Жаһанды интернетпен қамтиды

Жаһанды интернетпен қамтиды

Дүниежүзілік банк мәліметінше, әлемде 4 млрд-қа жуық адамның интернетке қосылуға мүмкіндігі жоқ. Ғалымдар бұл проблеманың түйінін тарқату үшін түрлі амал қамдауда. Ал Илон Масктың SpaceX кор­порациясы жасанды жерсеріктерді ғарышқа ұшы­рып, жаһанды кеңжолақты интернетпен қам­тымақ.

Америкалық кәсіпкер Илон Масктың компаниясы орбитадағы жерсерік саны бойынша рекорд жасады. SpaceX компаниясы Falcon 9 ракетасы мен 60 жерсерікті орбитаға ұшырды. Былтыр компания 130 жерсерік ұшыр­ған. Ендігіде SpaceX дүние­жүзін кеңжолақты интернет­пен қамту үшін тағы да жер­серік ұшыруды жоспар­лап отыр. Компания­ның кей жер­серік­пен байланысы үзілген, сондықтан оларды қайтаруды қалап отыр.   Ал астрономдар қауымдастығы жерсеріктер аспан денелерін көруге кедергі жасайды деп дабыл қағуда. Сол себепті аталған компания жасанды жерсеріктерді ар­найы түске бояған.

Starlink – бұл ғаламшар тұрғындары үшін кеңжолақты интернетке қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған келесі буынның жерсерік желісі.

SpaceX ғаламды кеңжолақ­ты интернетпен қамтамасыз ететін болса, әлемдегі интер­нет байланысы жоқ және қымбат елдердің кәдесіне жарамақ. Мысалы, келешекте Африка елдерінің толығымен интер­нетке қол жетуі мүм­кін. Ол үшін компания 12 мың жерсерікті ғарышқа жібе­руі керек. Болжам бойынша 2020 жылдың соңына қарай SpaceX-тің мақсаты орында­лады. Әзірге компания Starlink интернет жүйесінің 60 жер­серігінің үшінші партия­сын орбитаға шығара алды.

Илон Маск компаниясы өткен жылдың 12 қарашасында Флорида штатында Starlink жобасы аясында 60 жасанды жерсерігі бар Falcon 9 зымыра­нын ғарышқа ұшырды. Falcon 9 екі бөліктен тұрды. АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан ұшқан зымы­ран автоматты түрде Атлант мұхитының Оңтүстік Каролина штатына жақын тұсын­дағы теңіз бетіндегі плат­формаға өздігінен қонды.

Әдеттегідей Falcon 9 зы­мы­раны жасанды жерсерік­терін 290 километр биіктіктегі Жер орбитасына жеткізді. Инженерлер бәрін бақылауда ұстап, олардың жұмыс істеу жүйесін тексерді. Аталған жоба бойынша бірінші топ 2019 жылдың мамырында, жасанды жерсеріктердің екін­ші тобы қарашада ғарыш­қа көтерілді. Үшінші топ биыл 6 қаңтарда Жер орбитасын бетке алды.

Жер шарының әр түкпірін кеңжолақты интернетпен қамта­масыз етемін деген ком­па­ния жобасының инвес­ти­циясы – 10 миллиард доллар.

Инвестиция құны 10 мил­лиард долларға бағаланған жоба 2018 жылы ақпан айында жұмысын бастады. Содан бері Falcon 9 көмегімен екі жерсерік орбитаға көтерілді. Барлығы 12 000 жерсерігі орбитаға шығарылады.

Бәрімізге белгілі, SpaceX және NASA компаниясы Crew Dragon ғарыш кемесінің соңғы сынағына дайындалып жатыр. Компания мүшелері кемені іске қосу үшін барынша жағдай жасайды. Cnet порта­лының хабарлауынша, сынақ Falcon 9 зымыранының жары­лы­сы­мен аяқталады.

NASA бәрінің жүйелі әрі қалыпты өткенін қалайды. SpaceX компаниясы тосын жайттың бәріне дайын екенін, тіпті зымыран мұхитқа құла­ған күнде сынықтарын жинап алуға ниетті екенін білдірді. Неліктен Crew Dragon ғарыш кемесі мұхитқа құлауы мүмкін?

Ғарыш кемесінің толық дайын болуы үшін NASA сынақ күнін ауыстыруға дайын. Өйткені сынақ кезінде Crew Dragon Falcon 9 зымы­ранынан бөлінеді. Сонда ғарыш кемесінің SuperDraco қозғалтқыштары мұхитқа қауіпсіз қонуы тиіс. Ал сол тұста Falcon 9 ракетасы Атлант мұхитының үстінде жарылуы мүмкін. АҚШ-тың Федералды аза­мат­тық авиация басқар­ма­сы сы­нақ­тың экологияға тигі­зер зардабын екшеп отыр. Ба­қы­­лау сәтті жүрсе, сынақ ке­зін­де Dragon кемесін апат­тық эвакуа­циялау жүйесін түзе­ді.

Қос алыптың тәжірибесі ғаламға жаңа мүмкіндік бергенімен, қаупі бар. Өйткені ғарыш кемесі зымыраннан бөлінгеннен кейін басқарусыз қалады және жарылады. NASA-да бұл «жоспарланбаған жылдам бөлшектеу» деп аталады. Ғалымдар Falcon 9 аспанда жарылады және отын­ның қалған бөлігі мұхит­ты ластамай жанады деп үміт­тенеді. Ал SpaceX компаниясы зымыран суға құлауы мүмкін екенін болжап отыр. Егер сынақ кезінде зымыран Атлант мұхитында жарылса, SpaceX компаниясы сынық­тар­ды су бетінен жинап алуға ниетті.

Nasa мен SpaceX компа­ниясы ынтымақтастығы арқа­сында осыған қызықты тәжі­ри­бе жасап, түрлі сынақ өткіз­ді. Олар 2018 жылы АҚШ ғарыш агенттігі SpaceX Falcon 9 зымыран тасығышының көмегімен Канаверал мүйісін­дегі ғарыш айлағынан TESS-ті сәтті іске қосты. Аталған те­лес­коп экзопланет іздеумен айналысады. «Кеплер» NASA-ға үлкен қызмет атқарды. Күн жүйесінен тыс 2 мыңнан астам ғаламшарды тапты. Тәжірибе Falcon 9 зымыранының көме­гі­мен жүзеге асты. Бастапқыда жоспарлағандай, зымыран Атлант мұхитындағы Of Course I Still Love You арнайы плат­формасына қонды.

 

Айбике ЖАНАСЫЛ