Заңдар да «карантинге» ілігеді
Заңдар да «карантинге» ілігеді
154
оқылды

Қазақстанда заң қабылдау тәжірибесіне өзгеріс енгізіледі: енді жаңа заңдар 60 күндік өзіндік бір «карантиннен» өтпек. Нақтылай кетсек, егер заң азаматтарға немесе бизнеске жаңа міндеттер жүктейтін болса, ол толыққанды күшіне енуі үшін кем дегенде екі ай немесе 60 күнге созылатын арнайы «өтпелі кезең» белгіленуі керек. Бұл уақыт ел енгізілген өзгерістердің мәнін түсініп, асықпай өз жұмыстарын жоспарлау үшін беріледі. Мұндай өзгерістер Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Сенат отырысында мақұлданды.

Бұл жаңалықтар сенаторлар қабылдаған және Мемлекет бас­шысына қол қоюға жіберілген заңда көрсетіліп отыр. Заң қа­былданғаннан кейін кез келген азаматтың заң жобаларын тал­қылауға қатысуына мүмкіндігі болады, ал заңдардың өзі сапалы болады деп күтілуде. – Осы құжат қоғамның заң шығару процесіне белсенді қа­­­тысуын қамтамасыз ету үшін қо­сымша құқықтық негіздер қа­­лыптастырады. Сондай-ақ онда әзірленетін заңдардың сапасын арттыруға, олар бойынша жүйелі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және қабылданған заңдардың орындалуын бақылауға арналған тетіктер анықталады, – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Ең бастысы, азаматтар заң жо­­баларын талқылауға оны құрудың алғашқы кезеңдерінде қатыса алады. Ол үшін заң жобасының тұжырымдамасын дайындаудың алдында құжаттарды әзірлеу ке­­зеңі енгізілген. Бұл кезеңде қоғам өкіл­дері, сарапшылар мен заң жобасы бастамашыларының бір­лескен жұмысынан кейін проб­­лемалар мен оларды шешу жол­дарын сипаттай­тын құжат жаса­лады, ал ол заң жо­басының негі­зіне айналады. Сенаторлар жалпы отырыста талқылай келе, уран туралы заңды Мәжіліске қайтарды. Уран кен орындарын игерушілер бұдан бы­лай заң жүзінде өз жұмысының зардаптарын жою жоспарларын алдын ала ойластыруға міндетті болады. – Уран – стратегиялық ши­кізат және оны өндіретін қорларды есепке алу еліміздің отын-энерге­­­­­тикалық кешенін дамытуды белгі­лейді. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар жер қойнауын пай­­­да­­ланушылардың келі­сім­шарт­­тағы міндеттемелерді орын­дау сапасын арттыруға және уран өнді­ру жөніндегі жобалау құ­жаттары туралы ережені жетіл­діруге мүм­­­кіндік береді, – деді сенатор Е.Сұл­­танов. Бұдан басқа, егер жете бар­­­­лау­дан кейін кен орнындағы қордың көлемі көп екені анықталса, онда жер қойнауын пайдаланушылар өз кірістерінің бір бөлігін өздері игеріп жатқан өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағыт­­­тауға міндеттелмек. Сенат депутаттары осы өзге­­рістерді құптады. Сонымен бірге бірқатар қосымша түзетулер ен­­гізу туралы шешім қабылдады. . Осылайша, сенаторлар өз тү­зетулеріне келісімін алу үшін заң жобасын Мәжіліске жіберді.

Елдос СЕНБАЙ