Жамбыл облысында пәтер өртеніп, бес бала қаза тапты

Жамбыл облысында пәтер өртеніп, бес бала қаза тапты

Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жаңатас қаласындағы 5 қабатты тұрғын үйдің 3-қабатында өрт болып, 16 шаршы метр аумақты шарпыды,– деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Пәтер ішінде кәмелет жасына толмаған 2015, 2016, 2017, 2019 және 2020 жылғы бес бала қалып қойған. Ата-анасы сол кезде үйде болмаған.

Белгілі болғандай, балалардың әкесі жұмыста болған, ал анасы дүкенге шығып кеткен. Өрт салдарынан кәмелет жасына толмаған балалар түтінге уланып, жедел түрде ауруханаға жеткізілді. Алайда олар біраз уақыттан соң көз жұмды.

Оқыс оқиғаның себебін анықтау үшін Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбектің төрағалығымен құрылған комиссия оқиға орнына аттанды. Комиссия құрамында прокуратура, полиция департаменті, төтенше жағдайлар департаменті мен басқа да мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері бар.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан қара жамылған отбасыға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Психолог мамандар жұмылдырылып, жерлеу шарасын ұйымдастыруға көмек көрсетіледі.

Жаңатасқа Жамбыл облысы ТЖД басшысы мен жедел топ, жылжымалы өрт-техникалық зертхана, өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару қызметінің психологтары шықты.

Бұдан бөлек Жаңатас қаласына облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров пен Полиция департаментінің басшысы Жанат Сүлейменов аттанды.

Оқиға орнында өрт сөндіру қызметінің 6 қызметкері мен 1 техника жұмыс істеді. Өрт толығымен сөндірілді.