Лицензиясынан айырылған AsiaCredit Bank салымшыларына басқа банк төлем жасайды
Лицензиясынан айырылған AsiaCredit Bank салымшыларына басқа банк төлем жасайды
145
оқылды
Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры AsiaCredit Bank салымшыларына төлемнің басталу күні мен тәртібі жайлы хабарлады. AsiaCredit Bank салымшыларына кепілдік берілген өтемді қордың қаражаты есебінен «Еуразиялық банк» төлейтін болады.
«AsiaCredit Bank депозиттерінде, ағымдағы шоттарында және төлем карточкаларында ақшалары бар жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өтем алуға өтініш бере алады. Кепілдік берілген өтемді төлеуге өтініш қабылдау биыл 24 ақпаннан басталып, 1 мамырға дейін жүзеге асырылады», – делінген Қордың хабарламасында.
Коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларға байланысты және кезекке тұруды азайту мақсатында агент банк қашықтан кепілді өтемнің сомасын тексеру, өтініш беру және төлемді алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Сәйкесінше салымшылар www.eubank.kz сайтында осы рәсімдердің барлығын жүргізіп, әрі толыққанды ақпарат ала алады. «Еуразиялық банк» лицензиясынан айырылған AsiaCredit Bank салымшыларына сенбі күндері де қызмет көрсетеді. Салымшы өтем ақшаны агент банктің бөлімшесінде алу опциясын таңдаған жағдайда, ҚДКБҚ Еуразиялық банктің бөлімшелеріне барудан алдын, оның сайты арқылы бөлімшелердің қаншалықты жұмысбасты екендігін біліп алуға кеңес береді. Кепілдік берілген өтем банк лицензиясынан айырылған күнге қарай есептелген сыйақыны ескере отырып, AsiaCredit Bank клиентінің депозитіндегі қалдық сома шегінде төленеді. Бұл ретте ол:
  • теңгедегі жинақ депозиттер бойынша – 15 млн теңгеден;
  • теңгедегі басқа депозиттер бойынша – 10 млн теңгеден;
  • шетел валютасындағы депозиттер бойынша – валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды (банк лицензиясынан айырылған күні белгіленген валюта айырбастау бағамы бойынша).
AsiaCredit Bank салымшысының банкте түрі мен валютасы бойынша екі және одан да көп кепілдендірілген депозиттері бар болса, Қор олар бойынша 15 млн теңгеден аспайтын көлемде кепілдік берілген жиынтық өтем төлейді. Бұл ретте әрбір салым түрі бойынша белгіленген лимиттер ескеріледі. Мысалы, шетел валютасындағы депозиттер бойынша шекті сома жоғарыда көрсетілгеніндей валюта баламасында 5 млн теңгеден аспайды. Агент банк арқылы кепілдік берілген өтемді алу үшін AsiaCredit Bank салымшылары агент банктің кез келген филиалы немесе бөлімшесіне барып, немесе www.eubank.kz сайты арқылы төлем алуға өтініш толтыра алады. Кепілді өтемді төлеу жөніндегі өтініш бланкісін тікелей агент банктен алуға немесе ҚДКБҚ сайтынан (www.kdif.kz) электронды нұсқасын жүктеп алып, алдын ала толтыруға болады. Өтемді алу үшін салымшы жеке басын куәландыратын құжатын көрсетуі қажет. Егер салымшының орнына басқа тұлға өтініш беретін болса, онда құқық белгілеуші құжаттар ұсынылады. Мысалы, нотариус куәландырған мұрагерлік құқығы туралы куәлік немесе сенімхат. Кепілдік берілген өтем салымшыға оның құжаттары агент банкке келіп түскен күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде төленеді. Салымшылар кепілдік берілген өтемді өздеріне ыңғайлы тәсілмен: агент банктің кассасынан қолма-қол ақшамен, сол агент банкте банк шотын (карточка) ашу немесе кез келген басқа банкке аудару арқылы алуға құқылы. Агент банктің барлық қаладағы филиалдары мен бөлімшелерінің мекенжайлары және жұмыс істеу тәртібі www.eubank.kz ресми сайтында және банктің анықтама қызметінде мына телефон нөмірлері арқылы қолжетімді: +7 (727) 332 77 22, +7 (771) 000 7722, +7 (700) 000 7722, +7 (702) 010 7722. Депозиттерінде Қор тарапынан сақталуына кепілдік берілген сомадан артық қалған ақшаларын алу үшін салымшылар, банкті мәжбүрлеп тарату туралы сот шешімі заңды күшіне енген соң, AsiaCredit Bank тарату комиссиясына өтініш беруге құқылы.