«Ауқымды гастрольдер» бағдарламасы аясында Нұр-Сұлтан қаласына гастрольмен келген Ресейдің Евгений Вахтангов атындағы театры «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында елорда тұрғындары мен қонақтарына А.Пушкиннің «Евгений Онегин» романынан көріністер мен А.Чеховтың «Дядя Ваня» спектаклін ұсынуда.
«Біз 2 жыл бойы Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігімен келіссөздер жүргіздік. Мәдениет және спорт министрі Мәскеуге келіп, «Евгений Онегин» спектаклін көргеннен кейін ісіміз алға жылжыды. 9 қаңтарда осы керемет театрда бірінші спектаклімізді қойдық. Осы жылғы гастрольдің бәрі біздің театрдың 100 жылдық мерейтойына арналады. Бізге осы елге келген ұнады және келесі жылы да қуана келеміз. Біздің жұмыс – спектакль көрсетіп, гастрольге шығу», – дейді Евгений Вахтангов атындағы мемлекеттік академиялық театрдың директоры Кирилл Крок баспасөз конференциясында.
Туристік қызметті қолдау бойынша Федералды орталықтың бас директорының орынбасары Владимир Черкасов аталған орталықтың 2016 жылдан бері қазақстандық театрлармен ынтымақтасып келе жатқанын атап өтті.
«Біз шетелдік бағдарламаны 2015 жылдан бері жүзеге асыра бастадық. Сол сәттен бастап Қазақстан біздің белсенді серіктесіміз болды. Бағдарлама жақын шетелдердегі орыстілді театрларды қолдауға бағытталған», – деді Владимир Черкасов.
Айта кету керек, Қазақстанмен ынтымақтастық туралы Евгений Вахтангов атындағы театрдың алғашқы серіктесі Алматыдағы М.Лермонтов атындағы орыс драма театры болды. Өткен жылдан бастап Нұр-Сұлтан қаласы да бағдарламаға енді.
Қ.ЖҰМАДІЛ