Ипотека рейтингі: табысымыз баспанаға жетпейді
Ипотека рейтингі: табысымыз баспанаға жетпейді
128
оқылды

Қазақстан әлемде ипотекасы қолжетімді емес елдің бірі саналады. Мұны халықаралық ұйым растап отыр. Property Prices Index by Country рейтингіне сәйкес, Қазақстан 109 елдің арасында ипотеканың қолжетімділігі жөнінен тек 74-орын алып, тізімнің соңғы жағына орналасты. Сарапшылардың айтуынша, қымбат ипотека баспанасыздық проблемасын ушықтыруда. Бұл мәселені, тіпті зейнетақы жинағының бір бөлігін баспана жағдайын жақсартуға беру де шеше алмады.

Палестинаға да тең болмадық

Жаһандық рейтингте көшті Сауд Арабиясы бастады: онда ипо­тека халықтың орташа табысының небәрі 18,9%-ына тең. Ал «қол­же­тім­ділік индексі» ең жоғары – 5 бал. Екінші орында Пуэрто-Рико тұр: мұнда ипотеканың арзандығы сонша, оны алған жергілікті тұр­ғындар өз табысының әрі кеткенде 27,8%-ын ғана береді. Үштікті тұйықтаған АҚШ-та тұрғын үй заемы табысқа шаққанда 29,4% ғана болды. Бестікке кірген Бірік­кен Араб Әмірліктерінде бұл көр­сет­кіш – 36,4%, Данияда – 39,2%. Кейінгі төрт елдің қолже­тім­ділік индексі 3,5-2,5 балға жеткен. Қазақстанда азаматтардың та­бысы өз ипотекасын өтеуге жет­пейді: гарант, яғни қосымша ке­пілгер тартуға тура келеді. Оның үстіне, ипотека қымбат. Нәтиже­сінде, елімізде тұрғын үй кредиті халықтың орташа табысына шаққанда 147,9%, қолжетімділік индексі бар-жоғы 0,68% болды. Осы көрсеткіш бойынша Қа­зақстан дамыған елдер түгіл кенже дамыған елдердің соңынан шаң қауып қалды. Мысалы, ұдайы Израильдің қысымында өмір сүруге мәжбүр Палестина 11-орын­ға, Балтық жағалауы елдері, атап айтқанда  Латвия – 19, Эстония – 24, Литва 32-орынға жайғасты. Әрине, ТМД кеңіс­тікгіндегі кейбір елдер бізден кейін орналасқан. Әзербайжан – 82, Украина – 91, Армения – 93, Беларусь – 96, Қырғыз Респуб­ликасы – 98, Өзбекстан 102-орын­да. Бірақ бұл, тіпті де қуанатын не жұбанатын жайт емес. Егер өзі­мізден төмен тұрғандарға қарап бой түзесек, тек құлдырай бер­мекпіз. Онда бұл һәкім Абай айт­қандай, «қазақты оңдырмай жүр­ген бір қуаныш, бір жұбанышқа» айналмақ. Property Prices Index дерегінше, Қазақстанда азамат жалпы ауданы 90 шаршы метр болатын жеке үйді не пәтерді 20 жылға ипотекаға алса, ай сайынғы төлем мөлшері отбасының ай сайынғы табысынан шамамен 1,5 есеге асып түседі. Банктер несие бергенде отбасы­дағы мүше санын есепке алады: оларды асырауға қажетті белгілі бір соманы қарыз алушының та­бысынан шегеріп тастайды. Сал­дарынан, көптеген адамның ипо­тека бойынша өтінішін банктер қанағаттандырмай тастайды. Осы­ның кесірінен, мемлекеттің «7-20-25», сондай-ақ «Баспана хит» бағ­дарламаларының критерий­ле­ріне толық сәйкес келген мың­даған адам банктен меселі қайтып, тұрғын үй заемын ала алмай жүр. Кейбір азамат бұдан шығар жолды өзінше іздеуде. Мысалы, отбасы мүшелерін асырау сомасы есепке кірмеуі үшін «жалған» ажы­расып жатқандар кездеседі.

Ресей қалай озып кетті?

Мына жайт назар аудартады: көрші Ресейде біздегідей «Баспана», «7-20-25», «Шаңырақ» «5-10-20» се­­кілді арзандатылған мемлекеттік ипотека бағдарламалары жоқ. Бірақ соның өзінде ипотека азаматтардың орташа табысының 30,3%-ынан аспайды. Бұл қалай? Біріншіден, федералдық деңгейде бірыңғай ірі бағдарлама болмағанымен, тұрғын үйді қолжетімді етудің сан алуан озық бағдарламалары барлық өңі­рінде іске қосылған. Екіншіден, көршіде банк саласы дәл біздегідей монополияланбаған. Мәселен, Қазақстанда қазір 26 банк қана қалды. Оның тек 14-і ғана қуатты саналады. Қалғаны жабылып тынуы ықтимал. Ал РФ-да мемле­­­­кеттік мәртебесі барларын қос­­­­пағанда, 372 ірі коммерциялық банк қызмет етуде. Оның әрқайсысы клиент үшін күресіп, тиімділігі жө­­нінен бірінен бірі өтер өте тартымды ипотека ұсынады. Үшіншіден, Ресейде баспана ар­­зан. Себебі құрылыс материал­­дарының бәрін өзінде шығарады. Нәтижесінде, қоныс аударған қа­­зақстандықтар арасында аса та­нымал, 1 миллионнан астам тұр­­ғыны бар Новосібір, Омбы секілді мегаполистерінде 1 миллион рубль­­ге (5,6 миллион теңге) 2-3 бөлмелі жаңа үй сатып алуға болады. Қазақстанда да тұрғын үй құ­рылысы қарқынды жүруде, мысалы 2021 жылы 17 миллион шаршы метр баспана салынады деп күтілуде. Алайда пәтерлер бағасы қымбат және одан әрі шығандауда. Индус­­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс материалдары нарығына талдау жүргізді. Сонда отандық өндірушілер тек 10 аталым бойынша ғана ішкі нарықтың қа­­­жеттілігін толығымен өтейтіні анық­­­талды, бұлар – темірбетон бұйымдары, құрғақ қоспалар, қа­­­бырға блоктары, кірпіштер және басқасы. 11 өнім түрі бойынша отан­­­дық кәсіпорындар сұраныстың шамамен 50%-ын қанағаттандырып отыр: оған жылу оқшаулау, про­флисттер, пластикалық құбырлар секілділер жатады. Қалғанын, тіпті ең қажетті линолеум, түсқағаз, сан­техникалық жабдықтар, лифт және басқасын шетелден тасуға мәжбүр. Ресейлік қаржыгер, экономист, «Московские партнеры» инвес­­­­ти­циялық тобының президенті Ев­гений Коганның түсіндіруінше, қазір Ресей нағыз «ипотекалық бумды» бастан кешуде. «Әрине, ресейліктер табы­­­­­сы­ның күрт құлдырауы және бері­­­ліп жатқан жеңілдікті ипотека кө­­­ле­­­мінің күрт артуы түптің түбінде кі­­­­діріп барып жарылатын бомбаға айналуы мүм­­кін. Мысалы, Frank RG сарап­­­тама агенттігінің ақпа­­­рынша, өткен жы­­лы Ресейде банк­­­тер берген тұрғын үй заемының көлемі 75%-ға өсті. Шыр­­­­қау шегі қыркүйекте тіркелді: бір айда 180-185 мың осындай несие бе­­­­­­ріл­­ген. Оның басым көпшілігі – 146 мың­дайы жылдық мөлшерлемесі 6,5% және одан төмен болатын жеңіл­­­­­дікті ипотека», – дейді Е.Ко­ган. Мұндай арзанқол ипотека қа­­зақстандықтар үшін арман ғана. Бізде «Шаңырақ» бағдарламасы аясында әлеуметтік аз қам­­тыл­ған­­дарға берілетін ипотеканың мөл­­­­шерлемесі 5 пайыздан жоғары. Ал Ұлттық банктің еншілес ұйымы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ ұсынатын «Баспана хит» мем­бағдарламасының ипотекасы 10,75%-бен беріледі. Онда неге Ресейде ипотека арзан? Осыдан 6 күн бұрын «Ресей Банкі» базалық мөлшерлемені жылдық 4,25% деңгейінде белгіледі. Тиісінше, банктер осыған шамалы өз үстемесін қосып, клиенттеріне арзан тұрғын үй заемын ұсына алады. Қазақстанның Ұлттық банкі биылғы 25 қаңтарда базалық мөл­­шерлемені жылдық 9% деңгейінде қалдыру жөнінде шешім қабылдады. «Себебі жылдық инфляция 2020 жылы 7,5% болды. Соның ішінде май, жұмыртқа, қант және көк­өністердің айтарлықтай қымбаттауы нәтижесінде азық-түлік инфля­циясы 11,3%-ға дейін шығанда­­­ды», – деп түсіндірді ҰБ Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті. Басқаша айтқанда, бізде бірде-бір коммерциялық банк 7,5%-дан (+банк үстемесі) арзан ипотека бере алмайды. Ұлттық банк те инфляция түспей, базалық ставканы төмен­­детпейді. Сондай-ақ теңгені деваль­­­вациялаудан қорғау үшін де Ерболат Досаевтың ұжымы осы көрсеткішті биік ұстауға мәжбүр.

Қашан ипотека қолжетімді болады?

Оның арзандауын кем дегенде бес жыл күтуге тура келетінге ұқ­­­сай­ды. Биылғы 26 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев инфляцияны төмендетуді және оны енді көтерілместей, төмен деңгейде түпкілікті орнықтыруды, сонымен бірге халық пен бизнес тарапынан инфляциялық және девальвациялық күтулерді азайтуды (жұртшылық ва­лю­та, тамақ не дәрі алуға жапа-тармағай жүгіріп, дүрлігіс жасаған сайын баға мен инфляция  көтері­­­леді) – «ақша-несие саясатын жұм­­­сарту үшін маңызды шарт» деп атады. Мемлекет басшысы Үкімет пен Ұлттық банкке инфляцияны 2021-2022 жылдары 4-6% дәлізіне қайтару міндетін қойды. Ал 2025 жылы инфляция 3-4%-ға дейін төмен­­детілуі тиіс. Билік осыған қол жет­кізсе, екінші деңгейлі банктердің өзі ешқандай «Шаңырақ» бағдар­­­лама­сынсыз, кез келген адамға 5-6 пайыз­­бен ипотека бере бастамақ. Әзірге банкирлер елде инфля­цияның бәсеңдейтініне, деваль­­вацияның болмайтынына сенбейді. Тиісінше, осы тәуекелдің бәрін несие мөлшерлемесінде ескереді. Сөйтіп, ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесі 15%-дан 23%-ға дейін жетеді. Демек, 25 жылға 15% мөлшерлемемен алса, борышкерге екі үйдің құнын төлеуге тура келеді. «Бүгінде дамыған және озық дамушы елдерде қаржылық рет­­теушілер төменгі базалық ставканы сақтау саясатын жүргізуде. Оның берер бірегей мүмкіндіктері мол. Бұл ұлттық бизнестің дамуына, елдің әл-ауқатын көтеруге, эконо­­­­миканың өсуіне ықпал етеді. Санк­циялық соққы астында қалған Ресей осының арқасында эконо­­­микалық терең дағдарыстан аман қалды, кәсіпкерлік күйреген жоқ. Ипотека құны бұрын-соңды бол­­маған тарихи минимумге құлды­рады. Бүгінде бізде тұрғын үй несие­сінің орташа мөлшерлемесі 7,16% ғана. Бұл осыған дейін үй жалдап, бөтен адамға бар ақшасын беріп келген тұрғындарға баспана сатып алып, ұқсас соманы ипотеканы өтеуге беруіне жол ашты. Банктер де бірлескен акциялар ұйым­­­дас­тырып, клиенттерге татымды, тар­тымды ұсыныстар ұсынуда», – дейді экономист Евгений Коган. Дегенмен ол елдің ипотекаға елігуінің теріс жағы да барын ескертеді. «Біріншіден, азаматтардың көбі ипотека алғанда баспананың баға­сын ғана назарға алады. Сал­дарынан жөндеу жүргізуге, жиһазбен жаб­дықтауға және басқа шығын­дарға қаражаты қалмайды. Оны өтеу үшін банктерден тұтынушылық кредит алатындар көп. Екіншіден, панде­мияның жалғасып жатқанына, кә­сіпорындар қызметін қатаң шектеу­дің, локдаундардың қайта оралуы мүмкін екеніне мән бермейді. Мұ­ның бәрі банктердің улы актив­терінің артуына, нарықта көпір­шіктің туындауына, экономиканың дағдарысқа ұшырауына, ұлттық валютаның девальвациясына соқ­тыруы мүмкін. Халықтың қайыр­шылануына да әкелуі ғажап емес. Арзан ипотека дүрбелеңі АҚШ-та 2007 жылы алапат қаржылық дағ­дарыс туғызғаны мәлім: қара­пайым америкалықтар сонда 5 трил­лион доллар қаражатынан айырылды», – дейді сарапшы. Қалай болғанда да, шектен шығушылық қай істе де абырой әпермейді. Ал арзан ипотека бас­панасыздық мәселесін шешудің қуатты құралы саналады. Әзірге Қа­зақстан Үкіметі бұл құралды қа­лың елдің игілігіне жарата алмай отыр. Бұл ретте биліктің аса арзан ипотекамен тек шектеулі санаттарды ғана жарылқауы, ипотеканы бар­­шаға қолжетімді етпеуі былайғы жұрттың тек ашу-ызасына түрткі.

АйханАйхан ШӘРІП