Кедейлікті ауыздықтау жолын ұсынды
Кедейлікті ауыздықтау жолын ұсынды
113
оқылды

Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясы мүшелері Ерлан Саиров, Елнұр Бейсенбаев және Юрий Жулин Қазақстандағы кедейлік проблемасын ауыздықтау жөнінде Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Ерлан Саиров Facebook-тегі парақшасында жазды.

– Ресми деректер Қазақстанда күнкөріс деңгейі төмен азаматтар­дың саны 1 миллион 65 мың адам­нан асқанын көрсетеді. Өткен жыл­мен салыстырғанда, кедейлік деңгейі 21пайызға өсіп отыр. Ха­лықтың кедейлігі – ұлттық қауіп­сіздікке тікелей кері әсер ететін басты проблема. Аса өзекті мәселе – ауылдағы кедейлік. «Nur Otan» партиясы әлеуметтік мұқтаж адамдар мәсе­лесін экономикалық тұрғыда шешу маңызды деп есептейді. Бұл мә­селені шешудің оңтайлы әдісі әл-ауқаты төмен азаматтарды микро­кредитпен қамтамасыз ете отырып, адамдардың бизнес-сауатын арт­тыру. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Үкіметке берген тапсырмасында микрокредит   проблемасына  баса назар аударды. Енді  мәселені Үкі­мет қалай шешеді деген сұрақ туады. 1. «Еңбек» бағдарламасының несиелендіру бағыты бойынша 2020 жылы ауыл тұрғындарына 43,3 миллиард теңгеге 11 294 жуық не­сие берілді. Осы бағдарлама аясын­дағы биылғы жылдың бюджеті 20 миллиард теңгені ғана құрап отыр. Яғни, биыл шағын несие алушылар саны 5 200-ге азаяды. Пандемия кезінде Ұлттық экономика және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің  кері позициясы бізге түсініксіз. 2. Микрокредиттеудегі басты проблема – кепілзат мәселесі. Бұл проблеманы несиеге кепілдік беру механизмін енгізу арқылы нақты шешетін уақыт жетті. 3. Биыл «Атамекен» ҰКП және жергілікті әкімдіктердің қаты­суымен шағын несие ұйымдарын ашу жоспарланып отыр. Ниет дұрыс, бірақ өзінің тиімділігін көрсете білген, оңтайлы жұмыс істеп тұрған, 10 жыл шағын несие беру тәжірибесі бар ауыл шару­ша­лығын қаржылай қолдау қоры не себепті жабылмақ? Мемлекет, қа­рапайым халық мүддесі тұрғысынан қорды сақтау қажет! Өйткені өздері қиналып отырған ауылдағы ұсақ шаруалар мен зәру адамдар қаржы көзінен мүлдем қағылу қаупі басым. 4. Ауылда микробизнесті да­мытудың басты аспектісі – тұтыну және қызмет көрсету коопера­тивтерін құру. Халықаралық тә­жірибеде бұл кооперативтер өнімді өңдеу, өткізуге көмектесу, ветере­нария, мал азығын дайындау, озық білім таратумен айналысады. Осындай кооперативтерді, әсіресе шалғай елді мекендерде құру өте өзекті. 5. Шалғай елді мекендерге ар­зандатылған микронесие жет­кізудің де инфрақұрылымын жасау маңызды. Банктер мен микро­кре­дит ұйымдары қала жанындағы елді мекендерді ғана қамтиды. Алыстағы ауыл арзан несиеге зәру, жеткізетін амал жоқтың қасы. Бұл жөнінде де Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «бірнеше аймақта «егістіктен сө­реге дейін» кооперациялық тізбек» жасау жөнінде Үкіметке нақты тап­сырма берген. Осы бастама бойын­ша 2 миллион ауыл тұрғынының кірісін өсіру қарастырылған. Бү­гінде бұл тапсырма формальды орын­далды, қаржы көзі зәру адам­дарға жетпеді деген пікір бар. Ауыл­шаруашылық министрлігі осы бастама бойынша, қанша зәру адамға нақты көмек көрсетілді де­ген есеп бергені абзал. Бізге әрбір адам­ның тағдыры қымбат. Сон­дық­тан осы мәселені заңда белгіленген мерзімде қарастырып, жауап бе­руіңізді сұраймыз, – деп жазылған депутаттық сауалда.

 Әбілмансұр ЖАСАН