Бірқатар өңірде ескерту жарияланды
Бірқатар өңірде ескерту жарияланды
94
оқылды
«Қазгидромет» РМК 20 ақпанда ауа райының бұзылуына байланысты бірнеше өңірде ескерту жариялады. Алматы облысында жауын-шашын болады, кей жерлерде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Сондай-ақ тұман, жаяу бұрқасын, көктайғақ болжанады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 23-28 м/с жетуі ықтимал. Күндіз ауа температурасы 11-16, кей жерлерде 1-6 градус жылыдан 5-10 градус аязға дейін төмендейді. Жамбыл облысында жауын-шашын, кей жерлерде қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Сонымен қатар, тұман, жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, екпіні 30 м/с және одан жоғары көтерілуі мүмкін. Күндіз ауа температурасы 20-25, кей жерлерде 10-15, солтүстікте 1-6 градус жылыдан 5-10 градус аязға дейін төмендеуі мүмкін. Түркістан облысының таулы аймақтарда қатты қар жауады. Кей жерлерде тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын желдің күші кей жерлерде 15-20 м/с, таулы аймақтарда 30 м/с және одан жоғары болатыны болжанады. Күндіз ауа температурасы 21-26, кей жерлерде 11-16 градус жылыдан 0-5 градус аязға дейін төмендеуі ықтимал. Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі. Ақтөбе облысының кей жерлерінде тұман, жаяу бұрқасын болады. Оңтүстік-батыстан, батыстан жел соғады, күндіз кей жерлерінде екпіні 18 м/с артады. Қостанай облысының кей жерлерінде жаяу бұрқасын, тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, күші күндіз кей жерлерде 15-20 м/с жетеді. Түркістан мен Жамбыл облыстарында қатты жауын-шашынның болжамына байланысты 20 ақпанда тау бөктерлерінде су ағыны болып, өзендер арналарынан асатынын ескертуде.