Малға жарлы болса да, балаға бай
Малға жарлы болса да, балаға бай
236
оқылды

Кедейлер неге көп бала туады? Байлар неге бала санын шектейді? Бұл құбылыс тек жекелеген отбасыларға емес, тұтас мемлекетке де қа­тысты. Мысалы, Бангла­деш­ке қарайық. Азиядағы ең мешеу елдің бірі. Аумағы алақандай ғана. Бірақ халқы 200 млн-ды маңайлап қалған. Жалпы, Оңтүстік Азия, Африка, Латын Аме­рикасы мен Таяу Шығыс елдерінде демографиялық өсім жоғары.

Ал дамыған елдерде жағдай керісінше. Еуропаны жаппай жалғыздық жайлаған. Eurostat статистика қызметінің зерттеуіне сүйенсек, Кәрі құрлықтағы үй­лер­дің үштен бірінде, яғни 33 пайы­зында бір-ақ адам өмір сүреді екен. Швецияда бұл көр­­­­сеткіш 52 пайызға жеткен. Авс­­тралия, Жаңа Зеландия, Жа­пония сынды бақуатты жұрт ­та бала санын бір-екеуден асыр­майды. Қызық. Ана мен бала өлімі аз, ұрпағы тумай жатып тұр­ғын үймен қамтылатын дәу­лет­ті мемлекеттер қалайша демо­­гра­фия­лық дағдарысқа тап бол­ған?

Ғалымдар мұның себебін түрліше түсіндіреді. Алайда нақты тұжырым жоқ.

Біріншіден, климаты қоңыр­жай не ыстық өңірлерде ұрпақ өрбіту оңай деседі. Халықтың тұр­мысына қажет тұрғын үй, киім-кешек шығыны төмен, ішіп-жемді өндіру мүмкіндігі мол. Бір сөзбен айтқанда, өмір сүруге қолайлы.

Екіншіден, діни көзқарас. Мұсылмандар Мұхаммед Пайғам­бардың: «Мен үмбетімнің көпті­гі­мен мақтанайын! Үйленіңдер, көбейіңдер!» – деген хадисіне амал етеді.

Үшіншіден, ұлттық мента­литет. Кейбір халықтарда отбасы құн­дылығы әлі күнге дейін құр­мет­­теледі.

Төртіншіден, гендерлік сая­сат­тың да әсері бар. Әсіресе, батыс елдерінде ер мен әйел ара­сындағы тарихи қатынас бұзыл­ған. Гендерлік саясат әйел­дер­дің психологиясын өзгерткен, дү­ниеге ұрпақ әкелу және өмір­дің мәні жайлы танымын транс­фор­мацияға ұшыратқан. Бала туып қиналғысы келмейтін, өзі үшін өмір сүруді артық санай­тын көзқарас қоғамда берік орнық­қан.

Бесіншіден, демографтар білім беру деңгейі көтерілген сайын бала туу көрсеткіші азая­ды деген заңдылық барын алға тар­тады. Тіпті, олардың өз ара­сын­да «Ең мықты контра­цепция – әйелдердің білім алуы» деген әзіл айтылады екен.

Алтыншыдан, урбандалу үде­рісі. Қалада бала туу көрсеткіші ауыл­мен салыстырғанда әлде­қай­да төмен. Мамандардың пі­кі­рінше, халықтың шаһарға шо­ғыр­лануы қаншалықты жоға­ры болса, өсу қарқыны сонша­лық­ты баяу болады.

Жетінші фактор табиғи түй­сік­ке байланысты. Биология заңы бойынша неғұрлым әлсіз мақұлық соғұрлым көбірек ұрпақ өрбітеді. Кейбір сарапшылардың пайымынша, бұл ереже адамды да айналып өтпейді-міс. Мыса­лы, Африкадағы кедей ата-ана балаларының ауру мен аштықтан өлуі мүмкін екенін біледі. Сон­дықтан да мейлінше көп тууға тырысады.

Әрине, бұл гипотезаның әр­қайсысын жоққа шығарып, тас-талқан қылатын қарсы уәж табу қиын емес. Әйтсе де, бар­лық пікір­дің жаны бар екенін мойын­дауға мәжбүрміз.

Бір қызығы, дамыған әлем демографиялық дағдарысты қалай шешеміз дегенде, ана мен балаға жағдай жасаудан басқа амал таппай отыр. Әлеу­мет­тік сая­сатын оңдау арқылы жан са­нын өсірген елдер баршы­лық. Мысалы, Польша мен Румы­ния жақсы үлгі көрсете білді. 1970 жылдардың соңын­да билік басындағылар ар­найы шаралар қолдана баста­ған. Отбасы инс­ти­т­утын эко­­­­но­­микалық рет­теудің арқа­­сын­­да туу көр­сет­кішін 30 пайыз­ға кө­терген. Норвегияда да 1990-2000 жылдары бірқатар жұмыс­тар іске асырылған. Қазір бала туғанға дейін жұмыс істеген әйел­дер босанған соң, 42 апта бойы мем­лекеттен 100 пайыз жалақысын қай­тарып алады. Әкелерге де ар­найы демалыс беріледі. Демек, ұлан-ғайыр жері бос жатқан, жұмыс күші жетіс­пей­тін Қазақстан да әлеу­мет­тік ынта­ландыру саяса­ты­нан бас тартпауы керек.


Еркебұлан НҰРЕКЕШ