Жамбылдық әкімдердің арқасынан аяз жүгірді
Жамбылдық әкімдердің арқасынан аяз жүгірді

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев әлемдік пандемияға байланысты есепті жиынын онлайн форматта өткізіп, оны телеарналар мен әкімдіктің ресми парақшалары тікелей эфирде көрсетті.

Ал өңір тұрғындары аймақ басшысына esep2021@zhambyl.gov.kz электронды поштасы, «Ашық диалог» блог-платформасы және jambyl_esep2021 Telegram каналдары арқылы сұрақтарын жолдауға мүмкіндік алды. Бердібек Машбекұлы баяндамасында өңірдің әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне тоқталып, негізгі бағыттар бойынша оң динамика қалыптасқанын айтты. 123 Жамбыл әкімі – Есепті кезеңде экономикалық өсім 102,2 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімдері 504,9 миллиард теңгеге жетіп, 103,1 пайыздық өсімді көрсетсе, ауыл шаруашылығы 381,9 миллиард теңгенің тауарларын шығарып, 105,1 пайызды діттеді. Құрылыс 128,2 пайызға артса, тұрғын үй құрылысы 121,7 пайызды межеледі. Жыл ішінде өңірге 344,1 миллиард теңге инвестиция салынып, жұмыссыздық 4,9 пайызға төмендеді. Бюджеттің игерілуі 100 пайызға орындалып отыр. Осылайша әлемдік пандемияға қарамастан негізгі салалар бойынша оң динамика қалыптасты, – деді облыс әкімі. Бұдан бөлек аймақ басшысы фармацевтика саласына айрықша тоқталып, өткен жылы 3 фармацевтикалық өнімдер шығаратын өндіріс орны іске қосылғанын айтты. Нәтижесінде медициналық бұйымдар көлемі 1,5 есеге артқан. Ал сәуір айынан бастап Қордай ауданындағы вакцина зауыты алғашқы 50 мың доза дәріні шығармақ. Ал жалпы зауыттың қуаттылығы 30-60 миллион вакцина шығаруға қауқарлы. Былтырғы жылы облыс әкімінің бастамасымен «Асарлатып үй салу» жобасы жанданған болатын. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, 100 үйдің кірпіші қаланады деп күтілуде. Бердібек Машбекұлының баяндамасынан жалпы білгеніміз әлемдік пандемияға қарамастан өткен жыл өңір үшін табысты болған. Ал биылғы жылға жоспар жұмыр, мақсат айқын. Сұрақ-жауап кезеңінде облыс әкіміне әлеуметтік желілер мен тікелей эфир арқылы сұрақ жолдаған халықтың қарасы қалың болды. Олардың дені әлеуметтік салаға бағытталып, Бердібек Сапарбаев барынша тұщымды жауап берді. Есепті жиында елді елең еткізгені – Жамбыл ауданы Қаратөбе ауылдық округінің әкімі Қайрат Жатқанбаевтың қызметінен босатылғаны болды. Естеріңізге салсақ, аталған округ әкімінің жұмысы Бектөбе ауылы тұрғындары тарапынан қатаң сынға алынып, бұқара әкімнің қызметтен кетуін талап еткен болатын. Осыған байланысты «болыс» былғары орындығымен қош айтысып отыр. – Тұрғындардың біздің жұмысымызға беретін бағасы аса маңызды. Алға қойылған міндеттерді орындай алмаған әкімдер жауапкершілікке тартылады. Мәселен Бектөбе ауылының тұрғындары есеп беру кездесуінде Қаратөбе ауылдық округі әкімінің жұмысын сынға алған болатын. Нәтижесінде ол қызметінен босатылды, – деді Б.Сапарбаев. Міне, осылайша Бердібек Сапарбаевтың есепті жиыны тұрғындарды тағы таңғалдырды. Олай дейтініміз, былтыр облыс әкімі Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылдық округінің әкімі Зубаржат Қамиеваның үстінен тұрғындар шағымданғанда «әкімдік қызмет әкеден қалған мұра емес» деп дүйім жұртты дүр сілкіндірген. Енді міне, есепті жиынында да жаза басқан «болыстың» басынан сипамай, жамбылдық әкімдердің арқасынан аяз жүгіртті.

Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы