Әскерилер АҚШ-тың Ирактағы базаларына шабуыл жасалатыны туралы екі сағат бұрын білген - БАҚ
Әскерилер АҚШ-тың Ирактағы базаларына шабуыл жасалатыны туралы екі сағат бұрын білген - БАҚ
133
оқылды

Ирак әскерилерге шабуыл болатынын алдын ала ескерткен

Ирактағы Айн-әл-Асад әуе базасындағы АҚШ әскери күштері Иранның әуе соққысын дайындап жатқаны туралы алдын ала білді. Бұл оларға шабуылдан екі сағат бұрын қорғанып үлгеруге мүмкіндік берді, - деп хабарлайды CNN. Арнаның хабарлауынша, төрт дүркін зымырандық атудың алғашқысы 8 қаңтарда жергілікті уақыт бойынша сағат 01.30-дан кейін басталған. Бұл уақытқа дейін әскери қызметшілердің көпшілігі базадан кетті немесе бункерлерге паналады. Шабуыл екі сағатқа жуық уақытқа созылды, соққылар тек АҚШ әскери күштері орналасқан әуе базасының бір бөлігіне жасалды. Арнаға сұхбат берушілердің айтуынша, зымырандардың бір бөлігі әскери пана болған бункерлерден бірнеше метр қашықтықта құлаған. Fox News әскери ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып, Ирак әскерилерге шабуыл болатынын алдын ала ескерткенін айтады. Арнаның хабарлауынша, Бағдад бұл ақпаратты Тегераннан алған. Иран Иракты қарапайым азаматтардың зардап шекпеуі үшін алдын ала құлақтандырыпты.

Еске салсақ, 8 қаңтарға қараған түні Иран Ирактың батысындағы және Эрбилдегі АҚШ-тың Айн-әл-Асад базаларына жер үсті зымырандарды жіберді. АҚШ президенті Дональд Трамптың айтуынша, шабуыл нәтижесінде ешкім зардап шеккен жоқ, ал базалар елеусіз шығынға ұшыраған . Шабуыл үшін жауапкершілікті Ислам Революциялық Сақшылар корпусы (IRGC) мойнына алды, ол өз әрекеттерін генерал Касем Сүлейманийдің өліміне жауап деп атады. Америка Құрама Штаттары американдық нысандарды атқылауға жауап ретінде Иранға қосымша экономикалық санкциялар салды.