Көкшетаудың іргесіндегі Краснояр ауылына барар жолда Кеңес Одағы кезінде берілген саяжайлар бар. Жер бақташылықпен айналысып, жеміс-жидек пен көкөніс егуге арналған. Тоқсаныншы жылдардағы тоқырау тұсында тоз-тозы шығып, үдере көшкен ауылдағы ағайын осы саяжайларды паналаған. Қазір жүздеген отбасы қысы-жазы тұрып жатыр. Бақташылық серіктестік кооперативтеріне қарайтын бұл жер учаскелерінде ауызсу, жарық, жол сияқты қарапайым игіліктердің бірі болса, бірі жоқ. Бар болғанның өзінде, тозған.
«Садовод» бақташылық кооперативіне қарайтын бұл саяжайларда жетпістен астам үй, бұдан бөлек жазда келіп қатынайтын қала тұрғындарының саяжай учаскелері бар. Көктем шықса, жарықсыз қалу қаупі төніп тұр. Өйткені жарық беретін КТП трансформаторы судың ортасында қалған. Қалың қар мен ернеуінен аса бастаған Қопа көлі стансаны көк мұзға батырыпты. Еріген жағдайда станса мүлде істен шығып, жетпістен астам үй мен саяжайлықтар мүлде жарықсыз қалмақ. Сонымен қатар ернеуінен асқан су жағадағы бірнеше үйдің бақшасы мен ауласын да басып қалған. Дабыл қаққан саяжай тұрғындары әкімдікке бірнеше рет жүгінген. «Бірақ біздің жанайқайымызды елең қылар билік көрінбейді», – дейді олар. «Краснояр саяжайларының үшінші аялдамадағы тұрғындары, «Садовод» бақташылығы осындай ауыр жағдайға тап болдық. Біздің КТП суға батып бара жатыр. Қазір, міне толығымен судың ортасында тұр. Бұл трансформатор жетпістен астам отбасыны жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Ал ол істен шықса, біз мүлдем жарықсыз қаламыз. Бұл төтенше жағдай болғандықтан, әкімдікке мәселемізді жеткіздік. Төтенше жағдай қызметкерлері мен әкімдіктегілер келіп, суретке және видеоға түсіріп кетті. Әкімнің орынбасарының қабылдауына да бардық. Олар көмектесіп уақытша КТП тауып орналастыруға уәде берген. Біздің жаңа КТП сатып алуға жағдайымыз жоқ», – дейді саяжай тұрғындары. Тұрғындардың айтуынша, әкімдіктегілер ақпанның 5-інде уәде берген. Әкімдікке арнайы шақыртып, КТП алып беретінін айтқан. Бірақ содан бері үнсіздік орнап, саяжайлықтардың үміті өше бастапты. «Мұндағы тұрғындардың басым көпшілігі осында сексенінші жылдардан бері тұрады. Бірақ мұндай жағдай алғаш рет болып тұр. Бізді ақпанның 5-інде әкімдікке арнайы шақыртты. Төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп, жағдайды реттеп, КТП алып беретінін мәлімдеген. Олар 8 ші ақпанда келуі тиіс болған. Бірақ күні бүгінге дейін әлі ешкім ат ізін де салған жоқ. Аталған мәселе баяғы жартас, сол жартас күйі қалды. Төтенше жағдайлардан да, әкімдіктен де ешкім келмеді, – дейді саяжай тұрғындары. Саяжай тұрғындары уақытша КТП тауып берсе, кейін уақыт өте келе қолда бар трансформатордың кем-кетігін жөндеп, қайта орнатпақ болған. Мәселені қала әкімдігінен анықтамақ болдық. Бірақ бұл жерде тағы бір қарама-қайшылыққа тап болдық. Саяжайдағылар судың осынша жайылуы алғаш рет болды десе, қала әкімі Амангелді Смайылов оны жылдағы мәселе деп түсіндірмек болды. «Біз оларға талай айттық. Олар жылда жүгінеді. Біз оларға КТП-ның орнын ауыстырып басқа жерге орналастырыңыздар дедік. Бірақ айтқан сөз сол жерде қалады. Енді соның зардабын тартып отыр. Менің орынбасарым барып, жағдайларымен танысып келді. Біздің қолымызда КТП жоқ. Уақытша қолдану үшін КТП іздестіріп жатырмыз. Тауып алсақ, бірден орналастырып береміз. Бірақ әзірге табылмай жатыр. Әкімдікте оны сатып алып беретіндей бюджетте қаражат қарастырылмаған. Ал саяжайларды су басуына келсек, төтенше жағдайлар қызметі жағдайды бақылап отыр. Ал егер алда-жалда су тасып, саяжайларды су басып жатса адамдарды эвакуациялайтын орындарымыз сақадай-сай, – дейді қала әкімі Амангелді Смайылов. Сонымен әзірге саяжай тұрғындарын алаңдатқан жарық мәселесінің шешілер түрі көрінбейді. Ал әкімдік КТП таппаса, жетпістен астам отбасы мүлде жарықсыз қалуы әбден мүмкін...Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы