Алматы облысында жиені нағашысын не үшін өлтіргені белгілі болды
Алматы облысында жиені нағашысын не үшін өлтіргені белгілі болды

Ұрыс-керіске көлікке талас себеп болған. Ал нағашысын өлтірген қаскөй бастапқыда оқиға орнынан қашып кеткенімен, кейін кінәсін мойындап полицияға өзі барған. Бұл туралы КТК хабарлады.

Қайғылы оқиға Талғар ауданындағы жанармай бекетінің алдында болған. Аңшылықпен айналысатын Қуаныш Аяпов мылтықтың дүрбісін сатпақ болыпты. Алайда хабарлама бойынша келгендердің жоспары мүлдем басқа екен. Кездесу туралы келіскен жігіттің артынан кенет адам толы қос көлік келіп, Қуанышты қоршап алған. Сөйтіп, бас-аяғы бес минуттың ішінде ол қансырап жерге құлапты. Мұны осындағы қызметкерлер көрген.

«Бір топ адам болды. Арасында бір адам сұлап түсті, өлтіріп тастады. Содан кейін оны сүйретіп әкетті», – дейді куәгер.

Кейін бір топ адам оқиға орнынан қашып кеткен. Қансырап жатқан ер адамға бекет қызметкерлері көмекке келеді. Жедел жәрдем мен полицейлерді шақырған. Бірақ Қуаныш олар келгенше қайтыс болған. Марқұмның келіні Назгүл Аяпова: «Сараптама бойынша ол кісіде 12 пышақ жарақаты болған. Артына екі рет пышақ сұққан және алдынан 10 рет. Жүрек тұсына, кеуде тұсына пышақ сұққан. Мұрны сынған, қолында жарақат бар», – деді. Көп ұзамай қашқындардың бірі кінәсін мойындап полицияға өз аяғымен барған. Қуаныш есімді аттасы марқұмның туған жиені екен. 28 жастағы жігіттің мұндай қастандық жасауына «бұрынғы кек себеп» дейді қаралы отбасы.

Алматы облыстық ПД сарапшысы Ернар Сайделдин: «Аталған дерек ҚР ҚК 99-бабы, бірінші бөлігі бойынша тіркелді. Сол күні полицияға марқұмның туысы, Алматы қаласының 28 жастағы тұрғыны кісі өлтіргенін мойындап келді. Бұл істі тергеуге материалдар арнайы прокуратураға жіберілетін болды», – дейді.