Біздегі зейнеткерлердің классикалық бет-бейнесі қандай? Жасы алпысты алқымдаған, немере-шөбере бағып отырған, көпшілігі таяққа сүйенетін, денсаулығы да біршама сыр берген адамдарды ойладыңыз ба? Жә, бәрі бірдей мұндай бейнеде болмаса да, басым көпшілігінің кешіп отырған күйі осындай екеніне еріксіз келісетін боларсыз. Неге біздің зейнеткерлер желіп жүріп жер танып, жаңа қызығушылық тауып, қамсыз ғұмыр кешпейді? Ал өзге елдерде зейнет жасындағылар не істейді?
Негізі, мемлекеттің қаншалықты дамығанын көрсететін факторлардың бірі ретінде ол елдегі зейнеткерлердің жағдайына қарап баға беруге болады. Әлбетте, қартайған шақта әдемі ғұмыр кешуге мүмкіндік беретін елдер туралы сөз етсек, бірінші кезекте Батыс елдері еске келеді. Мысалы, экономикасы әлем бойынша ең мықтылардың қатарында саналатын Германияны алып қарасақ. Мұнда зейнеткерлерге жасалған жағдайға қызыға қарауға болады. Ер де, әйел де 67 жаста зейнетке шығады. Одан ерте шығуға да құқылы. Ол үшін әр жұмыс істемеген айы үшін жинағының шамамен 0,3 пайызындай қаражатты толықтыруы керек. Бұл елде әйелдер орта есеппен 630 еуро алса, ерлер – 1080 еуро. Ал мемлекет бойынша орташа зейнетақы мөлшері 770 еуро екен. Біздің валютаға шаққанда, шамамен 390 мың теңгедей қолға алады деген сөз. Америкада ерлер 67 жастан бастап шықса, әйелдер үшін бекітілген жас – 65. Орташа зейнетақы – 1 503 доллар. Теңгемен есептегенде, бұл 600 мың теңгеден асып жығылады. Америка зейнетақы жүйесінің бір ерекшелігін айта кету керек. Яғни, америкалық бір компанияда он жыл жұмыс істеп, қажетті зейнетақы жинағын жинап алуға болады екен. Осы ретте зейнетақы жинағының бір бөлігін алуға жеткілікті шекке 40 жылдық жұмыс өтілінің өзімен жеткізе алмай отырғандар еріксіз еске түседі. АҚШ азаматтарының дені зейнетке шыққанша 2-3 есе көп қаражат жинайды деседі. Егер ертерек шыққысы келсе, себебін көрсетіп, өтініш қалдырады. Бірақ ол жағдайда зейнетақы мөлшері алуы тиіс соманың 70 пайызындай болады. Сонымен бірге мемлекеттік зейнетақы қорына аударатын ақшадан бөлек, азаматтар қосымша зейнетақы қорына да жинақ жинай алады. Мемлекеттік қорға салатын сома жалақының 15 пайызына тең. Оның жартысын – өзі, жартысын қызмет ететін кәсіпорны төлейді. Сарапшылар Ұлыбританиядағы зейнетақы жүйесі жайлы көбіне жақсы пікір айтады. Мұнда зейнетақының мемлекеттік, жеке және еңбек еткен жылдарына байланысты берілетін түрлері бар. Ерлер 65 жаста шықса, әйелдер – 60-65. Егер зейнеткерлік жастан кейін де жұмысын жалғастырса, әр жылына қосымша үстемеақы төленеді. Орта есеппен ұлыбританиялық азамат аптасына 125 фунт алады екен. Яғни, әр апта сайын есепшотыңыз 70 мың теңгеден астам қаражатпен толығады деген сөз. Базалық зейнетақы алу үшін корольдікте кем дегенде 10 жыл жұмыс істеуі міндетті. Әр еңбек еткен жылына зейнетақы мөлшері 4,44 фунтке өсіп тұрады. Сонда базалық зейнетақы бойынша аптасына минимум 44,4 фунт төленеді. Айтқандай, мемлекеттік түрінен бөлек жеке зейнетақы жүйесі де бар. Ол дегеніміз – жеке қаржы мекемелерінде жинақтауына да рұқсат берілетінін білдіреді. Осылайша, ай сайынғы төлем мөлшерін таңдауда шектеу жоқ. Жалдамалы қызметкерлері табысының орта есеппен 5-8 пайызын салып отырады деседі. Заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, қажет болған жағдайда төрттен бірін шешіп алуға болады. Еш салық ұсталмайды. Ал енді соңғы үш онжылдықта ғана дамуға бет алған өзіміз сияқты елдерден де бір үлгі қарастырып көрсек. Мұндай елдердің бірі – Қытай. Мұндағы жүйенің ерекшелігі – ауыл шаруашылығында еңбек еткендерге зейнетақының берілмеуі. Бұл жағдай кеңестік кезеңді көрген азаматтарға жақсы таныс. Өйткені КСРО-да да 60-жылдарға дейін ресми түрде зейнетақы төленбей келген еді. Ұжымшар тарапынан аздаған жәрдемақы берумен шектелген. Қытайда ерлер 60 жасында зейнетке шығады. Менеджер әйелдер – 55, қалғандары 50 жаста зейнеткер атанады. Дамуы жағынан біршама алға кетсе де, мұнда осы зейнетақы жүйесіне қатысты біршама келеңсіздік бары жиі айтылады. Бұл елдегі орта зейнетақы мөлшері – 150-200 доллар шамасында. Неге бір жолға қойылмайды деген заңды сауал туындайды. Оған халық санының, соның ішінде жасы 65-тен асқандардың өте көп екені себеп болып отыр. Тууға қойылған шектеудің салдарынан бүгінде Қытай қартаю қарқыны жоғары ұлт саналады. Әйтсе де, ел бюджетінің 40 пайызы осы зейнетақы төлемдеріне кетеді деседі. Жағдай бірақ соншалықты қайғылы, яки көңілсіз деуге келмейді. Себебі қытайлық қарттар зейнет жасына келгенде жап-жақсы ғұмыр кешеді екен. Тіпті, дамыған кей елдерді басып озады деген де пікір бар. Өйткені бұларда дәстүр мен үлкендерге деген құрмет ерекше. Тіпті, үлкенді сыйлау мәдениеті қалыптасқан. Қытайлық қарттар зейнетке шыққан соң өмірді құдды жаңадан бастағандай болады дейді. Достарымен ел-жер аралып, спортпен шұғылданып, белсенді бола түседі екен. Оларға арналған жеңілдік түрі де, тегін уақыт өткізуге арналған нұсқалар жетерлік. Одан бөлек, туристік фирмаларда әлем аралауға мүмкіндік беретін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Соның арқасында қытайлықтар топтасып, дүниежүзін аралауды жөн көреді.Жадыра АҚҚАЙЫР