Ойын алаңы ма әлде үй құрылысы ма?: Көкшетауда тұрғындар балалар ойын алаңы үшін шу шығарды
Ойын алаңы ма әлде үй құрылысы ма?: Көкшетауда тұрғындар балалар ойын алаңы үшін шу шығарды
183
оқылды
Көкшетауда Бауыржан Момышұлы 58 а мекенжайында бірнеше айдан бері балалар алаңы үшін тартыс жүріп жатыр. Үй тұрғындарының айтуынша, ауласындағы балалар ойын алаңы тұрған жер бірнеше мәрте аукционға түсіп сатылған. Балалар футбол ойнайтын бұл алаңға енді құрылыс басталып, көп қабатты үй салынбақ көрінеді. Тұрғындар дабыл қағып, бірнеше мәрте қала әкімдігінің есігін тоздырған. Осыдан бір-екі ай бұрын аулаға қала әкімінің бұрынғы орынбасары Ербол Төлеуов келіп, тұрғын үйдің салынбайтынын алға тартқан. Әкім орынбасары қаланың құрылыс кеңесі ғана тұрғын үй салуға рұқсат беретінін, алайда кеңестің бұған рұқсат бермейтінін айтқан. Халық разы болып едәуір тыныштанған еді. Дегенмен, бүгінгі таң азаннан Момышұлы 58а үй тұрғындарының ұйқысы бұзылды. Үйдің ауласына кран келіп, балалар ойын алаңын сүріп тастамақ болған. Бірақ тұрғындар кранның алдына кес-кестей шығып, құрылыстың салынуына қарсы шықты. Тұрғындардың айтуынша, бұл үйге жақын маңдағы үйлердің кішкентай балалары күн сайын ойнауға келеді. Сондықтан, ата-аналар  бұл балалар алаңының бұзылмауы үшін бәріне дайын екенін білдірді. «Біз артық ештеңе сұрап отырған жоқпыз. Бізге осы бес қабатты үйде алаңсыз тұрғанымыз керек. Балаларымыз осы алаңда ойнайды. Көрші балалар да келеді. Басып өтсеңдер, өтіңдер! Біз адам емеспіз ғой... Қазір ақшасы бар, байланысы бар адамдар ғана – адам! Ал бізде оның бірі де жоқ. Мұнда неге полициямен келесіздер? Кімнен, біз сияқты қарапайым тұрғындардан, балалардан қорғамақсыздар ма? Біз қарапайым адамдармыз. Біздің балаларымыз осы алаңда ойнайды. Көрші үйлердің де балалары келеді. Жаңа үй бізге күн сәулесін де басып тастайды. Бізге артық жәрдемақы төлеңіз деп отырған жоқпыз.  Күн сәулесінен ажыратпаңыздаршы. Бұл солтүстік өңірде жарты жылға жуық күн сәулесі жөнді түспейді ғой... Мұнда үй сыймайды да ғой. Көлік тұратын орын да жоқ», – дейді тұрғындар. Үйдің ауласындағы алаңды кәсіпкер аукцион арқылы сатып алған. Сот ауланы сүру туралы шешім шығарған. Бірақ, тұрғындар әкімдік қызметкерлерін айғаймен қарсы алды. Қол ұстасқан тұрғындар жанұшыра дауыстап, балалар алаңын сүруге жол бермейтіндіктерін жеткізді. «Балаларымыздың басқа жаққа барып ойнайтын жер іздеп жүргенін қаламаймыз. Біздің барлық коммуникацияларды бүлдіретін болды. Жиырма жылдан артық болмаған балалар алаңы салынып, ауламыз енді ғана жөнделген. Енді бұдан да айырылмақпыз. Қазір қарасаңыздар мұнда көліктер тұр. Қазірдің өзінде сыймайды, кешке келгенде қоятын орын таба алмаймыз. Ал егер үйдің алдына үй салынса, оған көлік қоятын автотұрақты қай жерден алмақ? Кемінде отыз көлік сыятын автотұрақ болуы керек қой. Ақылға сыймайды», – дейді тұрғындар. Ал шаhар әкімдігінің тиісті бөлімі сот шешімін орындауға міндетті екенін айтып ақталған болды. «Бүгін біз Момышұлы 58а үйдің ауласында тұрмыз. Біз сот шешімін орындауға келдік. Бірақ өздеріңіз көріп отырғандай тұрғындар ауланы сүруге жол бермей кес-кестеп тұр. Сот шешімі бойынша алаңға демонтаж жасалып, ол толықтай босатылуы тиіс. Біз сот шешімін апелляцияға бердік. Дегенмен меншік иесі сотта жеңіп, біз сот шешімін орындауға мәжбүрміз. Бірақ, кранның алдына адамдар шығып тұрып алғандықтан тоқтатуға тура келді. Мұнда міне, полиция, сот орындаушылары да келіп тұр», – деді Көкшетау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Юрий Шидловский. Тұрғындарға прокуратурадан, қала әкімдігінен осыған дейін ешқандай құрылыстың болмайтыны айтылып, хат та келіпті. Тұрғындар оның бәрін ашық көрсетіп берді. «Біз әлеуметтік желілерде біреудің атынан кіріп жүріп пәле іздеп жүрген жандар емеспіз. Біздің мына хатта барлық тұрғындардың тірідей қолдары қойылған. Бірақ соған қарамастан, біздің ойын алаңын бұзғалы отыр», – дейді тұрғындар. Аталған мәселе бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақмола облысы бойынша филиалы да өздерінің пікірлерін білдірді. «Қазіргі уақытқа дейін «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесі сот шешімін орындамай келеді. Қазақстан Республикасының Конституциясының 76-бабының 3-тармағына, ҚР азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес сот шешімі Қазақстан Республикасының барлық аумағында міндетті күші бар және барлық заңды және жеке тұлғалар, оның ішінде мемлекеттік органдар да оны орындауға міндетті. Мұнымен қоса, «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» заңның 128-бабына сәйкес сот орындаушының заңды талабы да барлық мемлекеттік органдар, өзін-өзі басқару органдары, заңды және жеке тұлғалар үшін орындалуы міндетті. Палата сарапшыларымен болған жағдай толықтай зерттелді. Біз жеке кәсіпкер «Ж.М. Асанованың» заңды құқықтары мен мүдделері бұзылуына жол берілген деп санаймыз. Бұл жолы Көкшетау қаласының сот шешімдерін орындайтын аумақтық бөлімінде өткен жылдың 30 қыркүйегінде қозғалған атқарушылық іс жүргізу құжаты болып тұр. Онда Көкшетау қаласы, Б.Момышұлы көшесі 58/1 мекенжайында орналасқан жер учаскесін рұқсатсыз иеленген жер талап етіліп отыр», – дейді Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Тәңірхан. Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше өткен жылдың 12 қазанында сот орындаушылары борышкерге сот шешімін ерікті түрде орындау туралы хабарлама қалдырған. Алайда, сот шешімін борышкер орындамаған. Ал 22 қазанда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 669-бабымен әкімшілік хаттама толтырылып, ол Көкшетау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданған. Соттың 2020 жылдың 4 қарашасындағы қаулысымен Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 30 айлық есептік көрсеткіш яғни 83340 теңге мөлшерінде айыппүл салынған. Ал жоғарыдағы заңның 104 -бабымен 25 қарашада сот орынаушысы мамандандырылған экономикалық сотқа мемлекет кірісіне өсімақы өндіру туралы ұсыныс берген. Дегенмен, тұрғындар соңына дейін күреспек ниетте. Тұрғындар бума құжаттарының арасынан соңғы мәрте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазғандарын да көрсетті. Әзірге мәселенің қалай шешілетіні белгісіз... Тұрғындар аулада отырып, көлікті үстінен өтсе де міз бақпайтындарын айтып отыр... https://www.youtube.com/watch?v=sYK3uihffOY&t=271s

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы