Құттыалаптан Тобылға дейін...
Құттыалаптан Тобылға дейін...

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кентін аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу және оны қайта атау туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақ­тық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқ­сан­дағы Қазақстан Республикасы заңының 9-бабына сәйкес қаулы қабылдады. Қаулыда: «Қостанай облысы Қостанай ауданының Затобол кенті аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылсын. Затобол кенті Тобыл қаласы болып қайта аталсын» делінген.

Тобыл болып түрленген қала Тобыл өзенінің оң жағалауынан орын тепкен. Затобол кентін қайта атау туралы бастама жиі айтылып жүргені белгілі. Оған қала мәртебесін беру де назардан тыс қалған жоқ. Затоболдың То­был­ға айналуы, кенттің қала мәртебесін алуы елдің дамуына, әлеуметтік-экономикалық және де­мографиялық жағдайға оң сер­­пін беретініне сенім мол. Қала мәртебесін алған Тобылдың бойында жаңа ғимараттар бой тү­зейді. Тобыл – Қостанайда қа­на­тын қомдаған алтыншы қала.

Затоболдың атын өзгерту тура­лы бұған дейін жергілікті дең­гейде талай рет талқыға түс­кен. Бұл мәселеге келгенде тұрғын­дар­дың да пікірі екіге бөлініп келген еді. 26 мыңнан аса халқы бар қалада түрлі этнос өкілдері шоғырланған. Олардың арасында Затобол атын қалдыруды құпта­ған­ да көп. Ал Мемлекет бас­шы­сының кентті қайта атау туралы Жарлығы көпшіліктің көңі­ліне сенім ұялатқаны даусыз.

О баста Затобол кенті Тобыл атауын иемденбеген. Тобыл өзе­ні­нің оң жағалауында орын теп­кен­діктен, Затобол кенті ата­лып кеткен екен. Бейімбет Май­лин шы­­ғармаларында бұл өңір Құт­тыа­лап атауымен кездеседі. Зато­бол кенті Қостанайға жақын маң­да орналасқан. Арасын көпір ғана бөліп жатыр. Затобол кенті туралы деректер «Торғай өлке­сінің зерттеулерінде» кездес­песе, нақты тарихына қатысты мәлімет жоқтың қасы. Қала типіндегі ауылдың тарихы ХІХ ғасырдың аяғында Ресейдің орталық айма­ғынан қоныс аударушылар көбі­рек келе бастаған тұстан бас­тау алады. Сол кезеңде Тобыл өзе­­нінің маңайында кішкен­тай кент пайда болған екен. Бұл 1881 жыл­дың бедері еді. Саратов, Том­бы, Воронеж губер­ния­лары­нан келген шаруа­лар осы маңға түбегейлі қоныстап қалды. Кейін шағын ауыл кеңейіп, үлкен кент­ке айналды. Соңғы жылдары «Затобол кентін байырғы атауы­мен Құттыалап деп қалдыру керек пе еді» деген пікірлер де айтылып жүрді. «Тобыл стансасы, Тобыл өзені, Тобыл футбол клубы бол­ған­­дықтан, Құттыалап атауы қойыл­­ғанда дұрыс болар еді» дейді кей­бір жергілікті тұрғындар. Тіпті, осы­лай ұсыныс жасағандар да бо­лып­ты.

Қазір қала мәртебесіне ие бол­­­ған Тобыл кентін дамыту об­лыс жұртшылығы үшін басты на­­зарда болмақ. Бұған дейін Зы­рян қаласына Алтай атын беріп, бір қуансақ, Таран ауда­ны­на Бейім­беттің атын беріп, ерек­ше шат­та­нып қалдық. Осын­дай ақ­жол­тай жаңалықпен жыл табал­­ды­­рықты аттап жатыр. Зато­бол енді Тобыл болып еңсе тікте­ді. Қуан, қазақ!


Айна ХАСАН