Басын алып қашқан басшылық
Басын алып қашқан басшылық
93
оқылды

Соңғы уақытта Қызылорда облысындағы салалық проблеманың күрмеуі көп. Оның ішінде денсаулық сақтау саласында түрлі мәселе бар. Әлеуметтік маңызы бар аурулар тізімінде обыр, туберкулез ауруларымен ауыратын науқастардың саны жыл сайын көбеймесе, азайғаны некен-саяқ. Әсіресе, жүрек-қан тамырлары жүйесінің аурушаңдық деңгейі әлемде ғана емес, өңірде де алғашқы орында. Оған қоса, маман жетіспеушілігі тағы бар. Ал дәрігерлердің кәсібилігі өз алдына бір мәселе. Кейде сол салғырттықтың кесірінен ел арасында түсініспеушілік туындап, мән-жайдың ушығуына әкеліп жатады. Осыған жауап беретін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов басын алып қашады. Қабылдауына жазылсаң да қабылдамай, жиналыстан босамайды. Сонда бұған жауапты кім? Үкімет пе, әлде билік пе?

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Дәрігерлерді қызметінен тыс жұмыстардан және міндетіне кірмейтін артық жүктемеден босату керек. Бұл жұмысты бүгін­­нен бастау керек! Кодекс Парла­мент­тің келесі сессиясының аяғына дейін қабылдауы тиіс» деген еді. Алайда облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметовтің елмен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдауға уақыты тапшы. Қай кезде барсаң да хатшысы «облыстық әкімдіктің жиналысында» деп мүлде есігінен қаратар емес. Екі-үш күн қатарынан барып, 2-3 сағат­тап күтіп, есігін күзетіп кеттік. Хатшысына қатаң тапсырып қойған ба, кім білсін? Бірақ бізді ішке кіргізбеді.

Бір уақытта Жақсылық Әбдусәме­товты аяғының ұшы­мен сырт­қа шығып бара жатқан жері­нен ұстап алдық. «Сізді неше күн­нен бері күтіп жүрмін, мұныңыз қалай?» десек, ол «Сөй­лесетін уақы­тым жоқ, қабыл­­дауыма жа­зыл» деп итеріп жіберіп, шы­ғып кетті. Сонда жиналыс онсыз өт­пегені ме, әлде алдына келген жан­ды бекер қоймағаны ма? Тілші бола тұра бізді көзіне ілмесе, қара­пайым адамдарды есігіне мүлде қарат­пасы анық қой.

Жоғарыда жазылғандай, облыс­­тағы емханалар мен ауру­ха­­на­ларда сала мамандарының же­тіс­­­пеушілігі денсаулық сақтау са­­ла­сының жұмысына кедергі кел­­ті­реді. Бұл ретте Қызылорда об­лы­­сы бойынша бала күтімімен отыр­ған дәрігерлерді есепке алма­ғанда 151 дәрігердің орны бос тұр. Оның басым көпшілігі – аймақ­тық дәрігерлер. Ал кәсіби мамандардың жетіспеушілігі ел арасында қиындық туғызып тұр. Биыл ЖОО-ны бітіріп келген 73 дәрігердің 43-і ауылдық жер­лер­ге жіберілді. Олардың кәсіби­л­і­гіне кім жауап береді? Ал қала­лық емханалардың қызметі – та­ғы «түсініксіз». Бір анализ тап­­сыру үшін 2-3 емхана есігін тоз­­дырып барып, жұмысыңды бітіре­сің. Мәселен, Қызылжарма ауыл­дық округіндегі амбулатория ем­делушілері құжаттарына қа­жет­ті мөр бастырып, сала­лық дә­рігерге көріну үшін №5 және №2 қа­лалық емха­на­лары арасында шапқы­лайды. Меди­цинасы алға өрлеген, халық денсаулығын ал­ғаш­қы орынға қоятын елде мұн­дай «сілтемелі бағыттың» артында жүру – үлкен сын.

Облыс орталығындағы №3 емхананың 37 учаскесінде 26 дәрігер ғана жұмыс істейді. Қалған 11 дәрігердің орны сақ­­тау­­­лы. «Қызылорда облыс­тық ден­­саулық сақтау басқар­ма­сының дере­­гінше, аймақта жыл басынан бергі 11 айда 17 204 бала дүниеге кел­ген. Тиісінше, дәл осы мерзім ара­лығында 1 жасқа толмаған 163 нәрестенің туу туралы куә­лі­гі қайтыс бол­ға­ны туралы анық­­тамамен ауыс­тырылған. Жас­қа дейінгі нәрес­те­лердің шеті­неуі­не көбіне олар­­дың шала туы­луы себеп бол­ған. Көрсеткіш бо­йын­ша 83 пайызы мерзімінен бұрын туғандар болса, 56 пайызы 500 грамм салмақпен дүниеге кел­ген­­дер. Мұндай салмақпен туған балаларды аман алып қалу бұрын 30 пайызды құраса, бүгін­де 55 пайызды көрсетіп отыр.

Бұл-бұл ма? «Байқоңыр» қала­сы­нан Қызылорда қала­сын­дағы «Ана мен бала» орта­­лығына боса­нуға келген Айгүл Қанатбаеваның «кесар» тілігі­мен 6 см қуығын тіліп жіберген. Ауыр халдегі жас босанған келіншек отыра ал­майды, не туған баласын қолына ұстай алмай безек қағады. Бір айға жуық ауруханада жатып ем­делді. Қуығы іріңдеген күйін­де Бай­қоңырға қайтып, дәрігерге қайта көрініп, зорға дегенде жазыл­ған. Мұның бәрі білікті, білгір дәрігер Күләш Бүркіт­баева­ның жасаған отасы­ның кесірі еді. Тіпті, дәрігер өзінің істеген қатесі үшін Айгүл Қанатбаевадан хал-жағдайын біл­мек түгілі, кешірім де сұра­маған. «Ұлық болсаң, кішік бол» деген осы емес пе?

Дәрігерлердің жұмысына халық­тың көңілі толмай жатады. Бірі жауапсыз деп сынаса, енді бірі кәсі­би маман емес деп кінәлайды. «Айт­паса сөздің атасы өледі» демек­ші, осындай жағдайлар шаш етектен. Мыса­лы, облыстық жұқпа­лы аурулар ауруханасындағы емделушілер жататын жер таппай, аурухана­ның коридо­рын­да, кіш­кен­тай балалар жерде жатыр. Енді мұны қалай түсінуге бола­ды? Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы қа­ша­нғы жиналыстарда жүре бер­мек, өзінің жұмысына көңіл бөліп, халықтың мұң-мұқтажын тыңдай­тын уақыт жеткен жоқ па?

 

Миуа БАЙНАЗАР,
Қызылорда облысы