Абайға абай болайық!
Абайға абай болайық!
221
оқылды

Мемлекет басшысының Абай Құнан­байұлы­ның 175 жылдық мерейтойын мере­­келеу туралы Жарлы­ғын қуана қарсы алдым. Абай­дың 150 жылдығында және одан бергі уақытта қан­дай істер ат­қа­­рылды, олар­ды жүзеге асыр­­ғанда қан­дай кемшілік­тер болды дегенді абайтану­шы ретін­де саралай келіп әрі ақын­­­ның 175 жылдық мерей­то­йын нәти­желі өткізуге пай­да­сы тиер деген ниетпен қол­­ға қалам алдым.

Саяси әлемде елдер арасында достық болмайды, мүдделестік болады деген сөз бар. Біздің елде де өз мүддесін көздейтін «ше­тел­дік дұшпандарымыз» бар. Олар Қазақстанды, оның негізін құраушы ұлтты «мәңгүрт» ету үшін алдын ала терең зерттелген, ұзақ мерзімге арналған жоспарын түрлі зымияндықпен ойластырған айла-тәсілдері арқылы іске асыратыны заңды. Себебі Қазақстанның асты-үсті байлыққа толы, ұлан-­бай­тақ жері бар, бастысы әлем­­­ді дүр сілкіндірген Түркі өрке­­­ниетінің қара шаңырағы әрі ұлттық құндылығын, текті­лі­гін сақтаған ұлт ретінде ерек­ше нысанаға алынады. Көп жыл­ғы зерттеу нәтижесінде шетел­дік «дұшпандарымыздың» жос­пары былай құрылған деген қоры­тындыға келдім: қазақ  ардақ тұта­­тын тұлғалардың шығар­ма­ла­рын өз мүддесіне бұрма­лап пайдаланады. Олардың   таң­дауы Абай Құнанбайұлы мен Мұхтар Әуезовке тегін түскен жоқ. Екіншіден, қазақ ұлтының бай ауыз әдебиетінде діні, тілі, дәстүрі нақты көрініс беріп, сақталып отырғанын жақсы білді. Сон­дықтан ұлттың шынайы бей­несін, ауыз әдебиетінің жау­­һарларын бұрмалап, қайта басып шығаруды көздеді. Үшін­ші­­ден, орыс империясының қазақтарды сауатсыз, жабайы, өркениеттен оқшау қалған тұр­пайы ел ретінде көрсеткен сая­сатын   жалғастырып, қазақты әлем­ге «жабайы ел» деп айту үшін ағыл­шын тілінде шетелде кино түсіруді, ал Қазақстанда қазақтың аңыз-ертегілерін бұрмалап мульт­­фильмдер шығаруды қолға алды. Енді осы айтқанымызды дәлел­дейік.

1995 жылы тәуелсіздік алған Қазақстан халқы Абайдың 150 жылдығын атап өтіп, данышпан ақын ұлымен әлемге елдігін таныту үшін дайындалып жатқанда, «шетелдік дұшпандарымыз» мис­­сио­­нерлік желеумен елімізге «Криш­на сектасы қоғамы» де­ген атпен діни бірлестік ен­ді­­ріп, түрлі айла-шарғымен Семей­­дегі «Абай» журналының қыз­­меткерлері – ағайынды Досым және Асан Омаровты мүше етіп, «жоспарларын» іске асы­руға кіріседі. Сөйтіп, ха­лықа­­­ралық «Криш­на санасы қоға­мының» негі­зін қалаушы А.Ч.Бһак­тиве­дан­­та Свами Прабху­­паданың «Өмір­ден өмір туындайды» кітабын қазақшаға тәржімалау, Досым Омаров аталған кітап негізінде Абай мен М.Әуезов туындыларын бұрмалап, докторлық диссертация мен «Абайтану курсы» оқулығын, ал Асан Омаров Шәкәрім мұра­ла­рын бұрмалап, докторлық дис­­сер­та­ция мен кітап жазуы тиіс болды.

Сөзімізді дәлелдейік, аударма­ны екеулеп тез орындайды, уағыз жүргізуде 1993 жылдан «Кришна санасы қоғамы» діни бірлестіктің мүшесі Досым аса белсенділік танытады. Мақалаларында криш­­­налық уағызды білдіртпей «бом­ба» ретінде, кітаптарында «мина» ретінде жасырын тықпа­лап отырған. Досым Омаров академик Ә.Нысанбаевтың «әке­лік қамқорлығына» бөленеді, инс­титуттың ізденушісі, ғылыми қызметкері, энциклопедияның белсенді авторы болады, институт ұжымы «Ұлылар үндестігі» док­тор­лық монографиясы мен «Абай­­тану курсы» оқу құралын тал­қы­­лағанда (№23 хаттама, 07.07.1999ж.). Д.Омаров: «Әуелі 1996-1997 оқу жылдарынан бас­тап «Абайтану курсының» қол­жазбасы Алматыдағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқы­татын №2 мектеп-интернатта сабақ жүргізіліп, апробациядан өт­кі­зілгені, Білім, мәдениет жә­не денсаулық министрлігі осы қол­­жазба бойынша «Абайтану курсы» атты оқу құралы жазы­лып, ол жаңа жүйемен қарас­ты­рылғаны, «Ұлылар үндесті­гі» монографиясының ма­­те­­риал­дары 1997 жылы М.Әуе­зов мерейтойында жүлдеге ие бол­­­­ғаны» айтылғанда «керемет, жа­ңа көзқарас» деп таңғала, бір­ауыз­дан құптай кетеді.

Омаровты қорғаушылардың арасында халықаралық «Абай» клубының президенті, өзін «ахма­дий­шілердің қазақстандық лидерімін» деп жариялаған жазу­шы Роллан Сейсенбаев, ислам дінін жек көретін, батысқа бас шұлғыған, қияли-тәңіршіл Әуез­хан Қодар, академик-биолог Рахым Оразалиев, т.б. бар. Олар криш­наны уағыздайтын кітап­та­рын үсті-үстіне шығарды: Р.Ора­за­лиев, Д.Омаров, Ә.Мұқаш­беков «Жасару құпиясы» («Алей­рон» баспасы, 2006ж.); Д.Омаров «Абайдың рухани мұра­сы» («Ел-ше­жіре» баспасы, 2007ж.); Ә.Мұқашбеков «Рух пен тәннің саулығы», «Аштықты ұстау – ден­сау­лық кепілі», «Жүйке жүйе­сі­н­ің тылсымы» («Алейрон» бас­па­сы, 2007ж.).

Абайтанушылардың қарсылы­ғы арқасында (М.Мырзахметұлы, «Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті», «Түркістан» газеті 27.08.2009ж., Ж.Шойынбет «Ұлт рухы­­на қауіп төндіретін кітап», «Ана тілі» газеті, 05.12.2002ж.) Досым Омаровтың М.Әуезовті криш­найт еткен «Ұлылар үндестігі» док­торлық диссертациясы мен «Абайтану курсы» оқулығы қолда­­ныстан алып тасталынды, айқайы­­мызға нүкте қойылғандай еді, бірақ олай болмады...

Бізді Философия институты ұжы­мының Досым Омаровты қол­дауы ғана емес, Абайды криш­найт етуге ұлт келешегі – ұрпақ тәрбиесіне жауапты Білім және ғылым министрлігінің қазақ тілі мен әдебиетінің бас маманы Роза Батталованың белсенділігі таңғалдырды. Ол басшылыққа Д.Омаровтың «Абайтану» кітабы­ның қажетін сендіріп, бұл кітапты жарамсыз деп шыққан бұйрықты мектептерге жібермеген, әлі күнге дейін кітапты мектеп мұғалімдері пайдаланып отыр. Жалпы, оқулық туралы сынға қазақ әдебиеті пәні көп ұшырады әрі орынды айтылды. Міне, осы­ның бәріне бірден-бір жауапты маман Роза Батталова ешбір ескерту алмай, «Абай ауданының құр­метті азаматы», зейнеткер ре­тін­де әрең дегенде жұмыстан босады....

Кейін мәлім болғандай, сол кездегі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының басшылығы институт­тың ғылыми кеңесі болмай тұ­рып «жоғарыдан тапсырма бар, Д.Омаровтың «Абайтану» кіта­­бын қолдайық» деп кеңес мү­ше­­леріне үгіт жүргізеді. Бұл жер­де филология ғылымының док­­торлары, бөлім меңгерушілері Бауыр­жан Омаров пен Айгүл Ісіма­қова «Абайды қаралап, қазақ­қа қарабет болар жайымыз жоқ» деп қарсы шыққан соң ғана, ойла­ры іске аспай қалады.

Чарльз Уеллер сол кездегі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ фило­софия факультетінің деканы Ғарифолла Есім жетекшілігімен «Қазақ еліндегі діни үрдістердің мәдени-өркениеттік негіздері» деген тақырыпта диссертация жазады. Шындығына келсек, Чарльз Уеллердің «Қазақ халқының ұлттық мәдениеті» (2003ж.) кіта­бы мен диссертациясы қазақ халқы­ның ұлттық мәдениетін қор­лап жазған еңбектер еді. Мис­сионердің бұл еңбегін «Мәде­ниет­тану» мен «Философия» пәнде­рінің авторлары Тұрсын Ғабитов, Нағима Бәйтенова, Ақтол­қын Құлсариева бастаған философтар сынаудың орнына мадақтап, қолдай кетеді. Бұл еңбек абайтанушылар мен көпшілік тарапынан қарсылыққа ұшырады. Америкалық миссионер себеп болған дауға Премьер-Министр Д.Ахметов (2006 ж. 16 маусым №3-729) пен Білім министрі Б.Әйті­мова жауап жазып, «атал­ған диссертациялық кеңеске кері қайтарылды (05.06.2006ж. № КО-36/1). Миссионердің дис­сер­тациясы мен кітабының Қазақстан мемлекетінің ұлттық қауіпсіздігіне кесірі тиетінін, Елбасы Н.Назарбаевтың идеяла­ры­на тікелей қарсы еңбек еке­ні жан-жақты дәлелденген бола­тын (М.Қалматаев, М.Мырзах­ме­тов, Т.Кәкішұлы, Қадыр Мыр­за Әли, т.б. ашықхаты оннан аса республикалық газетке жария­­ланды). Америкалық миссио­нер осылайша қазақтарды бір-бірі­мен айтыстырып, ең соңында «Мұсылмандардан кешірім сұ­­рай­­мын» («Жас қазақ», 06.10.2006ж.) деп мақала жазып та­йып тұрды. Академик Ғ.Есімов әккі миссионердің несі өтіп кетті екен, сенатор болған кезінде Чарльз Уеллердің диссертациясын қайта қаратып, қорғатып жіберді. Сол Чарльз Уеллер қазақты үш дінді (тәңіршіл, мәсіхшіл (хрис­тиан) және ислам); Бүгінгі орта­азия­лықтардың ұлттық болмысы мен ұлттық мемлекетін жасап берген орыстар: қазақтар 200-300 жыл бойы ұлттық мәдениеті мен тарихынан айырылып қалған халық; Абай сияқты түрікшіл-жәдидшілер «бұрын» болмаған жаңа елді жоқтан құрамыз» деп, бұрын білінбеген, болмаған бір қазақ елі үшін күрескен жоқ; Түркітілді мемлекеттерді (одақ) құру сәт­сіз болады; Ел болу ілімінің ең озық үлгісін протестанттық мәсіх­шілдік бере алады» деген маз­мұндағы ұлтымыз, мемле­ке­тіміз туралы теріс пікірлері бар еңбектерін ағылшын, орыс тілдерінде жариялады.

Бүкіл шығармашылық өмі­рін арнап, ғылыми еңбектене оты­рып әрең дегенде зерделеген М.Мырзахметұлы ағайдың Абай­дың жәуанмәртілігін ол кісінің еңбегіне еш сілтеме жасамай-ақ, Ғ.Есімнің жетекшілігімен криш­найт Асан Омаров «Абайдың жәуанмәртілік философиясы» деген тақырыпта диссертация қорғады, Асанның ойынша, Абай діннің шеңберіне сыймайды, сонда дінсіз Абайдың кім болғаны?

Академик Ә.Нысанбаевтың жетекшілігімен қазақ тілін «дал­баса» деп, Абай қазақтардың қол­дан жасап алған данышпаны деп қаралап, қазақ ауылының бола­шағы жоқ деп өшіккен, Ис­лам дінін өркениетке қарсы қоятын, тек Еуропаға, Батысқа табын деп үгіттеген докторлық дис­­сер­­та­циясын қорғамақшы бол­­ған Қанағат Жүкешевті де әрең тоқ­тат­қандай болдық (Ж.Шо­йынбет, «Жүкешевтің бұл қай «далбасасы»?, «Түркіс­тан» газеті, 27.09.2007ж. Ж.Шойын­бет, «Қазақты, Абайды қорлап докторлық диссертация қорға­мақ», «Қазақ әдебиеті» газеті, 12.09.2007ж.)

Біз бұл мақала арқылы әлде­кімд­ерді жөнсіз сынау не өш алу емес, таза ғылым жолындағы пі­кі­­­рімізді айтып, шындыққа көз жет­кізуді көздедік. Абайдың 150 жыл­ды­ғын атап өту кезінде бастал­ған ақын шығармашылығын бұр­ма­лау, қазақ ұлтын кемсіту пиғылы биыл тағы бой көтермесе екен дейміз.

Президенттің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақа­ласындағы ұсыныстарын, Абай академиясын ашу тура­лы бастамасын да қолдай­мыз. Абай академиясы ашыл­­са, біздің орталықтағы абай­­тану­­­шы-ғалым­дар «Абай» энцик­ло­­­педиясын жаңа көзқараспен то­лық­тырып, Абайдың акаде­мия­лық екі томды­ғын қайта қарап және хәкім Абай­дың дана­лығын әр ортаға – ата-ана, бала­бақша, мектеп, жоғары оқу орны студенттеріне түсінікті етіп тал­даған көпшілік-танымдық еңбек­терді дайындап шығаруға үле­сі­міз­ді қосар едік.

  

Жабал ШОЙЫНБЕТ,
Абай атындағы Қазақ ұлттық 
педагогикалық университеті 
«хәкім Абай» ғылыми-зерттеу 
орталығының директоры