Еуромаусым арманға айнала ма?
Еуромаусым арманға айнала ма?
121
оқылды

Биыл Қазақстан Премьер-лигасы үлкен өзгеріспен бас­талмақ. Ең басты жаңалық ко­ман­далар санының артуы болды. Ел чемпионатына 14 команданың қатысқаны ұтым­ды, оңды шешімнің бірі сана­лып отыр. Өйткені еліміз­де 14 облыс, 3 ірі қала бар.

Егер чемпионатты 12 команда ғана бақ сынаса, елдегі 17 әкімшілік орталықтың бесеуі үлкен футбол­сыз қалады. Премьер-лигада облыс атынан бақ сынайтын команданың болуы, сол өңірдегі футболдың дамуына оң әсер етеді. Демек, жоғары дивизионда әр облыстың командасы болғаны жөн. Бірақ ко­ман­далардың санын 16-ға көбей­ту қиындау. Сол үшін ең дұрысы осы – 14 командамен біріншілікті бастау. Неге дейсіз ғой? Чемпионатта 14 команда бақ сынаса, ұлттық құ­рамаға таңдау да артады. Былтыр ұлт­тық құрама бапкерлері 30-40 ойын­шының арасынан таңдау жаса­ды. Ал биыл сол сан кем деген­де 10 ойыншыға арта түспек. Бұл бірінші кезекте бапкерлік штабқа да тиімді болды. Жергілікті ойын­шылар арасында да бәсекелестік арта түседі. Қалай болғанда да, пайдалы жағы басым екені белгілі. Екінші үлкен өзгеріс қаржының қысқаруы болды. Қазақ футболы өте мол мемлекеттік бюджеттің ар­қа­сында ғана күн көріп келеді. Футбол ғана емес, жалпы ел спорты бюд­жетке тәуелді деуге негіз бар. Енді сол қаржы сәл қысқарғалы отыр. Мұның клубтарға қанша­лықты әсер ететіні алдағы бір жыл­да көрінеді. Бірақ қаржы тым азай­майды деп ойлаймыз. Өйткені ко­­­ман­даларымыз жылдағыдай Түр­­кияда жаттығу өткізіп жүр. Транс­­ферлер де аз болып жатқан жоқ, шетелдік ойыншыларды алып жа­тыр. Осыдан-ақ клубтардың бюд­жеті жаңа маусымға жетерлік екенін болжауға болады. Жергілікті жанкүйерлер үшін ішкі біріншіліктегі командалардың бұл маусымда қалай өнер көрсе­те­тіні қызық. Ал ең негізгісі, еуро­кубоктық ойындардың топтық кезеңіне жолдама алу екені айтпаса да түсінікті. Өйткені кейінгі 6-7 жыл­дықта отандық клубтарымыз топтық кезеңде ойнап, ел мерейін асқақтатып жүрді. Бұл ретте «Шах­тер» мен «Астананың» жетістіктері арқылы Қазақстан біріншілігінің деңгейі біршама көтерілді. Бүгінде біраз жанкүйер «Астананың» алтын дәуірі аяқтала ма деп алаңдаушылық білдірсе, енді бірі «Қайраттың» қайрат көрсетіп жүргеніне, 16 жылдан кейін ел біріншілігін қайта жеңіп алып, көш бастағанына қуанып жүр. Өткен жылы чемпиондығынан айырылған «Астананы» осы жылы  топ бастайды дегенге сенетіндер аз. Ал «Қайрат» командасы ішкі бірін­шілік пен Чемпиондар лигасына дайындықты әлдеқашан бастап кет­ті. Жақында ғана бір негізгі ойын­шысы, польшалық Яцек Гураль­ский жарақат алып, қатардан шы­ғып қалды. Енді клуб басшы­лығы оның орнын басатын тә­жірибелі ойыншы іздеуі мүмкін. Болмаса өзіміздің Айбол Әбікенге сенім артады. Қалай дегенмен де, былтырғы чемпиондар құрамын тағы да күшейткен абзал. Әйтпесе, Чемпиондар лигасында чемпион­дар­мен, үздік еуропалық клубтар­мен терезесі тең ойын көрсету қиын... Еуромаусым Ал «Астанада» жағдай басқаша. Маңызды, «бағалы» ойыншы­ларымен қош айтысып, орнына жаңа, бағасы арзан футболшылар алып жатыр. Клуб басшылығы сондай-ақ жастарға да мүмкіндік береміз деп айтып қалды. Мұның басты себебі мемлекеттен бөлінетін бюджеттің азаюы деп түсіндік. Отандық спорт мамандары «Қайрат» пен «Астанадан» бөлек, «Тобыл», «Ордабасы», «Ақтөбе», «Атырау» клубтары жоғары орын­дарға таласады деп топшылап отыр. Ал аутсайдерлер қатарында «Шахтер», «Қайсар», «Ақжайық», «Жетісу» командалары төменгі лигаға кетуі мүмкін екенін айтады. – Менің ойымша, биыл да «Қайрат» чемпион болады. Өйткені көшбасшы командалардың ішінде «Қайрат» қана негізгі құрамын сақтап қалды. Командадан бірнеше ойыншы кеткенімен, олар көр­сеткішке үлкен әсер ете қоймайтын футболшылар. Ал алматылық клубтың басты қарсыластары кей­бір маңызды ойыншыларынан айырылып қалды. Мәселен, «То­был­дың» орталық алаңдағы ең үздік жұбы Джаба Канкава мен Ника Квеквескири өзге чемпио­натқа ауысты. Сол секілді «Астана» мен «Ордабасыда» да өзгерістер аз емес. Қаржылық тұрғыдан да «Қай­рат» өзгелерге қарағанда сенімді болады деп ойлаймын. Өйт­кені жеке қожайыны бар. Қай­рат Бо­ран­баев команданы қаржы­дан қыса қоймас, – дейді спорт жур­налисі Қуаныш Қаппас. Бәрінен бұрын еурокубоктық ойындарда командаларымыздың қалай өнер көрсететіні қызық бол­ғалы тұр. Үш командамыз су жаңа турнир – Конференция лигасына қатысады. Бұл турнирдің деңгейі, маңыздылығы қай деңгейде бо­латынын да анық білмейді жұрт. Тіпті, 5 жыл бойы еурокубоктардың топтық кезеңінде өнер көрсетіп жүрген «Астананың» өзі Еуропа лигасының іріктеуіне де қатыса алмайды. Біз үшін ең өкініштісі осы шығар. Егер «Қайрат» Чем­пиондар лигасының немесе Еуропа лигасының топтық кезеңіне өтсе ғана бұл олқылықтың орны толады. Әйтпесе, ішкі бірінішіліктен ары асудың өзі біз үшін арманға ай­налмақ.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ