Бес баланың қазасы: өрт сіріңкеден шыққан деген болжам айтылды
Бес баланың қазасы: өрт сіріңкеден шыққан деген болжам айтылды

Бүгін «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында Жамбыл облысы Жаңатас қаласындағы көпқабатты үйден шыққан өрт салдарынан қаза тапқан 5 балаға қатысты баспасөз мәслихаты  өтті.

Брифингке облыс әкімінің орынбасары Ұлан Жазылбек қатысып, арнайы құрылған комиссия тексерісінің алғашқы қорытындысымен таныстырды.

- Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына прокуратура, облыстық полиция департаменті, төтенше жағдайлар қызметінің мамандары  және әкімдік өкілдері кірді. Тексеру тобы қаза болған балалардың ата-аналарына жан-жақты көмек көрсетуде, - деді Ұ.Жазылбек.

Жалпы сипикерлерден білгеніміз, өрт туралы хабар 19 ақпан күні  сағат 15:15 минут кеткенде түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнынан бөлме жылытқыш электр құралын немесе жарамсыз тоқтар таппаған. Ал аталған үйдің  өзі орталықтандырылған жылыту қондырғысына қосылған. Яғни, мамандар өрт электр жылыту құралынан немесе жарамсыз электр сымынан туындауы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарып отыр.

Қайғылы оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сот сараптамасы тағайындалған. Алдын ала болжам бойынша өрт балалардың көрпе үстінде сіріңке жағуынан тууы мүмкін. Көрпеге тиген жалын бүкіл бөлмеге тез таралып, соның салдарынан бүлдіршіндер түтінге тұншығып қаза тапқан. Тексеріс тобының әзірге болжамы осындай болып тұр.

Ал бес баласы бірдей қаза тапқан отбасының тұрмысы жақсы болған екен. Көпбалалы жанұя ретінде мемлекеттен жәрдемақы  алып, «Бизнес бастау» жобасы бойынша грантқа да ие болған. Балалардың анасы бала күтімімен үйде отырса, отағасы орталық ауруханада дәрігер болып істейді. Өртенген үйдің өзі үш бөлмеден тұрады. 40 шаршы метр тұрғын үйдің өрт 16 шаршы метрін  шарпыған. Яғни, өрт балалар бөлмесінде орын алған. Үйдің өртеніп жатқаны туралы дүкенге шығып кеткен балалардың  анасына көршісі хабар берген екен. 15 минутта жеткен ана есікті өз кілтімен ашып, балаларын құтқаруға жанталасқан. Бүгін сағат 15:00-де бес баланы жерлеу рәсімі өтеді. Облыс әкімдігі балаларды жерлеуге материалдық жағынан көмек көрсеткен. Сондай-ақ ата-анамен психологтар жұмыс жасауда. Жерлеу рәсімі аяқталғаннан кейін балаларды бірінші тапқан анасынан сұрақ-жауап алынбақ.   Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы