Экс-депутаттар қайда жүр?

Экс-депутаттар қайда жүр?

Мәжілістің жетінші шақырылымындағы жаңа құрамының  жұмысқа кіріскеніне де айдан асты. Әдетте қоғам Парламент депутаттарының құрамы жаңарған кезде бұрын заң шығарушы орган төрінде отырғандарды іздеп, қайда жүргенін бір пысықтап алатын. Оның үстіне, биыл Мәжіліс құрамы біршама жаңарғаны да байқалады. Демек, экс-депутаттардың қайда, нендей іспен айналысып жүргені қызық. Өйткені кем дегенде 80-нен астам адам «жұмыссыз» қалды.

Негізі, қаңтардағы сайлауда Мә­жілістегі депутаттар құрамын барлық партия жаңартты деуге болады. Әсіресе, «Nur Otan» партиясының партиялық тізіміне көп өзгеріс енген еді. Айталық, партия фракциясының құрамы 70 пайыз­ға жаңарған. Мәжілістің алтыншы шақырылымында 84 нұротандық депутат болса, жетінші шақыры­лымға олардың 17-сі ғана өткен. Әрі соңғы сайлауда елдегі ең қуат­ты партия Мәжілістегі 76-орын­­­ға ие болды. Ал «Ақ жол» партиясының 12 депутатының 8-і жаңа, 4-еуі VI шақырылымда Мәжілісте болғандар. Яғни, 66,7 пайызы жаңа тұлғалар. Бұрынғы «коммунистердің», қазіргі Қазақстан халық партиясының депутаттары 70 пайызға жаңарды. 10 депутаттың 7-еуі жаңа, үшеуі «ескі». Бірақ «ақ­жолдықтар» мен «халықшылдардың» VI шақырылымда жеті-жетіден ғана депутаты болғанын ескерсек, олардың құрамы 57 және 42 пайыз ғана жаңарған. Ал Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық құрамы 88 пайызға өзгеріп, VI шақырылымнан 1 ғана депутат Мә­жілістің жаңа құрамына енді. Демек, «Nur Otan» партиясынан 67, «Ақ жолдан» 3, ҚХП-дан 4, Қазақстан халқы Ассамблеясынан 8, барлығы 82 адам Мә­жілістің жаңа құрамы анық­талған соң жұмыс іздеуге кірісті деген сөз. Әрине, бұрынғы шақырылым де­­­­путаттарының бірқатары зейнет жасына жеткенін, сол себепті Пар­ламенттегі қызметтерін аяқ­таған соң зейнетке шыққанын да ескеру керек. Айталық, Мәжілісте бұрын депутат болған Омархан Өксікбаев, Владислав Косарев, Қуаныш Сұлтанов, Абай Тасболатов, Жексенбай Дүйсебаев, Тұрғын Сыздықов, Қабиболла Жақыпов, Бақытжан Ертаев, Владимир Божко, Гүлжан Қарағұсова қатарлы азаматтар баяғыда зейнет жасына жеткен, яғни жастары 65-тен 83-ке дейінгі аралықтағы депутаттар еді. Дәлірек айтқанда, өт­кен шақырылымда жасы 65-ке толған немесе одан асқан 23 депутат, 62-64 жас аралығында 11 депутат болған. Яғни, өткен шақырылымда зейнет жасына жеткен 34 депутат қызмет етіпті. Экс-депутат Омархан Өксікбаев масс-медиаға берген бір сұхбатында «Nur Otan» партиясының фракциясында жасы 60-тан асқан бірде-бір депутат қалмағанын айтқан еді. Сондықтан VI шақырылымнан кейін қызметінен босаған 82 депутаттың 48-і ғана жаңа жұмыс іздеуге мәжбүр болса керек.

Экс-депутаттың біразы жұмысқа орналасты

Ашық дерек көздерінен алын­ған мәліметтерге қарағанда, Мә­жі­лістің VI шақырылымында депутат болған бірқатар азамат қазірдің өзінде жұмысқа орналасып үлгерді. Атап айтқанда, экс-депутат Нұржан Әшімбетов Павлодар облысы Ақсу қаласының әкімі болып тағайындалды. Ал Шавкат Өтемісов Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің аппарат жетекшісі болып қызметке кірісті. Кәрібай Мұсырманов қазір «Егемен Қазақстан» газеті бас редакторының орынбасары ретінде қызмет етіп жатыр. Сөйтіп, экс-депутат бұ­­­­рын­­ғы кәсібіне оралды. Зейнет жасына жеткен Гүлмира Исимбаева қаңтардың 21-інен бері Абай атындағы Қазақ педагогикалық университеті директорлар кеңесінің төрағасы болып еңбек етуде. Ал 17 ақпан күні Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті басшысының бұйры­ғы­мен тағы бір экс-депутат жұмыс­қа ор­­­наласты. Ол – Серік Сейдуманов. Министрлік оны «Философия, саясаттану және дінтану институты» РМКК директоры қызметіне тағайындапты. Бірақ С.Сейдуманов та 63 жасқа толған азамат. Шамасы, БҒМ шенеу­ніктері әлеуметтану ғылымдары докторының ғалым ретіндегі еңбегін әлі де пайдалана тұруды көздесе керек, әйтеуір қызмет ұсыныпты. Ал экс-депутат, зейнеткер Қуаныш Сұл­танов­ты академик Төрегелді Шарманов «Тө­регелді Шарманов атындағы халықаралық қор­дың» қамқоршылық кеңесі­нің төрағасы етіп тағайындады. Әрине, бұл қызмет ресми лауазым емес, қоғамдық негіздегі жұмыс екенін ескерсек, Қ.Сұлтановты ресми түрде зейнеткер деп бағалауға болады.

Партиялар кадрларын қалай пайдаланып жатыр?

Негізі, партиялар зейнет жасына жеткен азаматтарды Мәжілістің VII шақырылымына арналған тізімге қоспауды әу бастан-ақ ұстаным қылғанға ұқсайды. Рас, «Nur Otan» партиясы праймериз өткізу арқылы партиялық тізімге жаңа есімдер қосқан болатын. Сонымен қатар әйелдер мен жастарға арналған жеке квотаның берілуі де депутаттар тізімін өзгерткенге ұқсайды. Тек экс-депутаттарды партиялар қалай пайдаланып жатыр деген мәселе бар. Біз партиялардың VI шақырылым депутаттарын қандай қызметке тағайындағанын зерделеу барысында сөз басында айтқанымыз­дай, биліктегі партияның Мә­жілістегі фракциясынан жасы 60-тан асқан азаматтың барлығы кеткені белгілі болды. Бірақ зейнет жасына жетпеген азаматтардың нақты қандай қызметтерге орналасқанына қатысты «Nur Otan» әзірге мониторинг жасамапты. Ал «Ақ жол» демократиялық партиясының баспасөз қызметі біздің сауалымызға жауапты басшылар беретінін айтты да, одан соң жым-жырт болып, хабарсыз кетті. Дегенмен қаңтарда экс-депутат Меруерт Қазыбекованың «Ақ жол» демократиялық партия­сы төрағасының орынбасары болып тағайындалғанын білеміз. Ал Екатерина Никитинская зейнетке шыққанға ұқсайды. Ол жайлы мәлімет жоқ. Тек ол былтыр 65-ке толған болатын. Партия­ның тағы бір мүшесі, экс-депутат Кеңес Әбісәтіров жайлы дерек табылмады. Әзірге партия оған нақты қызмет ұсынбаған тәрізді. Бірақ оның да зейнет жасына жақындап қалғаны белгілі. Қазір 62 жаста. Бір жылдан кейін зейнеткер болып шыға келеді. Қазақстан Халық партиясы болса, Мәжілістің VI шақыры­­лымда қызмет еткен, кейінгі құ­­рамға кірмеген экс-депутаттарын тиімді пайдаланып жатқанға ұқсайды. Партияның баспасөз қыз­­меті біздің сауалымызға «Қазақ­стан Халық партиясы парламенттік фракциясының жаңа құ­ра­­мына енбеген Парламент Мә­­­жі­­­лісінің VI шақырылымдағы де­путаттары партия құрылымында қызмет етіп жатыр. Қазір Галина Баймаханова Қа­зақстан Халық партиясы Орталық бақылау-тексеру комиссиясының төрағасы. Магеррам Магеррамов пен Тұр­ғын Сыздықов партия хатшысының кеңесшісі. Владислав Ко­­сарев жасына байланысты зей­нетке шықты» деп жауап берді. Дегенмен партия зей­­­нет жа­сына жеткен Г.Баймаханова мен Т.Сыз­дықовты қызметке та­ғайындапты. Бәлкім, 84-ке келген В.Косарев тәрізді әлі біраз партия қызметіне үлес қосатын шығар деген үміт болды ма, кім білсін?! Әйтеуір, экс-коммунист һәм экс-депутаттар жұмыссыз емес.  P.S.

Негізі, сайлаудан кейін бір жарым ай ғана өткенін, экс-депутаттардың бірқатары біраз демалып алуды да көздеуі мүмкін екенін ескерген жөн шығар. Оның үстіне, экс-депутаттардың арасынан қаң­тар мен ақпанда бірнеше азамат қыз­­метке орналасты. Сондықтан бұл тақырыпқа жарты жылдан соң оралып, кімнің қайда, не істеп жүргенін тағы бір пысықтармыз. Алты ай ішінде жұмыс таппаса, экс-депутаттарға біздің де қояр сауалымыз болары анық. Ал біз хабарласқан экс-депутаттың біразы қыз­­мет іздеуге асық­пайтындарын байқатты.

Ардақ СҰЛТАН