында, 32-сі ШҚО-да жасалған. Құтқарушылар өткен аптада күн жылынып кетуіне байланысты және қалың қар жауғандықтан, Алматы қаласы мен облыс бойынша қар көшкінінің қаупі артып отырғанын айтады. «Жалпы, 11-14 ақпан аралығында республика бойынша 31 қар көшкіні оқиғасы тіркелді. Өз бетінше табиғи жолмен көшкен қардың көлемі 70 мың текше метр деп бағаланып отыр. Одан бөлек, біздің балансымызда 3 қар көшкінінен қорғау кешені бар. Олардың екеуін (1 459 қар тоқтатқыш қалқан) ШҚО Алтай ауданы Зубовка тауына және Қатонқарағай ауданы Собачья тауына орнатып қойдық. Үшіншісі (444 қар тоқтатқыш қалқан) Алматы облысында Мохнатая тауында тұр», – дейді ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ басшысының орынбасары Мұрат Қасенов. Төтеншеліктер бүгінге дейін қатерлі аймақтардағы нысандар мен тұрғын үйлердің иелеріне 773 хабарлама-ұсыным беріп, қауіп ошақтарының маңына 100-ден астам ескерту және ақпараттандыру стендтерін орнатқан.Қауіпсіздік бюллетені жарық көрді
Еліміз туристерді сұлу табиғатымен қызықтыратыны белгілі. Бірақ аппақ шыңдардың ажарын тамашалауға келгендердің ақ қар мен аяздан ажал құшқандары абырой емес-ау. Сондықтан да арнайы салалық қызмет өкілдерінің тауға шыққандардың қауіпсіздігін бірінші кезекте ойлайды. Соның нәтижесі болар, былтырғы қысқы маусымда қар көшкінінен қаза тапқандар дерегі тіркелмепті. Ал жалпы, еліміздің таулы табиғатына шетелдік туристер де қатты қызығатынын ескерсек, бұл үлкен абырой болса керек. Осы орайда, БҒМ «Георгафия және су қауіпсіздігі институты» таяуда алғаш рет тәжірибе ретінде қар көшкіні туралы бюллетень шығарды. Бюллетеньде Іле Алатауында адамдар көп баратын шатқалдардағы қар көшу қаупі бар жерлер туралы ақпарат жазылған. Одан да өзге маңызды мәліметтер Төтенше жағдайлар министрлігінің, «Қазгидромет» пен «Қазақстан альпинизм федерациясының» сайтында да жарияланып тұрады. Алматылық ғалымдар бұл жобаны жасау кезінде швейцариялық әріптестерінің тәжірибесін басшылыққа алыпты. «Бұрын Қазақстанда мұндай болған емес. Бірақ Америка, Еуропа елдері қолданады. Бюллетеньде Іле Алатауындағы қардың қалыңдығы мен қар көшкіні жүру қаупі жоғары телімдер көрсетіледі. Негізінен, кіші және үлкен Алматы өзенінің аңғарындағы ақпарат көп біреліді. Өйткені осы жерлерге адамдар көп барады. Көшкін қаупі 5 балдық жүйе бойынша бағаланады. Оны болжау үшін ақпараттық технологиялар қолданылады», – дейді БҒМ «Георгафия және су қауіпсіздігі институтының» аға ғылыми қызметкері Виктор Благовещенский. Жалпы, қар көшкініне көп ретте адами фактор себеп болып жатады екен. туристер өздері шектен тыс діріл тудырып, оның соңы табиғи апатқа алып келеді. География институтының 1951-2014 жылдар аралығында жүргізген санағы бойынша, соңғы елу жылда адамдарға қауіп төндірген қар көшкіні 76 рет болып, 173 адам зардап шеккен. Олардың 87-сі қаза болған екен. Институт мамандары қаза болғандардың көпшілігі, яки 73 пайызы альпинистер, туристер және тау шаңғышылары екенін айтады. Ал қалған 27 пайызы жергілікті тұрғындар (16%) мен жұмысы тау базаларындағы нысандармен байланысты адамдар (10%) көрінеді. Төтенше жағдайлар министрлігі тау экстремалды орта екенін ұдайы естен шығармай, жыл он екі ай тауда абай болу қажет екенін ескертеді. «Тауға жалғыз шығу сіздің өміріңіз үшін қауіпті. Белгіленген жерге шықпас бұрын бағытыңызды мұқият жоспарлаңыз. Таудағы ауа райы болжамымен танысуды ұмытпаңыз. Дауылды ескертулерге құлақ асыңыз. Жол қысқарту үшін білмейтін соқпақтармен жүрмеңіз. Жақындарыңызға баратын бағытыңыз туралы хабарлаңыз және оны өзгертпеңіз. Өзіңізбен бірге байланыс құралдарын алған жөн. Қажет болған жағдайда жақындарыңызға орналасқан жеріңіздің геолокациясын жіберіңіз. Төтенше жағдайға тап болсаңыз, өзіңіздің орналасқан жеріңіздің геолокациясын жіберген жерде болуға тырысыңыз. Төтенше жағдай туындаған сәтте 112 нөміріне қоңырау шалыңыз», – дейді ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ