Оралда ер адам жігіттерді пышақтап өлтірді

Оралда ер адам жігіттерді пышақтап өлтірді

Оралда көпқабатты үйдің алдында болған төбелестен зардап шеккендердің тағы біреуі көз жұмды, деп хабарлады «Астана»  телеарнасы.

Қанды оқиға 6 ақпанда болған. Көпқабатты үйдің тұрғындары болған оқиғаны әлі ұмыта алмай жүр. Бірнеше жігіт көпқабатты үйдің алдындағы алаңда ішімдік ішкен. Олардың шуына шыдамаған көршілердің бірі шығып, ескерту жасаған. Оны басқа пәтер тұрғыны қолдаған. Нәтижесінде ер адамдар сөзге келіп қалып, төбелес басталған. Төбелес кезінде ер адамдардың бірі пышақ алып шығып, жас жігіттерді пышақтаған.
«Мен шуды естіп, сыртқа шықтым. Жас жігіттер төбелесіп жатты.  Біреуі жан тапсырыпты, екіншісі көмек сұрап айқайлады. Мен полиция шақырдым, олар бес минуттан соң келді. Олар менен есікті жабуды талап етті», – дейді Орал тұрғыны Гүлбақша Бикенғалиева.
Үш адам жарақат алған. Олардың бірі 23 жастағы жігіт қансырап жатты. Куәгерлердің айтуынша, оның сау жері қалмаған. Ол жедел жәрдем келгенше көз жұмған. Екіншісі ауруханаға жеткізілгенімен, бірнеше күннен соң қайтыс болды. Күдікті ұсталды. Оның бұрын бұзақылық үшін сотты болғаны белгілі болды.
«Адам өлтіргені үшін қаланың 27 жастағы тұрғыны ұсталды. Қазір ҚР ҚК 99 бабы "Адам өлтіру"  бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Екі және одан да көп адамды өлтірген қылмыскер 20 жылға дейін сотталуы мүмкін», – деді БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекші маманы Мөлдір Садырғалиева.