Тұрағы жоқ, жайы жоқ, жетім қайтіп күн көрер?!
Тұрағы жоқ, жайы жоқ, жетім қайтіп күн көрер?!

«Біреудің баласы біреуге керек емес». Қоғамда балалар үйінде тәрбиеленгендерге қатысты осындай көзқарас қалыптасқан секілді. Мәселен, олардың 18-ге толғаннан кейін­гі өмірі не болады? Оларға кім жауапты?

18 жастағы кезіңізді елесте­­­­­тіп көріңізші: баспанаңыз, ақшаңыз, жұмысыңыз, тіпті қасыңызда жанашыр ата-анаңыз да жоқ. 1-курс студенті болсаңыз да, айналаңыздан қамқор жан көрмейсіз. Ішер асқа, киер киім­ге жарымай жүрсіз. Бұл ты­ғы­рықтан сізді не құтқарады?  Әдетте, сізге ата-анаңыз, досыңыз, туыс-туғаныңыз көмекке келер. Ал ондай мүмкіндігі жоқ жандар ше? Олар амалсыз шарасыздыққа ұрынары сөзсіз. Оның соңы өліммен аяқталуы мүмкін. Ал балалар үйінің түлектері үшін бұл үйреншікті жағдай деген пікірлерді жиі естиміз. Шынтуайтында, солай ма? 18 жасқа толған жасөспірімдер балалар үйінің қабырғасынан шыққан соң,  ең алдымен  әлеуметтік өмірге бейімделуі керек. Бұл тұрғыдан оларға бағыт-бағдар беретін, қызметтік және достық қарым-қатынас орнататын жан табыла қойса, игі. Көп жағдайда, өз-өзінен оқшауланып, қоғамға керексіз сезіне бастайды.  Түрлі қиындықтарды бастан кешеді. Тіпті, «балалар үйінің түлекте­рінің 40 пайызы – заң бұзушылардың қатарына қосылып немесе өмірін өзіне-өзі қол салумен аяқтайды» деген де пікірлер кездеседі. Балалардың кейбірі 15-16 жасында мектеп бітіріп шығады. Олардың өмірлік тәжірибесі аз, көбінесе тәуелсіз өмірге қажетті дағдылар жетіспейді. Балалар өз өмірін қалай ұйымдастыруды, ақша табуды және т.б қажеттілікті білмейді. Көшеде қалып қоймау үшін кейбірі жасөспірімдер үйіне жіберіледі. Онда олар 23 жасқа дейін тұруға мүмкіндік бар. Бұл жасқа дейін жастар білім алып, жұмыс тауып және өз бетінше өмір сүретіндей шамаға жетеді деп саналады. Алайда олар бала кезінен мемлекеттің қамқорлығында болғандықтан, өмірлік маңызды мәселелерді шешу не болмаса дербес шаруашылығын құруға дағдыланбаған.  Сондай жағдайда не істейді? Дайын тұрған баспана жоқ. Барар жері, басар тауы болмағасын тауы шағылады, жігері жасиды.  Артық-ауыс жинаған қаржысы да жоқ. Жасөспірімдер үйінің түлектеріне тұрғын үйге қол жеткізуге көмектесу арқылы олардың әлеуметтік өмірге бейімделуіне қолайлы жағдай туғызуға болады. Егер балалар үйінде оған күтім жасалып, қамқорлық көрсетілсе, онда мекемеден тыс жерде де өз­дігінен қалыпты өмір сүруге жағ­дай жасау қажет. Олар өздерінің өмір сүру кеңістігін жоқ­тан бар етіп, қайта құрғаны абзал. Алматы облыстық  №1 балалар үйі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Роза Жақанқызы: «Балалар үйінен кеткен соң түлектердің көпшілігі колледжге түседі. Жоғары оқу орнын оқимын дейтіндер болса, 11-сыныпты бітіріп шығады. ЖОО-ға түскендер көбіне сол университеттің жатақханасына орналасады. Көбіне біз түлектерімізді мемлекеттік оқу орнына, яғни колледждер мен жоғары оқу орнына түсіруге тырысамыз. Балалар үйінен кеткеннен кейін де балаларға жиі хабарласып, жағ­дайларын біліп отырамыз. Жұмыс таба алмай жүргендері болса, бізге хабарласып, көмек сұрайды. «Жеңіл жүріске» түсіп немесе қылмыс жасап, қылмыскер атанған түлектер болған жоқ. Колледжді бітіріп, оқуын ары қарай жоғары оқу орнында жалғастырып жатқандар да бар. Осы жұмысқа келген 12-13 жылда 530-дай бала мектеп бітіріп шық­ты. Баспанаға ие болғаны да көп. Кейбіреулер өз мамандығы бойынша жұмыс істегісі келмесе, басқа салада өздерін көрсетіп жатыр. Әлі күнге дейін қоңырау шалып, отбасылы болған болса, балаларын алып келетіндері де бар. Қай қиырда жүрсе де, біз олардың хал-жайын біліп отырамыз», – дейді. Әрине, әртүрлі тағдыр бар. Арасында «тәртіпке» бағынғысы келмейтіндер де болады. Балалар үйінің қамқорлығынан алыстаған соң, «тәуелсіз өмір» еркіндігін әркім әрқалай түсінеді.  «Оңай» олжа табамын деп қателікке ұрынады. Керісінше, кей балалар өзі көрмеген мейірімді келешек балаларына бергісі келеді. Өз баласының ата-ана қамқорлығынсыз өскенін қаламайды. Ондайлар түзу жолға түсіп, өмірін жақсы жаққа қарай тез бейімдейді. Құндыз Ержанқызы (қызме­ті – бағдарламашы) –  балалар психологиясын зерттеп жүрген мамандардың бірі. Ол жасөспірімдер үйінде тұратын балалармен жиі араласады. «Олардың көбі әлеуметтік өмірге бейімделмеген. Арасында әлемге өкпелі жандар да көп. Өмірге көзқарастары да әртүрлі, тіпті біреуі өз өміріне ренжісе, енді бірі өзін дәлелдегісі келеді. Сол үшін де кейде қателіктерге ұрынып жатады. Олар неге қылмысқа жиі барады? Өйткені көпшілік оларды қабылдағысы келмейді. Балалар үйінен шыққан деп, шеттетеді. Оны қорғайтын ешкім жоқ. Демек, оны ұруға, соғуға, зорлауға болады деген сөз бе? Екінші бір тұсы, олар мемлекет қамқорлығын сезініп өскен соң соған дағдыланған. Себебі бала кезінен тәртіпке, бірдей тамақтануға үйренген. Олардың өмірі үшін мемлекет жауап беруі керек деп санайды. Сондай өмірге бейімделгендіктен, балалар  үйі­нен кеткеннен кейін де өзінің әлсіз тұстары таяқ боп тиіп жатады. Өзгелермен қарым-қатынас жасауды білмеуі, жиі жанжалдасуы да сондықтан. Қамқорлықтан, қорғаудан және сүйіспеншіліктен бір сәтте айырылып қалғандықтан, өздерін дәрменсіз сезінеді», – дейді. «Балалар үйінен шыққан тү­лектерінің 10 пайызы ғана еркін өмірге бейімделіп кете алады». Статистика осылай дейді.  Ал керісінше, кей деректер балалар үйінің түлектерінің 10 пайызы өз-өзіне қол жұмсайтынын көрсетеді. Сонымен бірге олар «үлкен әлемдегі» өмірдің алғашқы жы­лында-ақ өз-өзіне қол жұмсауға бел буады. Жетім балалардың жартысы қылмыстық ортаға түсу қаупін тудырады. Мұның себебін олардың бүгінгі «өмір шындығына» дайын еместігін көрсетсе керек. Кей бала өмірден өз орнын таба алмай жүреді. Соның бәрі – бала психологиясына ауыр соққы. Ұзақ жылдар бойы балалар үйінде тәрбиеші болып қызмет ететін Гүлбаршын Байжұманова: «Әртүрлі тағдыр бар. Біздің балаларымыз бітірген соңғы жылдарды алсақ, мақтануға тұрарлықтай көрсеткіштер бар. Балалардың алды  жоғары оқу орындарында оқып жатыр. ҚазҰУ, Алматы Мемлекеттік университетінде білім алуда.  Жұмыс істеп, отбасын құрып, аяғынан тік тұрғандары да кездеседі. Әрине, ішінара жалқаулыққа, дайын дүниеге әбден үйреніп, жұмыс істегісі келмей, жеңіл жолмен ақша тапқысы келіп, теріс жола түсіп кеткендерін естіп қаламыз. Ондай кезде жанымыз да, жүрегіміз де ауырады. Бәрі де көз алдымызда өсіп, жетіліп жатқан балалар болған соң, дұрыс өмір сүріп кеткенін, жақсы отбасы құрғанын қалаймыз», – дейді. «Дара» қайырымдылық қорының өкілі Айнұр Аймурзинаның айтуынша, мектеп бітіргеннен кейін балалар өз өміріне өзі жауапты болуы тиіс. 9 немесе 11-сыныпты бітірген соң колледжге не жоғары оқу орнына барады. Жұмыс жоқ, баспана жоқ, стипендиямен ғана өмір сүреді. Ол БАҚ-қа берген пікірінде:  «Бәрі бірдей жақсы оқи бермейді. Оқу орнын таңдаудың маңызды критерийі – оқуға түскісі келетін балаға қажеті оның сапасы немесе мамандығы емес, жатақхананың болуы. Олар көбіне жетім балаларды асырап алуға квотасы бар мекемелерге кіреді, оларда бүкіл Қазақстанның жетім балалары оқиды. Ондағы жағдай да белгілі: яғни балалар үйіндегіден айырмашылық болмайды» деген екен. Сарапшылардың пікірінен түйгеніміз, кез келген бала қам­қорлыққа зәру. Ол үшін бағыт-бағдар беретін түрлі әлеуметтік жобалардың болғаны да дұрыс. Психологтар «Өмірде маңызды қажеттіліктерге қанағаттанбаған баланың агрессиялық, дөрекі әре­­­кеттері олардың қорғаныш реак­­­­­цияларын танытады» дейді.  Олар осындай теріс әрекеттерге бару арқылы өздерін төмендетпеуге тырысады. Сондықтан жасөс­­пірім балалар үйінен кеткесін өмірге тез бейімделуі керек. Әлеуметтік мекемелердің түлектері білім алуға құқылы, олар алған білімін жалғастырып, жұмысты да тез табуға тиіс. Ал 2019 жылғы деректер бо­йынша, елімізде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға арналған 107 интернат мекемелері бар екен. Оның ішінде жасөспірімдер үйі – 14. Оған жетімдер үйі мен балалар мен отбасыларды қолдау орталықтары да кіреді. Онда 208 бала тәрбиеленіп жатыр. Еліміздің төрт өңірінде 23-29 жас аралығындағы жастарға арналған жастар үйі жұмыс істеп тұр.

Айым БЕКТҰР