Медицина университеті лицензиясынан айырылды
Медицина университеті лицензиясынан айырылды

Алматыдағы Қазақ меди­циналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензия­сынан айырылды. Білім және ғылым министрлігінің хабар­лауынша, өткен жылы ми­нистр­ліктің Білім және ғы­лым саласындағы сапаны қам­тамасыз ету комитеті атал­ған оқу орнының білім беру қызметіне тексеру жүр­гізіп, талапқа сай келмейтін жайттарды анықтаған.

Тексеру барысында білім ор­да­сында бакалавриат, магис­тра­тура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқыту­шылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қам­тамасыз етілмегені белгілі болды. Сонымен қатар оқу орны­ндағы өзге де маңызды көрсет­кіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмейді. Негізі, анық­талған кемшіліктерді жойып, қалыпты жұмыс істеуге уақыт бе­рілді. Алайда оқу ордасы комитеттің нұсқамаларын орындамай, заңды өрескел бұзып, жұмысын жалғастырған. «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғы­лым министрлігі коми­­­­теті де қара­ды. Алматы қаласының ма­­­­мандан­дырылған ауданаралық әкім­­­­ші­­­лік сотының қаулысына сәйкес, атал­­­­мыш университет әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бө­лек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды», – дейді БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету коми­­­­­тетінің төрайымы Гүлзат Көбе­нова. Университеттің жұмысын бастағанына небәрі 6 жыл болған. Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің бі­ліктілігін жетілдіру ұйымының базасында құрылған. Ведомство мәліметіне сүйенсек, бүгінде аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды. Көпшілікті студенттер жайы алаңдатып отыр. Олардың алдағы ахуалы не болмақ? «ҚазМҮББУ-да оқыған сту­дент­тердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орын­дарына ауыс­тырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқыту­шыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр», – деп атап өтті Г.Көбенова. Жоғары оқу орнын басты ли­цен­зиядан айыру туралы сот ше­шімі 10 жұ­­мыс күнінен кейін заң­ды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады. Өткен жылы Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті 25 жоғары оқу орны­ның кадрларды даярлау бағыттары бойынша лицензияларға 60 қо­сым­шасын қайтарып алған бола­тын. Олардың басым бөлігі коми­теттің тексерісінен кейін қай­тарылды. Өкініштісі, олардың қа­та­рында ұзақ жылдық тарихы бар, елі­міз үшін білікті мамандар даяр­лаған ір­гелі оқу орындары да бар.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ