Анасымен жанжалдасқан жігіт көмекке келген көршісін өлтірді
Анасымен жанжалдасқан жігіт көмекке келген көршісін өлтірді
198
оқылды
Анасы мен оның 25 жастағы ұлының арасындағы жанжал өткен жылдың маусым айында Шымкенттегі Бозарық ауылында болған. Жігітті сабырға келтіру үшін әйел көршілерінен көмек сұрайды. 56 жастағы ер адам жас жігітті ақылға шақырған, алайда ол ашу үстінде көршісіне пышақ сілтеп, оны өлтірген, – деп хабарлайды Қаратау аудандық соты. 
"Анам екеуіміз ұрысып қалдық. Түнгі сағат 11 шамасында ол ұялы телефон арқылы көршіге қоңырау шалып, үйге шақырды. Ол үйге кіре сала, маған ұрыса бастады. Әңгіме айқайға ұласып, ол менің бетімнен ұрды. Мен оның ішіне пышақ салдым", – деді жігіт сот отырысында.
Жарақат алған ер адам далаға шығып, жолға құлап түскен. Оның қансырап жатқанын көрген туыстары жедел жәрдем шақырған. Алайда уақыт жоғалтпау үшін өздері ауруханаға апарған. Ер адам аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер қанша тырысқанымен, ол алған жарақатынан қайтыс болған. Полиция қылмыстық кодекстің 106-бабы 3-бөлігі (Абайсызда өлімге әкеп соқтыратын ауыр дене жарақатын келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қаратау аудандық соты істің мән-жайын зерделеп, 25 жастағы Шымкент қаласының тұрғынын кінәлі деп тауып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.
"Алайда судья сотталушының жасын, оның өкінішін және жазаны жеңілдететін басқа жағдайларды ескере отырып, жаза мерзімін 8 жылға дейін қысқартты. Үкім заңды күшіне енді", – деп хабарлады Шымкент қалалық соты.