Екі күн бойы жоғалып кеткен бала табылды(видео)
Екі  күн бойы жоғалып кеткен бала табылды(видео)
116
оқылды

16 ақпанда Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының полиция бөліміне 16 жастағы жасөспірімнің қыстақтан шығып кетіп, қайтып оралмағаны туралы хабарлама түскен.

Баланың ата-анасы екі күн бойы өз күшімен іздеген, алайда таба алмаған.  Полицейлер бірден бірнеше топқа бөлініп, хабар-ошарсыз кеткен жасөспірімді іздеуге кіріскен.

– Баланың үйінде болғанда ата-анасы үмітін үзген. Бізден тым болмағанда мәйітін табуды сұрады. Далада қасқыр бар, ал жасөспірім бала екі күннен бері жалғыз, оны тірі табу мүмкін емес еді. Сөйтіп, іздеу жұмыстары таңда басталды. Ол жер тау-тасты болғандықтан атпен шықтық. Кейбір жерде адам ізі жатты. Бірақ іздеу жұмыстары бізге дейін де жүргізілгендіктен, ауыл тұрғындарының ізі болуы ықтимал еді. Сондай-ақ жоғалған бала камуфляжды киім кигендіктен, іздеу жұмыстары одан әрі қиындады, – дейді Жаңаарқа ауданы Бидайық кентінің учаскелік полиция инспекторы Жұбаныш Жүнісбеков.

Олар аязды күні кеш қарайғанға дейін баланы іздеуін тоқтатпаған. Арасында ат өте алмаған жерді полицейлер жаяулатып тексерген. Содан алаңқайдағы бір шөмеленің қасынан баланың күртешесін тауып алады. Сөйтсе,  жасөспірім ызғарлы желден ықтанып, тастардың арасында жатыр екен.

– Біздің қандай күйде болғанымызды айтып жеткізе алмаймын. Оны көтеріп алып, құшақтап, қол-аяғын ысқылай жөнелдік.  Бала үн-түнсіз тұрды. Біздің кім екенімізді, оны қалай тапқанымызды түсінбеді. Алғашқы жарты сағатта оған бір ауыз сөз айтқыза алмадық. Артынан ол бізді елестеген екен деп ойлаған, – деді Жұбаныш.

Ол далада жүріп, адасып қалыпты. Сонда да жол іздеуін қоймаған. Түнде ғана өзінің шаршағанын әрі тоңғанын түсінген. Шөмелеге кіріп жылынбақ болған. Алайда қасқырдың ұлығаны естіліп қоймаған соң, кірпік ілмеген екен. [embed]https://youtu.be/cMsmoE5VwB8[/embed]