Шулықтар Шатыркөлге шағым айтты
Шулықтар Шатыркөлге шағым айтты
265
оқылды

Соңғы жылдары Шу ауданындағы «Шатыркөл» кен орнына аудан тұр­ғындарының арыз-шағымы жиі түсуде. Өйткені кен орнынан шығатын ши­кізаттың аудан экологиясына тигізер зияны көп көрінеді. Nur Otan пар­тиясы Шу аудандық филиа­лының мәжіліс залында өткен аудандық қо­ғамдық кеңестің отырысында осы мәселе күн тәртібіне шығарылды.

Басқосуда Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің облыс бойынша экология департаментінің зертха­налық-талдамалық бақылау бөлімінің басшысы Жахангер На­­зарбеков «Шатыркөл» кен орны мен ау­дандағы экологиялық жағдайға қа­­тысты нақ­ты мәліметтермен бөлісті.

Оның ай­туынша, осыдан екі жыл бұрын атал­ған кен орнына тексеріс жүргізіп, Экология департаментінің зертха­налық-талдамалық бақылау бөлімі кеніштің санитарлық қорға­ныш аймағынан ауа сынамасын алған екен. Нәтижесінде, экологиялық жағдайдың тұрақты екені анықтаған.

«Шатыркөл» кен орнының тоқсан сайын өткізіп отыратын өндірістік экологиялық бақылау есебінен де заңсыз іс-әрекеттер байқалмаған. Жоғарыда аталған жұмыстарды тілге тиек еткен бөлім басшысы радиа­циялық сынамалар мен денсаулық сақтау мекемелеріндегі онкологиялық науқастар, ана мен бала өлімі және түсік тастау сияқты оқиғалар депар­таменттің құзыретіне кірмейтінін, оған Тауарлар мен көрсететін қыз­меттердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау басқармасы жауапты екенін жеткізді.

Алайда «Қазақмыс» корпо­ра­ция­сы 2019-2021 жылдарға арнал­ған іс-шаралар жоспары аясында 4,2 гектар аумаққа шаң басу жұмыстарын жүйелі атқара алмай отырған көрінеді. Бұдан бөлек, мекеме тарапынан Бірлік ауы­лында радиацияның дең­гейін анық­тауға арналған радиа­циялық бекет қойылу керек болған. Дегенмен қа­зір­гі кезде бұл жұмыстар да тиісті дең­­гейде орындалмай отырған көрінеді.

Ал Қонаев ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Байкен Досым­беков ауылдықтардың жағдайы 80-жылдарға дейін жақсы болғанын айтады. «Бұрнағы жылдары ауылда мал шаруашылығы өте жақсы дамы­ды. Ауыл тұрғындары төрт түлікті түгел өргізіп, кеңшілікте өмір сүрді. Қазіргі «Шатыркөлден» ары қарай 12 шақырым жерде су диірмені болды. Сол жерде мал бақтық, жеміс-жидектің де түр-түрін өсірдік. Сол маңдағы өзеннің суы мол болғаны соншалық, жаз айында атты адам өте алмайтын. Кейін «Шатыркөл» кен орны өз жұмысын бастағанда, сол судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Енді міне, суымыз тарылып, жолымыз нашарлап, ауру көбейді. Өткен жылы ауылда 120-130 бас ірі қара қырылды. Оның себебі әлі күнге белгісіз. Кейбір тұрғындар ауласындағы жалғыз сиы­рынан айырылды. Оның өтеуін кім­нен сұраймыз? Мұның бәрі сол экологияның салдары. Су тартылып, малымыз тұрып қалған судан ішкен соң, оның ішкі ағзасы зақымданады. Өйткені тұрып қалған жылы суда сүлік көп болады. Оның малға тигізер зиянын өздеріңіз де жақсы білесіздер.


Қазіргі «Шатыркөлден» ары қарай 12 километр жерде су диірмені болды. Сол жерде мал бақтық, жеміс-жидектің де түр-түрін өсірдік. Сол маңдағы өзеннің суы мол болғаны соншалық, жаз айында атты адам өте алмайтын. Кейін «Шатыркөл» кен орны өз жұмысын бастағанда сол судың деңгейі күрт төмендеп кетті. Енді міне, суымыз тарылып, жолымыз нашарлап, ауру көбейді.


Бұдан бөлек, ауылымызда бұрын атын естімеген аурулар пайда бола бастады. Ауылдағы негізгі көшені әрең дегенде күрделі жөндеуден өткізген едік. Қазір «Шатыркөлдің» ауыр жүк көліктері салдарынан ол да құрып бітуге жақын. Оған қоса, ауыл­ды аудан орталығымен байла­ныс­ты­ратын күре жолдағы көпірдің жағдайы әлі күнге апатты жағдайда тұр. Рас, кен орнының қасынан уақытша көпір салды. Алайда ол бір ғана көліктің жүруіне есептелген» – дейді ақсақал.

Сондай-ақ «Балқаш-түстіметалл» өндірістік бірлестігінің эколог ма­маны Назым Усимбекова жоғарыда аталған түйткілдерге «Шатыркөл» кен орнының қатысы жоқ екенін тілге тиек етті. Ол серіктестік әр тоқсан сайын ауадан, судан, шикізаттан, қал­дық­тардан сынама алып, радиа­ция­лық мониторинг жүргізіп, арнайы аккредитациядан өткен зертханаға жіберіп, қорытындысын облыстық экология департаментіне өткізіп отыратынын тілге тиек етті. Бүгінгі күнге дейін бұл сынамалардан ешқан­дай теріс нәтиже байқалмапты. Де­генмен аудандық қоғамдық кеңестің мүшелері аталған мәселеге қатысты зерделеу жұмыстарын жүргізіп, бірқатар кемшіліктерді анықтағанын да айта кету керек.

Дәлірек айтар болсақ, кен өндіру жұмыстарының салдарынан сол маңға жақын ау­мақ­тағы ағын судың жүйелері бұзылып, судың барлығы бір жерге жиналған. Оған қоса, жер асты­нан шығатын қайнарлар тартылып қалған. Осындай түйткілдердің кесі­рі­нен жақын маң­дағы ауыл тұрғын­да­рында ауызсу тапшылығы байқа­лып, бірқатар шаруа қожалық­тары малдарын суғару кезінде осы мәселеге тап болып отыр.

Кеңес отырысында Бірлік ауылы­ның ақсақалдары ауылдағы «Ша­тыр­көл» кен орнының қоймасы балабақ­шаға тым жақын орна­ласқанын айтып, оның да зияны тиіп жатқанын жеткізді. Сондықтан жиын­да айтылған мәселелер мен кеңес мү­шелерінің ұсыныс-пікірлері ескеріле келе, қоғамдық кеңес біра­уыз­­дан бірнеше ұсынымды қа­был­дады. Атап айтсақ, Экологиялық рет­теу және бақылау комитетінің об­лыс бойынша экология департа­ментінің басшысы Б.Қалым­бетовке «Шатыркөлде» кен өңдеуді әзірлеу және тасымалдау ке­зінде экология мен қоршаған ортаға кері әсер ету жағдайларының алдын алу жұмыста­рын тұрақты бақылауда ұстау­ды, Бірлік стансасында ра­диа­циялық фонды күнделікті өлшеу үшін элек­тронды табло орнату тетік­терін қарас­тыруға ықпал етуді ұсын­ды. Ал «Қа­зақмыс» корпора­циясы­ның «Бал­қаш-түстіметалл» өндірістік бірлес­ті­гіне қарасты «Шатыркөл» кен орны­ның директоры М.Ертаевқа кен ор­ны­нан Бірлік стансасына дейінгі ара­лық­та кенді жабық күйде тасымал­дауды, кен өндіру жұмыстары жүргі­зіліп жатқан маңдағы ауылдық ок­руг­тердің жайы­лымдық жерлерін қал­пына кел­тіру бойынша нақты шаралар қабыл­дауды, кен орнынан Бірлік стан­­сасына дейін теміржол құры­лысын жүргізу тетік­терін қарас­тыруды ұсынды. Сон­дай-ақ жиында айтылған мәселелер тиісті министр­лікке жет­кізілетін болды.

 

Арсен БАЙЗАҚ,
Жамбыл облысы