Алимент талап ету неге қиын?
Алимент талап ету неге қиын?
291
оқылды

«Еліміздегі қыз-келіншектер алимент талап етуге арланады. Намыс көреді. «Өзім бағып, өзім жеткіземін» дейді. Екіншіден, олар – кешірімшіл. Түптің-түбінде жауапсыз азаматтарға жұмсақтық танытады» дейді «Алимент орталығының» басшысы Әсел Мырзахан. Шынымен, дүниеге келген балаға кім жауапты? Әке ме, шеше ме? Әлде отбасы ма? Айрандай ұйып отырған шаңырақ шайқалып, шырқы кетсе, не болады?  Бұған кім кінәлі? Көкейдегі көп сауалға алимент бойынша істерді қарайтын заңгер әрі орталық басшысы жауап беруге тырысты.

– Алимент бойынша істерді қарастыратын орталық ашу ойыңызға қайдан келді? Не мақсат болды? – Өзім қостанайлықпын, елордаға соңғы жылдары көшіп келдім. Бұған дейін сол жақта біраз жеке меншік және мемлекеттік ұйымдарда заңгер болдым. Сотта да бірнеше жыл жұмыс істедім. Бір сөзбен айтқанда, көз ашқалы заң саласындамын. Арасында бірнеше танысыма алимент мәселесін шешіп бергенім бар. Оның үстіне қазақпыз. Құдайға шүкір, ағайын-туысқа баймыз. Біреу болмаса, біреуіне көмек керек. Сөйтіп жүргенде, алыс ағайынның бірі хабарласты.

Есімі – Кәмшат. Алимент алмай жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Алимент бойынша атқару парағы кімде, қайда бару, кімге жолығу, не сұрау керегін білмейді. Өзі орысшаға шорқақ екен. Содан сот орындаушы базасы арқылы күйеуінің берешегін, қанша уақыт бойы төлемегенін анықтап бердім. Ақырында күйеуінен 800 мың теңге өндіріп алды.  Шыны керек, ол үшін қуандым. Бірақ одан ақы да алған емеспін. Міне, бәрі содан басталып кетті деуге болады. Сол кезде қыз-келіншектерге көмектесетін орталықтың қажет екенін түсіндім.

[caption id="attachment_112608" align="alignnone" width="1063"]алимент ©сурет интернеттен алынды[/caption] – Ашылғаннан бері біраз адамға көмектескен боларсыз. Нақты санын айта аласыз ба? Көбіне қандай мәселемен хабарласады? – Нақты есеп-қисабын жүргізіп, санап отырғаным жоқ. Жарты жылдың ішінде көп адамға пайдамыз тиді. Көмегімізге жүгінетіндер де жетіп артылады. Өкініштісі, қыз-келіншектеріміздің басым бөлігі хабарласып, жағдайын айтуға қысылады. Білмегенін сұрауға ұялады. Екіншіден, ізденбейді. Мәселен, арасында компьютерді пайдалана білмейтіні бар. Сондықтан электронды түрде шағым түсіре алмай жатады. Үшіншіден, құжатқа тыңғылықты емес. Көпшілігінде ЭЦҚ-сы жоқ,  атқару парағын жоғалтып алған. Сонымен жылдар бойы алимент алмай жүре береді. Түптеп келгенде, бәрінің түбіне жететін – немқұрайлық.  Ол өзінің ғана емес, баланың өміріне балта шабады. Әйел заты осыны ескеруі жөн. – Қыз-келіншектер алимент талап ету барысында қандай қателіктер жібереді? – Соңғы кезде біздің елде азаматтық некеге тұру жиілеп кетті. Меніңше, ең үлкен жамандықтың бірі – осы. Өткен жылдың нәтижесі бойынша, алиментті өндіріп алуға қатысты 200 мыңнан аса іс қаралды. Оның басым бөлігі – азаматтық некеде туған балалар. [caption id="attachment_112613" align="alignnone" width="1049"]алимент ©Сурет интернеттен алынды[/caption]

Әрине, бастапқыда азаматтық неке тамаша болып көрінер. Алайда азаматтық неке дегеніміз – бірге тұру. Бірдеңе ұнамаса, кете салу оңай. Өйткені ешкімде ешқандай жауапкершілік жүгі жоқ. Ал нәресте жарық дүниеге келісімен бәрі өзгереді. Сәбиге деген жауапкершілік ананың мойнына артылады. Ол дегеніміз – өзін жіпсіз байлау.  Нәзік жандылар осыны түсінуі тиіс. Бұл мәселеге әу басынан мән беру керек. Ал заңды некеге тұрса, ерлі-зайыптылар бір-біріне деген жауапкершілікті сезінеді. Сонымен қатар ертеңгі күні ажырасып жатса, заңдық тұрғыда қорғана алады. Өзіне, баласына тиесілі дүниені талап ете алады.

Азаматтық некеде  ол жүрмейді. Біріншіден, ер азаматтар әке екенін өз еркімен мойындай қоймайды. Екіншіден, баланың туу туралы куәлігінде әкенің есімі көрсетілмейді. Салдарынан көп келіншек бала үшін алимент алу мүмкіндігінен айырылады. Әрине, әкелікті дәлелдеуге болады. Ол – адамның уақытын алады, көп күш кетеді. Соттың көмегіне жүгінер болсақ, онымен бірге тұрғаны жайында дәлел тауып, оны айғақтайтын куәгер болуы тиіс. Сондықтан бірге түскен суреттерді жыртып, өшіріп тастаудың қажеті жоқ. Оларды сақтап қойыңыз, айғақтың бірі – сол. Әкелікті анықтайтын ДНҚ сараптамасын жасатуды белгілейді. Оның өзі – 100 мың теңгеден асады. Сол үшін де көп қыз-келіншектеріміз соттың көмегіне жүгінбейді.

Меніңше, сараптама жасаудан қорықпау керек. Егер сот сіздің талабыңызды дұрыс деп тапса, ісіңіз бойынша бүкіл шығын қайтарылады. Осындай бос әуреге түспеу үшін нәресте туылысымен бірден әкесінің атына жазу керек. Сәби қандай некеде дүниеге келсе де, алиментке құқылы. «Оның ақшасы құрысын! Алиментті алуын алып ап, бала өскен соң әкесін асырап жүрер» деп болжам жасаудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өз уақыты бар емес пе? Алдымен баланы өсіріп алыңыз, арғы жағын уақыт көрсетер.

[caption id="attachment_112610" align="alignnone" width="1048"]алимент ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Баласының әкесінен алиментті талап ететін қыз-келіншектер аз секілді. Кейбірі азаматтық неке түгілі, заңды некедегі балаларына алимент алмай жатады. Бұған не дейсіз? – Еліміздегі қыз-келіншектер алимент талап етуге арланады. Намыс көреді. «Өзім бағып, өзім жеткіземін» дейді. Екіншіден, олар – кешірімшіл. Түптің-түбінде «ел-жұрт бар, ұят болады» не болмаса «баламның әкесі ғой, аман болсын» деп азаматтарға жұмсақтық танытады. Сол нәрсе өздеріне таяқ болып тиіп жатады, менің соған жаным ашиды.

Мысалы, қазір Арқалық қаласының сотында әкелігін дәлелдеп, алимент өндіріп алу бойынша іс қарастырылып жатыр. Атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, жап-жас қыз. Баласы үш жастан асты, әлі әкесінен көмек көрген емес. Намысқа тырысып, баланы өзі бағып-қақпақшы болған. Бірақ ауылдың өзінде 40 мың теңгемен күн көру оңай емес. Әсіресе, баланы қатарынан қалдырмай киіндіріп, оқытып-тоқытудың өзі қосымша қаражатты қажет етеді. Осыған көзі жеткен соң ғана ана алиментті енді талап етуде.

[caption id="attachment_112611" align="alignnone" width="1058"]алимент ©Сурет интернеттен алынды[/caption]  – Алимент бойынша істердің арасында уақытында шешілмей, қалып жататыны бар ма? – Ондай жағдай болған емес. Кез келген шағым заңға сай шешіледі. Тек уақыт керек. Арасында сот орындаушыларының жауапсыздығы тағы бар.

Мәселен, жақында Қ. есімді азамат шағымданды. 2018 жылы ер адам кәмелеттік жасқа толмаған қызын асырау үшін әйеліне алимент төлейтін болған. Оны уақытылы төлеп те тұрған. Алайда 2019 жылы әйел аналық құқығынан айырылған. Ал қыз әкесінің қарауына өткен. Соған қарамастан сот орындаушы ол азаматтан алиментті өндіріп отырған. Ер-азамат шағымданған соң, мәселе 3-4 күнде шешілді.

Кез келген мәселені уақытында қозғау салып, созып жібермеу керек. Осындай жағдайлар қайталанбас үшін  әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіп отырамыз. Бұл біріншіден, орталықтың жұмысы жайында еліміздің шалғай ауыл-аудандарын хабардар етсе, екіншіден – пікірлес жандар да қатарымызға қосылып жатыр. [caption id="attachment_112612" align="alignnone" width="1059"]алимент ©Сурет интернеттен алынды[/caption] – Соңғы кезде алимент төлемеген ер-азаматтардың көлігін, үйін тартып алып жатыр. Ол қаншалықты дұрыс? – Ондай шара заң жүзінде бар. Оның өзін сот шешімін орындамай, созып жіберген жағдайда қолданылады. Онда да алимент бойынша қарыз ақшасы ғана өтеледі. Мысалы, ер-азаматтың баспанасы сатылымға қойылады. Үй 20 миллионға сатылса, негізгі қарыз алынып, қалған ақшасы қайтарылады. Ал қарыз 2 миллион болуы мүмкін. Өз тәжірибемде бір жылдан астам уақыт алимент төлемей кеткен азамат ақырында несие алып, қарызын жапқан. Ауылды жерге 500 мың теңге дүниенің ақшасы ғой. Сөйтіп бір отбасы қарқ болғаны бар.

Тағы бір жағдай – Ақмола облысында болды.  Ер азамат баласына алиментті екі жыл бойы төлемеген. Сот орындаушының әрекетсіздігін көрсете отырып, тағы да азаматтың үстінен арыз жаздық. Сөйтіп, оған сот шешімімен 1 650 000 теңге төлеуі міндеттелді. Сонымен қатар азамат 3 тәулікке қамауға алынып, қылмыстық жауапкершілікке тартылмақ болған. Тіпті, ол адам бүкіл қарызын өтейтін болды. Аяқасты келіншек одан бас тартып, 200 мың теңге төлесе болды деп кешірім жасады. Осындайда қыз-келіншектерді түсінбей кетемін. Олар баланы өзінен жоғары қоюы керек емес пе? Өзінің жалған намысынан аса алмай қалады. Яғни, азаматтың жалбарынып, жалынғаны арқылы өзінің эгосын қанағаттандырумен болады. Ал негізінде ол ақша баланың қажеттілігіне керек еді. Осындай жағдайлар да жиі кездесіп жатады.