Әлем нарығына шыққан америкалық режиссер Майкл Бэй түсірген «Елесті алтау» фильмі кинотеатрларда көрсетіле бастады. Алғашқы көрсеткішінен-ақ ол бірден сынға ұшырады.
Алдымен Түркіменстанда америкалық кинотуындыға наразылық туындады. Олар «АҚШ – түркімен елінің жауы» деп атады.
Ал намысқа тиер фильмді көрген Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов америкалық режиссер Майкл Бенджамин Бэйге Facebook әлеуметтік желісі арқылы өз ойын жеткізді. «Ол Тургистан – Түркістан емес», дейді. «Бұл фильмді көрген әлемнің әр бұрышындағы миллиондаған адам ойдан шығарылған Тургистан мен біздің қала Түркістанды шатастыруы мүмкін. Өйткені екеуінің де айтылуы ұқсас. Сонымен бірге туындыны қызықтаған еліміздің көптеген тұрғыны Түркістан туралы фильм деп қабылдады. Сондықтан айтарымыз, сіздер түсірген кинодағы Тургистан Қазақстандағы Түркістан қаласынан мүлдем бөлек. Біздің Түркістан – туристерді өзіне тартатын тарихи, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра тізіміне енген қала», – деп жазған Рашид Аюпов режиссерді қонаққа шақырды. «Әкім ретінде сізді тарихи шедевр болып саналатын – XVII ғасырдың жұрнағы, заманауи архитектуралық сарайлардың, қонақжайлықтың ортасы және әр суретшінің қылқаламынан шығар сұлу картина болар әдемі табиғаттың үйлесімі тапқан Түркістан қаласына шақырамын. Осы арқылы ойыңызды өзгертетініңізге сенімдімін» деп аяқтаған.
Иә, Түркіменстанның да, Түркістанның да қарсылығы орынды. Тургистан деген атау екеуінің де шамына тигені анық.
Айта кетейік, 2006 жылы жарыққа шыққан Саша Барон Коэн түскен «Борат» фильмі де сынға ұшыраған еді. Онда қазақ журналисі Борат Сағдиевтің Америкаға қалай саяхаттағаны бейнеленді. Қазақстан билігі комедияға наразылық білдіріп, фильмді елде көрсетуге тыйым салған болатын.