«18 килогерц» фильмі прокатқа шықты
«18 килогерц» фильмі прокатқа шықты

«18 килгерц» фильмінің әлемдік тұсаукесері Варшава ха­лықаралық кинофестивалінде өтті. Отандық туынды фес­тивальдың бас жүлдесін жеңіп алды. 19 ақпаннан бас­тап Фархат Шәріповтің фильмін қалың көрермен кино­театрдан тамашалай алады.

Аталған фильмнің жетістігі мұнымен бітпейді. Кино­туын­ды­ны Германияның Котбус қа­ла­сында өткен 30-халықаралық кинофестивалінде үздік фильм атанды. Азиядағы Пусан халық­аралық кинофестивалінде «Азия киносына терезе» атты конкурс бағдарламасында көрсетілді. Бұл фильм Зара Есенаман­ның «Хардкор» повесінің желісі бойынша таспаланған. Туын­дыда 90-жылдардың соңындағы жасөспірімдердің өмірі сурет­теле­ді. Режиссер Фархат Шәрі­пов­тің айтуынша, фильмді жа­рыққа шығару үшін үш жыл кеткен. Көпшілік күткенімен, фильмнің жалғасын түсіру жос­парда жоқ. Бірақ режиссер қа­зіргі заман қыздарының бейне­сін көрсететін фильм түсіруді қол­ға алған. Фархат Шәріпов ендігі туындысында жасөспірім­дердің назарынан тыс қалатын тұстарды көрсеткісі келеді. Ал «18 килгерц» фильмінің түсірілімі Алматы қаласында өт­кен. Басты рөлді сомдаған жас­тар да үлкен кинодағы алғашқы қадамын жасаған.  Мұсахан Жұ­ма­хан, Әлібек Әбдікен, Ками­ла Фун-Со есімді жастар­дың дебьюті сәтті шықты. Түсір­ілім тобының айтуынша, «18 килогерц» – ересектер естімейтін дыбыс жиілігі. Яғни, жасөспірім­дердің уақытында шешілмей­тіндей көрінетін проблемасын түсіне білу. Шарасыз қалғандағы жүрек соғысы мен қорқыныш күші. Фильм аталған сәттің бәрін еске түсіруге тырысады.

Айбике ЖАНАСЫЛ