Санитарлық авиация сан соқтырып жүрмесін...
Санитарлық авиация сан соқтырып жүрмесін...

Жақында Өскеменнен Зай­­с­ан ауданына бағыт ал­­­­ған АН-2 санитарлық авиа­ция ұшағының қозғалтқышы істен шығып, шұғыл қонуға мәжбүр болды. Зайсан қа­­­ласында инсульт алған әйел­­ге көмек көрсету үшін жолға шыққан ұшақтың бортында екі медицина қызметкері мен үш экипаж мүшесі бо­­­­лыпты. Абырой болғанда, еш­­кім зардап шеккен жоқ. Барлығы дін аман.

Бұл – облыстағы алғашқы оқыс жағдай емес. Бір жыл бұрын, яғни 26 ақпанда Өскеменнен шыққан ұшақтың дәл осылай қозғалтқышы істен шығып, қалың қарға құлаған еді. Ол кезде санитарлық ұшақ Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауы­­лындағы 4 айлық нәрестені облыс орталығына жеткізу үшін шыққан-ды. Ұшақ қала іргесіндегі оппа қарға құлағандықтан, адам шы­ғыны болмаған. Осы сала маман­­­дарының деректеріне сүйенсек, бұл – Шығыс Қазақстан облысында АН-2 санитарлық ұшақтарының қатысуымен болған төртінші тө­тенше жағдай.

Ұмытуға болмайтын ұшақ апаттары

Өкініштісі сол, бұған дейінгі санитарлық ұшақтардың апатта­­­рынан тиісті сабақ алмай отырған секілдіміз. Содан да болар, бұл са­­­­лада түйіні тарқамаған мәселе көп. Мәселелерді жіпке тізбес бұрын сәл шегініс жасап, санитарлық авиация саласында болған апат­­­тарға көз жүгіртіп көрсек. 2010 жыл, 12 наурыз. Осы күні Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданының Мақаншы ауы­лының маңынан Ми-8 тік­­­­ұша­ғының сынықтары табылды. Сол кезде тікұшақта болған 8 адам­ның – ұшқыштар Владимир Стол­бов­ский, Юрий Тюрников, борт-ме­ханик Сергей Барабанов және дә­рігерлер Анжела Стрельник пен Ва­лентина Тюктаева, Мақаншы және Келдімұрат ауылдық ок­руг­терінің әкімдері Ерболат Са­ғын­беков пен Болат Ыбраев және 17 жастағы Қуаныш Қалиев есімді науқас бала қапыда қаза тапты. Бірнеше отбасын қайғы жа­мылдырған осы оқиғадан кейін Үкі­мет оянғандай, ес жиғандай бо­лып, тікұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексеретін үкіметтік комиссия құрылған болатын. Сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов санитарлық авиация пар­кін жаңалауды және алғашқы ме­дициналық көмек көрсететін мо­бильді бөлімшелерді құруды тап­сырғаны есімізде. Осы оқиғаның дүмпуімен 2011 жылы Санитарлық авиация жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы ашылды.

Одан бері жылжып 11 жыл өтіпті...

2016 жыл, 28 қаңтар. 2016 жыл­ғы қыстың алғашқы айында Ал­­маты облысында UP-MD 600-N мар­калы санитарлық тікұшақ 5 адамның өмірін қиды. Тікұшақта ұшқыш Виталий Кондратюк, врач-гематолог Б.Қайсанова, фельд­шер Г.Хамитова, 2015 жылы дүниеге келген науқас сәби Бағым Әбіл­­қасым мен оның анасы Қарлығаш болған. Осы жан­түршігерлік оқи­ғадан кейін сани­тарлық авиа­цияны мұқият, жан-жақты тексеруге тап­сырма берілді. «Прокуратура осы қызметтегі тік­ұшақтарды түгел қа­рап, бюд­жеттен бөлінген ақ­шаның әр тиынына дейін санап шығады» делінген еді сол кезде. Айтпақшы, сол кезде бұл тік­ұшақтың бір ай бұрын ғана дә­рігерлердің пайдалануына беріліп, көкке екінші рет көтерілгені және әуе көлігінің 86 млн теңгеге сақ­тандырылғаны айтылған болатын. Содан бері сырғып 5 жыл өтіпті... Не өзгерді?

Қазіргі жағдай қандай?

Көп ештеңе өзгермеген секілді. Премьерлер өзгергенімен, проб­лемалар өзгермеген сияқты. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы бір шегініс жасайық. 2010 жылы 19 мамырда сол кез­­дегі Парламент Мәжілісінің де­­пу­таты Тито Сыздықов сол кездегі Премьер-Министр К.Мәсімовке де­­­­путаттық сауал жолдап, сани­­тар­лық авиация саласындағы қо­­­рдаланған мәселелерді жеткіз­­­­­ген-ді. «Осы жылы Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында болған апаттар мұндай жағдайда тік­­­ұшақ­­тардың өте қажет екенін айқындап берді. Қанша адамның өмірі тік­­ұшақтың арқасында аман қалды. Сол секілді жай күндерде де ауыл тұр­­­­ғындары қатты сырқатқа тап бол­­ған жағдайда оны ауруханаға жеткізудің қиындығы өте көп. Мәселен, қала тұрғындарына же­­дел медициналық көмек көрсет­­­кенде шетелдік автокөлікті жібе­­реді, ал ауылдарда тек қана ескі «УАЗ» машиналары жүреді. Әйел­­дер жүктiлiк кезеңінде ондай ма­ши­­­­намен ауруханаға қалай жетеді деп ойлайсыз? Меніңше, мемле­кетіміз Конституция бойынша бар­лық азаматтарымызды бірдей қорғап, қамқорлыққа ала білуі керек. Себебі біздің адам­­­дары­­­мыздың саны сонша көп емес қой, біз үшін әрбір адамның өмірі қым­бат!», – деген-ді депутат. Жақында осы мәселе Парла­­­мент қабырғасында тағы да көте­рілді. 11 жылдан кейін. Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әл­назарова Премьер-Министр Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Халық қалау­лы­сының сөзінен түйгеніміз, бұл са­лада шешілмеген мәселе же­терлік. Біріншіден, ұшақтар ұсынатын авиациялық қызмет тарифтері 2016 жылғы деңгейде қалып қойған. Осы салада қызмет көрсететін АН-2, Як-40, Ан-24 ұшақтары ескірген. Орташа қызмет ету мерзімі ша­мамен 40-45 жылға жеткен. Ең сора­қысы, олардың ұшу-техни­ка­лық, санитариялық-экология­лық сипаттамалары (шуыл, діріл, са­лондағы температуралық режим) халықаралық стандарттарға мүлдем сәйкес келмейді. Екіншіден, елі­міздегі медициналық авиация пар­кі соңғы рет 2013 жылы жаңар­тыл­ған. Үшіншіден, медициналық қыз­­мет тарифі 2014 жылдың дең­гейінде қалып қойған. Осындай мәселелерді айтқан депутат тек 2017-2021 жылдары медициналық көмек көрсету барысында әуе кеме­лерінің техникалық ақауларына байланысты 14 әуе көлік оқиғасы болғанын жеткізді. Ал Шығыс Қазақстандағы са­нитарлық ұшақтардың жайын білмек ниетпен облыстық Ден­­саулық сақтау басқармасының бас­шысы Жайық Жұмахановқа ха­барласқанымызда: «Қазір сани­тар­­лық ұшақтардың техникалық мә­­селесін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындап жа­­тыр­мыз. Өйткені қадағалауды рес­пуб­ликалық «Санитарлық авиа­ция» ме­кемесі жүргізеді», – деген келте жауап алдық.

Азамат ҚАСЫМ, Өскемен қаласы