Қызылорда: Әкімдіктің 8 қызметкері жұмыстан қуылғаны рас па?

Қызылорда: Әкімдіктің 8 қызметкері жұмыстан қуылғаны рас па?

Бұл жөнінде тәуелсіз журналист Үйтолған Жареке өзінің фейзбук парақшасында «Төретам кенті әкімінің аппаратындағы былықтарды баяндаған хатты ұсынып отырмын» деп, жұмысшылардың шағымын былай жеткізеді.

«Сіздердің назарларыңызға Қармақшы Ауданы  Төретам кенті әкімінің аппаратындағы былықтарды баяндаған хатты ұсынып отырмын. Ұзын-ырғасы мынадай: "Кент аппаратында көптен жұмыс істеп жүрген 8 қызметкерді  жұмыстан шығарып жіберді. Барлығын куып орнына ақшамен адам алып жатыр. Бұрыннан өз қызметтерін мінсіз атқарып келе жаткан Ақтоты, Нұрсұлтан Бодаш, Гүлнұр, Рүстем, Гауһар, Данияр, Сая бәрі жұмыссыз қалды. Бодаш деген жігіттің әйелі Гүлнұрды да шығарып,  бір үйден екі адам жұмыссыз калып отыр. Осы былықтың бәрін жасаған Жамбыл Жұмабаевқа әй дер ажа жоқ па? Мекеме мемлекеттікі болсада ол неге білгенін істей береді?  Сүйенері аудан әкімі Мұса Қалдарбековке сеніп отырғанын топшылаймыз. Себебі қорықпастан орындарына жаңадан адам алуда. Жағдай онсызда мәз емес. Бір айлықпен әупірімдеп отырғанбыз. Сондықтан сіздерден көмек сұраймыз. Ауданға орынбасар болам деп ұрынып білгенін жасаған Жұмабаевты орынына қойыңыздар», – делінген хатта.
Осы мәселенің мән-жайын анықтамақ болып, Қармақшы ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысына қоңырау шалдық. Алайда мардымды жауап ала алмаған соң, Төретам кенті әкімінің орынбасары Дина Шакеевамен байланысқа шықтық.
«Ол кісілер ешқандай жұмыстан қуылған жоқ. Бірі зейнет демалысына шықса, ал енді бірі басқа мекемеге жұмыс ауыстыруына, басқа қалаға қоныс аударуына байланысты өз еріктерімен жұмыстан босатылды», – деп жауабын қысқа қайырды.

Н.ҚАЗБЕКОВ,

Қызылорда облысы