Балқаштағы туризмді дамытуға 30 миллиард теңге жұмсалады
Балқаштағы туризмді дамытуға 30 миллиард теңге жұмсалады
192
оқылды

Қарағанды облысында туристер үшін жаңа демалыс орындары ашылады. Балқаш курорттық аймағын дамытуға 30 млрд теңге жұмсалмақ.

Туризм саласындағы жоспарлар туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн-режимде өткен халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Карантиндік шектеулерге байланысты кездесу онлайн режимде өтіп, облыстың барлық телеарналары, облыс әкімдігінің әлеуметтік желілердегі аккаунттарда, сайттарда көрсетілді. – 2020 жылы сыртқы туризмнің жабылуы жағдайында біз ішкі туристік бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Бізде үш туркластер бар – бұл 50 өңірлік жобалар тізімінде тұрған ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңгені құрайды. Жеке инвестициялар есебінен тоғыз жаңа демалыс аймағының құрылысы басталады. Резервте жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 га бос жер бар, – деді облыс әкімі. Оның айтуынша, демалыс аймақтары орналасқан Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінде коммуналдық инфрақұрылымның құрылысы басталады. Өткен жылы онда жолдар жөнделді. Балқашта қалалық жағалауды абаттандыру көзделіп отыр. Жоба әзірленуде, содан кейін қаржыландыру мәселесі шешілетін болады. Балқаш өңірінің туристік саласын қарқынды дамыту жағдайында қала әуежайы ерекше рөл атқарады. Аэродромның ұшу-қону жолағы жөнделді, ендігі кезекте аэровокзал мен перрон ғимаратын қайта құру тұр. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу аяқталуда. Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Облыс әкімінің айтуынша, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарлануда. Инвестициялар 1 млрд теңгеден асады. Ал Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жерлерге жолдар жөнделуде. Биыл Жошы ханның тарихи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. – Туризмді дамыту біздің өңір үшін өте маңызды. Ең алдымен, бұл экономиканы әртараптандыру және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттырудың жаңа тәсілі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Ләззат Қожахметова, Қарағанды облысы.