Жер саудасы: Зерендіде жүз гектардан аса жер шетелдік кәсіпкерге сатылуы мүмкін
Жер саудасы: Зерендіде жүз гектардан аса жер шетелдік кәсіпкерге сатылуы мүмкін
129
оқылды

1 миллиард 800  миллион теңге! Ақмола облысының Зеренді ау­данындағы курортты алқаптағы Зеренді көлінің жағалауындағы 148 гектар шұрайлы жер осындай бағаға сатылып жатыр. Жалпы көлемі екі соттықтан 11 гектарға дейінгі 256 учаске. Жердің иесі – Иван Ивнатушенко. Екі мыңыншы жылдары мемлекеттің меншігіндегі тегін жерді иемденіп алған меншік иесі енді оны миллиардтаған қаражатқа сатпақ ниетте. Ал жер, тіпті ресейлік кәсіпкерлердің иелігіне айналып кетуі де ға­жап емес. Бұл туралы Иванмен сөйлесу барысында әңгіменің аужайынан бай­қап қалдық. Қарағай мен қайың тұнған, тұмса табиғат көмкерген ку­рортты аймақта осынша жер неге бұлай сатылып жатыр? Бұлай болуы заң­ды ма? Әкімдік пен тиісті басқармалар қайда қараған?

«Тегіс жазық, сатып алынған, мемле­кеттік актісі, барлық құжаттары сақадай-сай. Коммерция жүргізуге ыңғайлы. Жалдауға болады. Түрлі мөлшердегі (2 соттықтан 11 гектарға дейін) 256 учаскеге коттедж құрылысын салуға болады. Жер учаскелерін кез келген көлемде сатуға әзір­мін. Бағасы орналасуына қарай әртүрлі. Түрлі қалалардан болса да, қос тараптан қосымша ақымен айырбастауды да қарас­тыруға әзірмін. Кез келген нұсқаны қарас­тырамыз. Өз ұсыныстарыңызды айтыңыз­дар!». Осындай мәтіндегі хабарландырудың жылжымайтын мүліктер орналасқан «Крыша» жарнамалық порталында ор­налас­қанын көріп жағамызды ұстадық. Дереу мән-жайды анықтамақ болдық. Хабарландыруда орналасқан телефон нөмірлерін теріп, жер сатып алуды көздеп жүрген адам кейпінде телефон шалдық. Ал жер иесінің айтқан сөздерінен, тіпті шо­шыдық. Оның айтуынша, жер мәскеулік кәсіпкердің меншігіне өтіп кетуі де бек мүм­кін екен. Тіпті, кәсіпкермен келісім­шарт жобасы да жасалып қойған көрінеді. Аузы-аузына жұқпаған кәсіпкер жерді барлық жағынан мақтай жөнелді. «Біз, «Бигленд» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігі бұл жерлерге сонау екі мыңыншы жылдары ие болдық. Саяжай кооперативтерінде болған бұл жерлер қазір біздің жекеменшігімізде. Барлық мемле­кеттік актілері мен құжаттары талапқа сай. Жыл сайын салық төлеп келеміз. Ешқандай ке­пілде тұрған жоқ. Негізі, Ресейдің Мәс­кеу қаласындағы кәсіпкерлер сатып алмақ ниетте. Олар өткен жылдың желтоқсан айында хабарласты. Шамамен жүз гектар шамасындағы жерді 4 миллион АҚШ долларына сатып алуға ниетті екенін білдірді. Қазір келісімшарт жасасып жатырмыз. Егер барлығы ойдағыдай жүзеге асырылса, наурыз айында жерді сат­пақ­шымыз», – деді жер иесі Иван Ивнатушен­ко. Әрине, еліміздің заңына сәйкес, жер шетелдіктерге сатылмауы тиіс екенін айтып, заңға қайшы болса, жерді қалай сататынын сұрадық. Сөйтсек, мұнысы оп-оңай болып шықты. «Бізбен келіссөз жүргізіп жатқан мәс­кеу­лік кәсіпкерлер жерге қатты қызығып отыр. Ал жердің шетелдіктерге сатпау мәселесіне келсек, заңды айналып өтуге болады. Ол үшін меншік иесі мәскеуліктер болғанымен, оларға Алматы қаласындағы Қазақстан азаматтары құрылтайшы болады. Жерді бізден солар сатып алады.  Ал шын мәнінде иесі сол мәскеулік кәсіпкерлер болмақ», – деп кәсіпкер  Иван ағынан жарылды. Осылайша, жерді шетелдіктерге сатуға мораторий жариялап, ақ тер, көк тер болып айтысып-тартысып жатқанымыз құр бекершілік  сияқты болып көрінді. Курортты аймақтағы осынша көлемдегі жердің сатылып жатқанынан Зеренді ау­даны әкімдігі де, облыстың Жер қатынас­тары басқармасы да хабарсыз болып шықты. «Крышаға» орналастырылған хабарландырудың сілтемелерін аталған мекемелерге жібердік. Сөйтіп, тиісті басқарма басшысының аталған мәселе бойынша пікір білдіруін сұрадық. «Зеренді ауданындағы 185 гектар ал­қапты құрайтын бұл жерлер 2005 жылы Zeren саяжай кооперативіне бақташылық және саяжай құрылыстары үшін ұсы­ныл­ған. Одан әрі аталған саяжай кооперативі бұл жер учаскелерін «Бигленд» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі ретінде өз жекеменшігіне аударған. «Бигленд» ком­паниясы аталған жер учаскесінің сарал­анымын жасаған. Жер учаскелері ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға арналған санатқа жатқызылған. Ол кезең­дегі еліміздің заңдарына сәйкес, кез келген жеке адам мемлекетке өтініш жазып-ақ өзі қалағанша жер көлемін ала алатын. Олар осы заңды пайдаланып, аталған жер учас­келерін иеленген. Жер учаскесі олардың меншігінде болғандықтан, жерді сата ма, сыйға тарта ма, олардың өз еркінде. Ал жерді ресейлік кәсіпкерлерге сата алмайды. Өйткені еліміздің заңына сәйкес, бұған қатаң тыйым салынған», – дейді Ақмола облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина. Курортты өңірдегі жердің сатылып ке­туі мүмкін екенін Зеренді ауданы әкімдігіне де айттық. Әкімдік те жердің сатылып жатқанынан хабарсыз болды. Әкімдікке хабарласып, сұрақ қойға­нымыз­бен, мұны анықтау үшін ресми хат жіберуімізді сұ­рады. Өйткені олардың айтуынша, жер екі мыңыншы жылдары берілген­діктен, құ­жаттарды тек архив­терді ақтарып қарап шығу қажет екен... Біздің әкімдікке жазған ресми хатымызға олар төмендегідей жауап жол­дады. «Бұл жерлер 2004 жылдары Zeren жауап­кершілігі шектеулі серіктестігіне саяжай жерлері ретінде берілген. Жерге ешқандай инфрақұрылымдар тартылмаған. Жер сая­жай кооперативі ретінде пайда­лануға ар­нал­ған. Бұл жерлер Зеренді ауылы­ның ау­мағынан тыс орналасқан. Зе­ренді көлінің жанынан шамамен екі жүз метр аумақта тұр. Жер сонау 2004-2005 жылы алын­ғаны­мен, бұл жерде ешқандай жұмыс ат­қарылмаған. Сол жылдары, тіпті аудандық және облыстық прокуратурамен аталған жерлерге қатысты қылмыстық іс те қоз­ғалған. Былтырдан бері Зеренді ауданының бас жоспарына өзгерістер енгізіліп, бұл жерлерде тұрақты тұратын үйлер салу жоспарланған. Сол кезден бастап меншік иесі жанталасып, жерді сатуға хабар­лан­дыру берген. Алайда жері өтпей жатыр. Біз осы жылы мердігер компания жұмыстарын аяқтаса, жерге инфрақұрылымдар өткізу үшін оның жерінің отыз пайызын ала аламыз. Оған бұл жөнінде айтылған. Бірақ олар мұнымен келіспей отыр», – дейді Зеренді ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы Әділбек Сыздықаев. Бөлім басшысының айтуынша, сол жылдары берілген 162 гектардың 148 гектары осы меншік иесіне және қалғаны осы учаскелерді сатып алған саяжай иелеріне тиесілі. Бірақ олар серіктестіктің рұқсатынсыз оны сатуға берілмейтін етіп қойған. Сондай-ақ пайдаланылмаған жерді де тәркілеп алу әкімдіктің құзыретінде жоқ болып шықты. «Біз пайдаланылмай тұрған жерлерді көзімізбен көріп отырсақ та, оған ештеңе істей алмаймыз. Бұған дейін әкімдік ескерту жасап, жер қолданылмай жатса, оны мемлекетке қайтаруға құзыреті бар еді. Енді Жоғарғы Соттың №6 нормативтік құқықтық қаулысына өзгерістер енгізіліп, бізде еш ықпал ету тетігі болмай қалды. Сон­дықтан жерді сата ма, жалға бере ме, жоқ басқасын істей ме, біз еш әрекет жасай ал­маймыз. Дегенмен бір жағынан жер сатылып, инвестициялар тартылған соң инфрақұрылымдар тартылып, басқа да игілікті істер атқарылса, ол мемлекетке де тиімді болар еді», – дейді Әділбек Сыз­дықаев. Сонымен, Зеренді ауданындағы бұл жердің мәскеулік кәсіпкерлерге сатылып кету мүмкіндігі әлі де жоғары болып тұр. «Бигленд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар мүмкіндікті мүлт жібермей, жерді сатудың амалын қарастырып жатыр. Алдағы уақытта мәселе қалай шешілмек? Мораторийді ұзартамыз деп жүргенде көз алдымыздағы жерді шетелдіктер иеленіп кетіп жүрмесін...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы