Азғындармен күресуге дайынсыз ба?
Азғындармен күресуге дайынсыз ба?
147
оқылды

Педофилдерге қатысты жаза күшейгенін білеміз. Биылдан бастап бұл ауыр қылмыс қатарына жатқызылып, тараптардың келісімге келуіне тыйым салынды. Жазаның қата­юын қоғам жылы қабылдап, азғындардың азаятынына сенген. Енді құқық қорғаушылар осындай қылмысты жасырып қалғандарды да жазаға тартпақ. Осылайша, кәмелетке толмағандарға жасалатын зорлық-зомбылықтың санын қысқарту көзделіп отыр. Жалпы, жазаны қатайту, айыппұл салу құқықбұзушылықпен күресудің тиімді тәсілі екені рас. Алысқа бармай-ақ, Нұр-Сұлтанда орнатылған «Сергек» камераларын мысалға келтірсек. Қомақты айыппұл төлеп, қалтасы қағылған елордалық жүргізушілер қазір ереже бұзудан аяқ тартатынын ескерсек, бұл жолғы шара да оң әсер береріне сенуге болады.

Аталған өзгеріске толығырақ тоқтала кетсек. Әділет порталы жариялаған «Қазақстан Рес­пуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қыл­мыс­тық-процестік заңнаманы же­тілдіру және жеке адам құқық­тарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заңына сәйкес, кәмелетке толмаған адамның зорлық жай­лы немесе жасалғаны анық бел­гілі ауыр қылмыс ту­ралы хабар­ламағаны үшін (ҚК 434-бабы) және осындай қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша дәлел­демелерді бұрмалағаны үшін (ҚК 416-бабының 6-бөлігі) жауапкершілік енгізілді. Яғни, бұдан кейін жауырды жаба то­қуға атсалысқандар да жазалан­бақ. Бұл қоғамдағы осындай өр­шіп тұрған дертпен күресуге жасалған кезекті қадам деп тү­сінуге болады. Мысалы, өткен жыл­дың өзінде кәмелетке тол­ма­ғандарға қатысты 750 оқиға тіркелген. Оның ішінде 11 жасқа дейінгі балаларға қатысты 208, 12-13 жастағы балаларға қатысты 106, 14-15 жастағыларға қатысты 338, 16-17 жастағы жасөспірім­дерге қатысты 98 қылмыстық іс қозғалған. Бұл Бас прокура­тура­ның ресми дерегі. Ал ІІМ мәлі­ме­тінше, балаларға зорлық жа­сау­шылардың 80%-ы жақын адамдары екен. Олар зәбір көру­шінің жақын туысы, көршісі немесе бірге тұратын адамдар болуы мүмкін. Бұл анықталған қылмыстар. Ал жабулы қазан жабулы күйі қалған оқиғалар қаншама?! Бұл біздің қоғамның әлі күнге құқық қорғау орга­ны­ның қызметкеріне менсінбей қа­рауы мен полицияға шағым­дануды ар санауының салдары. КСРО-ның сарқыншағы іспет­тес бұл түсінік өткен ғасырдың 30-жылдары ұлттық элитаны қудалау мен қылмыспен күрестің күшеюінің нәтижесінде пайда болған шығар. Кеңестік режимге келіспейтіндер құқық қорғау­шы­ларға деген жеккөрініш пен олардан қылмысты жасыру ар­қылы үнсіз қарсылық танытты. Әлеуметтанушы Айсұлу Мол­дабекова бұл қағиданың әлі күнге ескірмеуінің себебі біздің азаматтық қоғам қалыптастыра алмауымызда деп санайды. Ай­туынша, азаматтар қазірдің өзін­де куәгер болудан, полицияға шағымданудан қашады.

2019 факт педофил.jpg

«Бізде жабық тақырыптар көп. Отбасының жеке ісіне қол сұғуға болмайды деген қасаң қа­ғидалар бар. Яғни, бала немесе әйел зорлық-зомбылық көріп жатса, оны отбасының ішіндегі мәселе деп қарап, жақын туыстар мен көршілердің өзі араласпай, жасырып, құқықтық органдарға хабар бермейді. Бұл біздің қоғам­дағы көп қылмыстың, әсіресе зорлық-зомбылыққа қатысты істердің ашылмай қалуына сеп­тігін тигізіп отыр».

Бірақ бұл мәселенің бір ұшы ғана екенін ұмытпаған жөн. Маман тұрғындардың полицияға хабарласпауына заң талаптарын дұрыс түсінбеуі де себеп деп отыр. Сондай-ақ құқықтық жа­уапкершіліктен бөлек қылмыс­тың ашылуына атсалысқан адам­дарды материалдық немесе ма­териалдық емес тұрғыда қолдау, насихаттау да артық етпейді деп санайды. Осылайша, азамат­тардың полициямен бірлесіп әре­кет етеді. Әлеуметтанушы­ның ойын­ша, қоғамды өзгерту үшін айып­пұл мен қатаң заң жеткіліксіз.

«Біріншіден, осы заң аясында мектептерде әр балаға психо­лог­тар мен құқық қорғау орган­да­ры­ның қызметкерлері кеңес бе­ретін сенім телефондарының нөмірі берілуі тиіс. Қандай жағ­дайда қо­ңырау шалуы керектігі бала­лардың өздеріне түсіндірілуі тиіс. Екіншіден, қоғамда да қан­дай жағдайда құқық қорғау ор­ган­дар­ға хабарлау керек: тәртібі тү­сін­дірілуі керек, ақпараттық ролик­тер, газет бетінде мақала, т.б. арқылы. Заңды қабылдау бө­лек, оның толыққанды жүзеге асуы­на жағдай болуы бөлек әң­гіме», – дейді Айсұлу Молдабекова.

Оның пікірімен НеМолчиKZ қоғамдық қорының президенті Дина Смаилова да толық келі­седі. Айтуынша, балалар көп жағ­дайда жыныстық зорлық-зом­былық көріп жүргенін түй­сінбеуі мүмкін. Тіпті, азғындар оны ойын деп түсіндіріп, құпия сақтау керегін айтатын көрінеді. Сәбиқұмарлар бүлдіршінді аз­ғындыққа күш көрсету арқылы емес, алдап-сулап көндіруге дағ­дыланған. Ал бала не болып жат­қанын дұрыс бағалап үлгер­генше екі-үш жыл өтіп кетуі қа­лыпты жағдайға айналған. Қоғам белсендісі осындай оқиғалар жиілеп кеткенін айтады:

«Жақында ғана баланы аз­ғындыққа көндіру ісі бойынша сот болды. Өгей әкесі қызын сек­суалды әрекеттер жасауға мәж­бүрлегені үшін 121-баптың үшін­ші бөлімі бойынша кінәлі деп танылды. Тергеу оның бұл әрекетті бір емес, бірнеше рет жасағанын дәлелдеді. Шешесі келіп, қыл­мыстың үстінен түс­кенге дейін алты жасар қыз өгей әкесінің бар айтқанын орындап келген».

Дина Смаилова бүлдіршіндер алдап-сулауға көнбесе, педофил­дер үркітіп-қорқытудан тайын­байтынын айтады. Мысалы, «Жа­­қындарыңды өлтірем!», «Анаң­ды түрмеге отырғызам, сосын сені балалар үйіне алып кетеді!» – деген сияқты қоқан-лоқы жаса­лады. Сондықтан ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналар өте мұқият болу керегін айтады маман:

«Баласының мінез-құлқын­дағы өзгерістерді дер кезінде бай­қаса, көптеген қылмыстың алдын алуға болатын еді. Қазіргі біздің басты мәселеміз балалар­дың толық ақпарат ала алмауы. Бұл тақырыпта роликтер түсі­руге, айтуға ұяламыз. Сон­дықтан балаларымыз осындай кезде не істеу керегін білмейді».

Иә, мамандардың сөзімен келіспеуге болмас. Бірақ дамы­ған елдерде қылмысқа қоғам бо­лып қарсы тұру мәдениеті қа­лыптасқан. Мысалы, жылына бір-екі ғана ауыр қылмыс тір­келетін Исландияның Ре­кьявик қаласында 2017 жылы бір әйелді асқан қаті­гездікпен өлтірген болатын. Бұл жауыздыққа қала тұрғын­дары түнде көшелерді күзетіп, кезекші­лікке шығу арқылы жауап берді. Осылайша, халық кез келген қыл­мысқа бейжай қарамайтынын дәлел­деген. Қа­зақ даласында есік бе­кіту әдеті болмағаны белгілі. Бұл адам­дар­дың бір-біріне деген сенімі артқанда ғана орын ала­тын құбылыс.