Алматыдағы медицина университеті жабылмақ
Алматыдағы медицина университеті жабылмақ
183
оқылды

Қазақ медициналық үз­­діксіз білім беру уни­­вер­­­си­теті бас ли­цензиясы­нан қа­­­­ғыл­­­­­­­ды. Ал бас лицензиядан айы­ру туралы сот шешімі 10 жұ­­­­­­­­мыс күнінен кейін заңды күшіне енеді. Демек, жоғары оқу орны жұмысын тоқтатуға міндетті. Университетте оқи­­тын 3,5 мың студент пен 500 шақты оқытушының халі не болмақ? Ертең дәрігер тап­шы­­лығы өршімей ме?

Заңнаманы өрескел бұзған

Сапасыз білім беретін жоғары оқу орындарының лицензиядан айырылатынына көз үйренді. Бірақ пандемия тұсында 58 жыл тарихы бар медициналық уни­верситеттің жабылатынына аң­­­тарылып қалдық. БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қам­тамасыз ету комитеті оқу ор­ны­­­ның білім беру үдерісін толық тексе­­­рістен өткізген. Нәти­же­­­сінде, уни­верситеттегі бака­лав­риат, ма­­­гис­тратура, докто­­рантура, рези­­­­ден­тура бағдарла­масы бойын­­­­­ша оқу үрдісі қажетті про­фессорлық-оқы­­­тушылық құрам­мен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сондықтан оқу орны жұмысын тоқтатады. Білім және ғылым саласын­дағы сапаны қамтамасыз ету ко­­мите­­­тінің ә дегеннен оқу ор­нын бас лицензиядан айыр­­майтыны бел­гілі. Осыған дейін Гүлзат Көбенова айтқандай, алдымен уни­­­­­верси­тетке ескерту жасап, қатені түзеуге мүмкіндік береді. Байқауымызша, ҚазМУББУ қа­теден сабақ алуды кейінге қал­дырған. Өйткені ко­митет 2020 жылы шілде айын­дағы тексеріс кезінде оқу орнына ли­цен­­зияның күші тоқтағанын, бел­гілі уақыт аралығында кем-кетікті жоюға боларын ескерткен. Алайда қайта тексеріс жүргізгенде уни­вер­­­­­си­­теттің комитет нұс­­қау­­ларын ес­­­кермей, заңнаманы өрес­кел бұ­зып, жұмысын жал­ғас­тырғаны анықталды. Комитет төрайымы Гүлзат Кө­бенованың айтуынша, болашақ дәрігерлерге сапалы білім берген жөн. Сондықтан комитет пен сот тыңғылықты жұмыс жүргізген. Алматы қаласының маман­дан­ды­рылған ауданаралық әкім­шілік сотының қаулысына сәйкес, Қа­зақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауап­кершілікке тартылған. Оқу ор­нына айыппұл салынғаны тағы бар. Ал ҚазМҮББУ-да оқитын сту­­­денттердің жағдайына келсек, олардың гранты сақталады. Басқа жоғары оқу орындарына ауыс­тырылады. Ақылы бөлімде оқи­­­­­­тындарға да алаңдаудың жөні жоқ. Өзге университетке ауысса да, оқу құны өзгермейді. Осы тұста елі­­­мізде медицина мамандарын даяр­­­лайтын 14 жоғары оқу орны бары, оның бесеуі Алматы қала­сында орналасқаны еске түседі. Демек, бұдан бұрын белгілі бол­ғандай, студенттер қалаған оқу орнына ауыса алады. Әрине, ке­­­ліс­сөз үшін министрлік біраз тер төгуі қажет. Оқытушылар үшін де жаңа жұ­мысқа орналасу мәсе­лесін шешкен дұрыс.

Оқудан шығып қалғандар оқитын оқу орны ма?

Иә, университеттің жабылуы көпшілікті әуре-сарсаңға салған сияқты. Оқу орнының «Біз ми­­­нистрлік шешімімен келіс­­­пейміз» деген қарсы жауабы да сайт бе­­тінде ұзақ тұрмады. Жауапты ор­­­ган шешіміне келісті ме, әлде басқа мәселе себеп болды ма, мә­лімет көзден ғайып болды. БАҚ-та тараған жазбада университет заң­гері Зәуре Ержанова министр­­лікпен келіспейтін тұстарын тіз­­­­ген екен. Оның айтуынша, ко­­­­­митет 2020 жылы қараша айын­дағы тексеріс жайында ал­дын ала хабар бермеген. Бұл Кәсіпкерлік ко­декстің 147-бабы 1-бөлігіне қай­шы. Кодекске сәйкес, бақылау және қадағалау органы тексеріс алдында кем дегенде 1 күн бұрын келетіндерін хабарлауы керек. Сол себепті оқу орны БҒМ-мен келіспейді. Комитет кінә таққан материалдық-техникалық база мен оқытушылар құрамына кел­сек, ҚазМҮББУ-да 500-ден астам оқытушы бар. Оның ішінде 5 академик, 49 профессор, 284 док­тор мен медицина ғылым­дарының кандидаты жұмыс іс­тейді. Сон­дай-ақ унверситет бас­шылығы індет өршіген тұста оқытушы­лардың ақ халатты абзал жан­­­дармен қоса алғы шепте жүр­генін айтады. Ал студенттер болса, оқу ор­нына тексеріс келіп, жағдайдың ушыққанын жазда естігендерін жасырған жоқ. Бірақ оқытушылар студенттерді ҚазМҮББУ-дің жа­­­былмайтынына, жағдайдың қа­лыпқа келетініне сендірген. Енді олар оқу жылын ойдағыдай аяқ­тауды мақсат тұтады. «Жаңалық бәрімізге оңай ти­меді. Өз басым оқуды Алматыда жалғастырғым келеді. Маңызды­сы – оқу. Гранттан айырылмай, қалаған мамандығымда алаңсыз оқысам деймін. Басында уни­вер­­­­ситетіміздің жабылатынына сен­­­бедік. Кейіннен заңгер мен бас­­­­­­­­­шылықтың алаңдауына қарап аб­­­­дырап қалдық. Басшылықтың жұмысы кімге жақпай қалды екен?» – дейді ҚазМҮББУ сту­денті Әнелім Серікқызы. Кілтипан басшылықтың әл­­­­декімге жақпай қалғанында ма, әлде оқу орны сапалы білім бер­­мей ме? Мұндай сұрақтың тууына ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұр­­­­ғожиннің мәлімдемесі түрткі бол­ды. Оның айтуынша, С.Асфен­­­дияров атындағы уни­­­­­верситет 2018-2019 жылы 300 студентті оқу үлгерімі бойынша оқудан шы­­ғарған. Ал оқудан шыққан сту­­­денттер ҚазМҮББУ-ден «пана» тапқан. «Сонда қандай білім са­­пасы жайында сөз қозғауға бо­лады? Бұл ұлттың келешегіне қауіп төндіреді емес пе? Өйткені олар болашақта біз бен сізді, немерелерімізді емдейді. Ал ҚазҰМУ мен Қарағанды ме­­ди­­циналық университетіннен үл­­­­герімі үшін оқудан шыққан сту­­­денттер ҚазМҮББУ-де оқуын жалғастырады. Расымен, оқу ор­­ны студенттердің сапалы білім алуына жағдай жасамады. Сон­дық­­­тан министрліктің шеші­мін құптаймын», – дейді ол.

Кереғар пікір бар

Білім және ғылым ми­­­­нист­р­лігінің шешімімен біреу келіссе, екіншісі датын айтып жатыр. Талғат Нұрғожин жағдайды құп­­­­тағанымен, Денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы ресми өкілі Бағдат Қожахметов ше­шіммен келіспейді. Оның ай­­туынша, соғыс кезінде қару шы­ғаратын зауытты жаппаса керек-ті. Ол сот арқылы әділдікке жетуге боларын да ашық жазған. Бас­тысы, адамзат баласы дәрігерге зәру болып, індетпен күресу үшін барын салып жатқанда, меди­циналық университеттерді жабу қауіпті екенін атап өткен. Айтса айтқандай, білікті дә­рігерге кез келген аймақ зәру. Бұ­ған індетпен бетпе-бет келмей-ақ көзіміз жеткен. Алайда пан­демия ырыққа бағынбаған сәтте маман тапшы екені бірден білінді. Әсіресе, кей облыста санитар, мед­­бике мен жедел-жәрдем қыз­­­­меткерінің өзін табу мұң болды. Дем жетпей, ине егер адам таппай дал болған тұрғындар ішінен «балам өссе дәрігер болады» деді, білемін. Иә, өткен жылғы дерек бойынша, елімізде 4 122 дәрігер тапшы. Оған қоса 8 583 орта ме­дицина қызметкері жетіспейді. Атап айтқанда, өңір-өңірге анес­тезиолог-реаниматолог, терапевт, дәрігер-зертханашылар және тағы басқалары керек. Әсіресе, Қос­танай облысына медицина ма­мандығын бітірген түлектердің ат басын бұрғаны жөн. Осы тұста Қазақстан сту­дент­тер Альянсының президенті Ілияс Түстікбаев студенттер мен мектеп түлектерін жоғары оқу орнын таң­­дауда мұқият болуға шақырды. Университеттің білім сапасына, рейтингі мен жұмыс берушілермен келісімшартына назар аударған жөн екен. Ал жо­ғарыдағы уни­­верситеттің жайына келсек, ко­­митет Қаз­МҮББУ студенттерін бас­қа оқу орын­дарына ауыстыру мәселесіне бел шеше кірісіп кетті.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ