Әлеуметтік нысандарды аралады
Әлеуметтік нысандарды аралады
196
оқылды

Мәжіліс депутаттары Бақтықожа Ізмұхамбетов, Бақытгүл Хаменова және Бейбіт Мамыраев пен Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Атырау облысындағы аудандарды аралап, тұрғындармен жүздесті. Олар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын іске асырудағы басым бағыттар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Іссапар аясында Мәжіліс пен Сенат депутаттары өндірістік және әлеуметтік нысандарға барып, кәсіпорындардың, денсаулық сақтау, білім беру мекемелерінің еңбек ұжымдарымен жүздесті.

Халық қалаулыларының жер­гілікті аудан тұрғындарымен кез­десуі Махамбет ауданы Ақ­жайық ауыл­дық округінде жалғасын тапты. Мәжіліс депутаты Бақты­қожа Ізмұхамбетов Елбасы Н.Назарбаев пен Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың Үкімет алды­на қойған тапсырмалары және Пар­ламент Мәжілісі мен Сена­ты­ның заңнамалық жұмыстары туралы хабардар етті. Депутаттар әлеуметтік қамсыздандыру мә­­селелеріне, атап айтқанда, атау­лы әлеуметтік көмекті та­ғайын­­даудың жаңа форматына, мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыруды енгізуге және жаңа жылдан бастап қолданысқа енгізілген заңдар мен «Педагог мәртебесі туралы» заңның басым бағыттарына баса назар аударды. Әңгіме барысында ардагерлер туралы заң да қалыс қалмады.

Жиында Бақтықожа Салахат­динұлы ауылдық округтерді төртінші дәрежелі бюджетпен қамтамасыз ету мәселесі енді 1 300-ден асқан тұрғыны бар ауыл үшін де шешіліп, халық саны аз ауылдардың өз бюджеті ар­қы­­лы ауылды өркендетуге қол жет­­кізуге мүмкіндік туғанын айтып қуантты. Ол сондай-ақ тұр­­ғындарды Атырау облысының егін шаруашылығына, мал шаруа­шы­лығына баса мән беріп, осы салада еңбек етуге шақырды. Жеке ша­руашылықтарды ашуға ниет­ті және осы салада еңбек етіп жүр­­ген азаматтарға Мемлекет бас­­шы­­сының микро және шағын биз­­нес субъектілерін 3 жылға та­­быс салығынан босатуы жеке кәсіп ашып, елдің экономикасын кө­теру арқылы халықтың әлеуме­тін көтеруге жол ашатынын түсін­дір­­ді.

Тұрғындармен жүздесуде соны­мен қатар Исатай мен Ма­хам­бет ауданында жерді мың­да­ған гектарлап алып, оны жеке тұлғаларға оңды-солды сатқан тұрғындардың жауапсыздығы терең­нен талдап айтылды. Депу­тат­тар ауыл арасында отбасының кірісін толтырып отырған төрт түлік малдың ұрылар қолында кетуі жиілеп кетті. Ал заң бойын­ша оларға беретін жаза бұған дейін жеңілдеу болып келсе, енді жаңа заң мал ұрлаушыны да, ұрлан­ған малды тасымалдаушыны да ая­май­тынын айтты. Яғни, жаңа заң бойынша топ болып мал ұрла­ған­­дар мен оны тасымал­дау­шы бол­ғандар 5-12 жылға дейін бас бос­тандығынан айырылатынын және дүние-мүлкі тәркіленетінін хабар­лады.

Тұрғындармен ашық әңгіме кезінде Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындауда Үкімет көптеген іс-шараларды жүзеге асырғанын және ол жобалардың Атырау өңірінде тиянақты жүзеге асқаны туралы айтты. Ғ.Дүйсебаев Жайық жағалауын бекіту, өзен суын молайту, кәріз сору стан­са­ларының құрылыстары тура­лы мәселелердің шешілу жолдары­ның қандай деңгейде тұрғанын қоса хабарлады. Кездесуде Атырау облысындағы мектептердің үшауы­сымды мәселесін шешу жолдары да айтылды.

Ауыл тұрғындарымен бас­қо­су аясында Мәжіліс депу­та­ты Бақытгүл Хаменова көш­пе­лі қабылдауда жекелеген аза­­мат­­тарды қабылдап, ауыл тұр­ғын­дарының атынан мәселе айта келген ауыл ақсақалдары өтініш­те­рін тыңдап, оларға жауап берді. Сайып келгенде, халық өздерін тол­ғандырған өзекті мәселелер Үкімет тарапынан зерделеніп, толықтай шешіледі деген ойда.