Балқашты дамытуға 30 миллиард жұмсалады
Балқашты дамытуға 30 миллиард жұмсалады
129
оқылды
Қарағанды облысында ту­ристер үшін жаңа демалыс орын­дары ашылады. Балқаш курорт аймағын дамытуға 30 млрд теңге жұмсалмақ. Туризм саласындағы жоспар­лар туралы Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимде өткен халық алдындағы есептік кездесуінде айтты. Каран­тин шектеулеріне байла­ныс­ты кездесу онлайн режимде өтіп, об­лыстың барлық телеарналарында, облыс әкімдігінің әлеуметтік желі­лердегі парақшаларында және сайтт­арда көрсе­тілді. – 2020 жылы сыртқы туризмнің жабылуы жағдайында біз ішкі туристік бағыттарды дамытудың қаншалықты маңызды екеніне тағы да көз жеткіздік. Бізде үш туркластер бар. олар –50 өңірлік жоба­лар тізімінде тұрған ұлттық жоба­лардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық ай­мағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд теңге. Жеке инвес­тициялар есебі­нен тоғыз жаңа демалыс аймағы­ның құ­рылысы басталады. Резерв­­те жағалау аймағындағы туристік инфрақұрылым үшін тағы 60 гек­тар бос жер бар, – деді облыс әкімі. Оның айтуынша, демалыс ай­мақ­тары орналасқан Тораңғалық және Шұбар-Түбек кенттерінде коммуналдық инфрақұрылымның құрылысы бас­талады. Өткен жылы онда жолдар жөн­делді. Балқаш өңірінің туристік сала­сын қарқынды дамыту жағдайында қала әуежайы ерекше рөл ат­қарады. Аэро­дромның ұшу-қону жолағы жөнделді, ендігі кезекте аэровокзал мен перрон ғимаратын қайта құру ісі тұр. Жобалық-сме­та­лық құжаттаманы әзірлеу аяқ­талып қалды. Туристік сала Қарқаралыда да кеңеюде. Облыс әкімінің айтуын­ша, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарланып отыр. Инвес­тициялар 1 млрд теңгеден асады. Ал Ұлытауда туристер үшін визит-орталық салынды. Ауданда қасиетті орындар мен көрікті жер­лерге баратын жолдар жөнделіп жатыр. Биыл Жошы ханның тари­хи-мәдени кешенінің құрылысы аяқталады. – Туризмді дамыту біздің өңір үшін өте маңызды. Ең алдымен, бұл экономиканы әртараптандыру және жергілікті халықтың өмір сүру сапасын арттырудың жаңа тә­сілі болмақ, – деп атап өтті Жеңіс Қасым­бек. Қарағанды облысында ауқым­ды құрылыс жұмыстары жалғаса­ды. Биыл кезекте тұрған 3 мыңнан астам адамды әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарда бар. – Халықты толғандыратын бас­ты мәселелердің бірі – тұрғын үй және инфрақұрылым. Облыста 36 мыңнан астам азамат әлеуметтік тұрғын үй кезе­гінде тұр. Біздің мін­детіміз – барынша көбірек құрылыс жүргізу. Өткен жылы өңір бойынша ауқымды құрылыс жұ­мыстары жүргізілді. Рекордтық 530 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 2019 жыл­мен салыстырғанда 26%-ға артық. 6 500-ге жуық отбасы тұр­ғын үй жағдайын жақсартты, – деді облыс әкімі. Қарағанды облысында 2021 жылы 2 600 жұмыс орнын құратын 14 жаңа өндірісті іске қосу көзделіп отыр. Инвестиция көлемі 700 млрд теңгеден аспақ. – Барынша көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойып отырмыз. 2020 жылы 678,3 млрд теңге тар­тыл­ды, оның ішінде жеке қара­жат­тың үлесі – 81,6%. 11 жаңа ин­вес­тициялық жобаның іске қосылуы 2 500-ден астам жұмыс орнын қам­тамасыз етеді. 2021 жылы кемінде 715 млрд теңге инвестиция тартуды жос­парлап отырмыз, оның 80%-дан астамы – жекеменшік. 282,2 млрд теңгеге 14 жаңа өндіріс ашылады деп күтілуде, олар тағы 2 600 адамды жұмыспен қамтамасыз етеді, – деді облыс әкімі. Жақын арада көктемде Жәй­рем­дегі байыту фабрикасы, фер­роқорытпа зауыты және Qaz Carbon агломерациялық фабрикасы іске қосылады деп жоспар­лануда. 15 жыл тұрып қалған Сарандағы бұрын­ғы РТБ зауытына екінші ты­ныс берілді. Алаңда қытайлық Yutong компаниясының қатысуы­мен автобустар мен арнайы тех­ника шығаратын кәсіп­орын іске қосылды және жақын арада шағын торапты құрастыру цехы іске қо­сылатын болады. Сондай-ақ биыл ресейлік «Татнефть» компаниясының қа­тыс­уымен шина шығаратын зауыт­тың құрылысы басталады. – Жұмыс орындарының қыс­қаруына жол бермеу үшін біз алға көп инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын құру міндетін қойып отырмыз, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Қарағанды облысында биыл кәсіп­керлікті қаржыландыру 2,5 есеге өсті. – 2020 жылы Бизнестің жол кар­тасы бойынша жеңілдікті ша­рт­­тармен облыстың 420 кәсіпорны өңір эко­номикасына 48 млрд теңге салып, өз жобаларын іске асыра алды. Бұл 2019 жылмен салыстыр­ған­да екі есе көп. Биыл кәсіпкер­лікті қолдауға бюджетте 7 млрд теңге қарастырылған. Ол өткен жылдан 2,5 есе артық, – деді облыс әкімі. ШОБ-ты мемлекеттік қолдау 2 400 тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік берді. Бір жыл ішінде өз ісін ашуға 1 900 өтеусіз грант берілді. Облыс әкімінің жүз гран­тын жас кәсіпкерлер алды. Түрлі мемлекеттік бағдар­лама­лар бойынша қаржылық қолдауды 3 700 кәсіпкер пайдаланды. Биз­неске тегін оқыту курстарынан 2 800 адам өтті. Билік жергілікті өнімді ілгерілетуге көп көңіл бөледі. – Бірлескен күш-жігермен мемле­кеттік сатып алулардағы жергілікті қамту үлесін екі есеге ұлғайттық. «Ар­селорМиттал Теміртаумен» қол қойылған мемо­рандум аясында кәсіпорынның Қарағанды өндірісінің шикізаттық емес тауарларын сатып алуы алты есеге өсті. Қарағандылық кәсіп­кер­лерді тап­сырыстармен қам­тама­сыз ету бойынша жұмыс жал­ғасатын болады. Бұл – біздің жұмысымыздағы басымдық­тар­дың бірі, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек. Қарағанды өңірінде жаңа оқу жылы­нан бастап мектептерде тегін тамақпен қамтамасыз етіле­тін балалар саны ар­тады. – Биылдан бастап барлық 1-2-сынып оқушыларын тегін ыс­тық тамақпен қамтамасыз еттік. Қыркүйек айынан бастап 3 және 4-сыныптарды қамтимыз, – деді облыс әкімі. Өңір басшысы сондай-ақ облыс­та заманауи білім беру орта­сын құруға көңіл бөлінетінін атап өтті. Жыл ішінде облыста жаңа жабдықтармен жабдық­талған 26 қо­сымша білім беру орталығы ашыл­ды. Жаңа мектептер Жезқаз­ғанда, Қарағандыда және Ұлытау ауданында салынды. Биыл тағы төртеуін Шет ауданының Киікті ауылында, Жезқазған қаласының Теректі стансасында, Жаңа­арқа ауданының Жаңаарқа кентінде және Қарағандыда тапсыру жос­пар­ланып отыр. – Мектепке дейінгі оқытумен 3 жас­тан 6 жасқа дейінгі барлық бала қам­тылған. Енді біздің мін­детіміз – 3 жасқа дейінгі және ерек­ше қажеттіліктері бар бала­лар­ды балабақшалармен қамтама­сыз ету. Осы жыл аралығында 1 500 орын­дық 15 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылады. Бұл 3 жасқа дейінгі балаларды қамтуды 61%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді, – деп хабарлады Жеңіс Қасымбек. Биыл Қарағанды облысында меди­цина саласында ауқымды жобаны жүзеге асыру жоспар­ланып отыр. Атап айт­қанда, бұл ауылдарға қатысты. Модульдік фельдшерлік-акушерлік пункттер пайда болатын 32 елді мекен таңдалды. – Өткен жылы Қарқаралы ауда­нының Қарағайлы кентінде және Нұра ауданының Шахтер ауылында жаңа ауылдық дәрігерлік амбулаториялар салынды. Абай және Шет аудандарында орталық аудандық ауруханалар жөнделді. Осы жылы Ақтоғай және Нұра орталық аудандық ауруханалар да осындай өзгерістерді күтіп отыр. Ағадыр кентіне жұмыс сапарым кезінде ақсақалдар аурухана ғимаратын жөндеу қажет еке­ніне назар аударды. Биыл міндетті түрде жұмысты бастаймыз, – деді облыс әкімі. Жеңіс Қасымбек онкодиспан­сердің Жезқазғандағы филиалын ұйымдастыру мәселесін шешуге уәде берді. – Жиһазбен және қажетті тұр­мыстық техникамен жабдықталған қызметтік пәтерлерді беру есебі­нен дәрігерлер мен жас маман­дарды тарту мәселесін ше­шеміз. Екі жыл ішінде 227 дәрігер бас­панамен қамтылды. Алдағы екі жылда біздің облысқа жұмыс істеуге келген кем дегенде 300 маман пәтер алады, – деді Жеңіс Қасымбек. Жеңіс Қасымбек 2020 жылдың қоры­тындысын шығарып, биылғы ат­қарылатын жұмыстар туралы баяндады. Содан кейін тұрғындар­дың сұрақтарына жауап берді. Эфир кезінде тікелей желі жұмыс істеп, сұрақтар мен өтініштер 109 нөмірі бойынша және WhatsApp 8-708-703-58-58 нөміріне қабылданды. Соны­мен қатар есеп беру кездесуін тран­сляциялау үшін облыс орталығын бес нүкте­сінде LED-экрандар орнатылды. Есеп беру үш жарым сағатқа созылды.

Ләззат ҚОЖАХМЕТ, Қарағанды облысы