Шетелдік кадр азайды
Шетелдік кадр азайды
310
оқылды

Желтоқсан айындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екін­ші отырысында Президент Қ.Тоқаев Үкіметке 2020 жылы шет­ел­дік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны айтарлықтай, 40%-ға кемітуді жүктеді. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі тапсырманың орындалғанын мәлімдеп отыр.

Бұл қадамға Мемлекет бас­шы­сы тапсырмасымен 2019 жыл со­ңында жатжұрттық жұмыс қо­лын пайдаланатын 95 компанияға жүр­гізілген тексеру нәтижелері түрт­кі болыпты. Оның қоры­тын­ды­сында 930 заңбұзушылық анық­талған. Мәселен, шетелдік жұмыс­шыға қазақстандық әріп­тесіне қарағанда көп жалақы төленеді. Немесе жат­жұрттықтар «жоғары білікті маман» ретінде шақы­ры­лады, алайда шын мәнінде берілген рұқсатнамаға мүлдем сәйкес­пей­тін, жергілікті қызмет­керлер-ақ істей алатын жұ­мысты атқарады. Тіпті биік лауа­зымға жоғары білімі жоқ шетел­діктер алынғаны әшке­реленген.  

Жалпы, еңбек миграциясының жақсы жақтары да, теріс тұстары да жетерлік. Алайда халқы аз, озық да­мымаған, кадр даярлау саласы кен­же қалған, шенеуніктер арасын жемқорлық жайлаған елде тіпті заңдастырылған шетелдік жұмыс күшінің өзі қаржылық-экономи­калық шығындарға, еңбек дау­ла­рына, жұртшылық наразылығына соқтырады.

Осы орайда Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министр­лігі Қазақстанда шетелдік жұмыс­керлерді тартуға арналған квота биыл 40%-ға төмендетілгенін ха­барлады.

– Жұмыс берушілерге респуб­ликада еңбек ету үшін 2020 жылы шақыруға рұқсат берілген шетелдік жұмыс күшінің ең жоғарғы саны 29 мың 292 адамды құрайтын болады. Бұл жергілікті жұмыс күшінің 0,32%-ына тең. Квота 2019 жылғы 48 мың 700 адам көрсет­кішінен бірден 40%-ға азайтылып отыр, – деп түсіндірді ведомство.

Министрлік мемлекетімізде қандай шетелдік мигранттар қата­ры селдіреп, саны сирейтінін нақ­тылай кетті. Тарата айтсақ, жұмыс берушілер мамандар жататын 3-санат бойынша өзге ел азаматы саналатын қызметкерлерін 37%-ға, ал «білікті жұмысшыларға» қа­тысты 4-санатта 23%-ға қыс­қартуға міндетті. Олардың орнын қазақстандық мамандар мен жұмысшылар басуы шарт.

Бірақ бұдан да озық кеткен өңірлер бар. Мысалы, Ақтөбе, Ба­тыс Қазақстан, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыс­тары 4-санат бойынша шетелдік жұ­мыс­керлерді тартудан толықтай бас тартқан. Олар жұмыс беру­шілердің қажеттілігін тек жергі­лікті ма­ман­дар есебінен жабуды жоспарлап отыр.

Квотаны азайту, министрліктің байламынша, «ішкі еңбек нарығын білікті емес шетелдік жұмыс кү­шінен қорғауға, қазақстандық кадрларды көбірек жұмысқа орна­ластыруға мүмкіндік береді».

Дегенмен сарапшылар бұл қыс­қартулар тек заңды жұмыс кү­шіне ғана қатысты екеніне назар аудар­тады. Көші-қон тіркеуіне тұрудағы проблемалар көптеген келімсек жұмысшы мен маманды «көлең­кеге» кетуге мәжбүрлейді. Сонымен бірге экономистер шетел­­дік заңды еңбек күшінің жақсы жақтарына да мән беру керегін ескертеді: мәсе­лен, олар экономикадағы білікті кадрларға деген тапшылықты өтеп, өндірісті ілгерілетеді, отандық компания­лардың халықаралық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін көтереді. Алайда құзырлы орган­дардың бұл салада жөнсіздіктер­ге жол беруі кесірінен, еңбек даула­ры ұлта­ралық сипаттағы қақты­ғыс­тарға ұласып, кірме жұмысшылар жа­саған қыл­мыс артқандықтан, Қазақстан осын­дай шетін шараға баруға мәжбүр.