«Ойын алаңына үй салына ма?» – Aikyn.kz жазған мәселеге Көкшетау әкімдігі жауап берді
«Ойын алаңына үй салына ма?» – Aikyn.kz жазған мәселеге Көкшетау әкімдігі жауап берді
5,124
оқылды

Көкшетау қаласының әкімдігі «Ойын алаңы ма, әлде үй құрылысы ма?» деген мәселеге байланысты ресми түсініктеме берді, – деп хабарлайды «Айқынның» тілшісі.

Жер учаскесі бұл жерде көпқабатты тұрғын үй салуға ниеттенген жеке тұлғаға тиесілі. Қалалықтар бұл жолы өз мүддесі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, кранның алдына шығып тоқтатқанымен, іс әлі мұнымен бітпеді.

Қала әкімдігі аталған жәйтқа байланысты «Айқынға» арнайы пікір білдірді.

«Тұрғындардың шағымына 2008 жылы жер учаскесі алғаш К.Сәрсенбаевқа ұсынылудан басталған. 2017 жылы сату-сатып алу келісімшарты бойынша жер учаскесін И.Иманов сатып алған. Ал 2016 жылы жоғарыда аталған жер учаскесі иесінің келісімімен, сонымен қатар, жақын маңдағы үйлер тұрғындарының өтінішімен бұл жер учаскесіне балалар спорт алаңы салынды. 2019 жылы жер учаскесін мақсатты арналуы бойынша көпқабатты тұрғын үй құрылысын салу үшін қолдану мақсатында Ж.Исанов сатып алған. Көкшетау қаласының әкімдігі аталған үйлер тұрғындарының пікірін тыңдап, сотта осы спорт алаңын алып қалуға тырысты. Алайда, сот шешімімен Ж.М.Исанованың «Көкшетау қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» мемлекеттік мекемесіне бөтеннің заңсыз иелігінен мүлікті талап ету туралы талап арызы қанағаттандырылды. Қазіргі уақытта осы бөлімнің басшысы Юрий Шидловскийге сот шешімін орындамағаны үшін қылмыстық іс қозғалды», – деді.

Естеріңізге сала кетсек, кеше Көкшетау қаласындағы Бауыржан Момышұлы 58а мекенжайындағы футбол алаңын бұзуға келген кранның алдын тұрғындар кес-кестеп, алаңды бұзуға жол бермеді. «Айқын» бұл мәселені алдағы уақытта ұдайы назарда ұстайды.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы