Ақтаулық оқушы бір жылда 1661 шақырым жүгірген
Ақтаулық оқушы бір жылда 1661 шақырым жүгірген
116
оқылды

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Жансұлтан Бүркітбай 11-сыныпта оқиды. Ол көшбасшы болу жасқа емес, еңбекқорлық пен ниетке байланысты дейді. Ол 2019 жылы қазан айында 365 күн бойы жүгіруді мақсат еткен. Сол мақсатына өткен жылдың 12 қазан айында жетіпті.

– Бір жыл бойы жүгіремін деп Хеллах Сидибтің видеосынан кейін шештім.  Ол да мен секілді күнде жүгіруді әдетке айналдырған. Жалпы жүгіру, спорттың пайдасы туралы  бейнематериалдар әзірлеп, тұрақты ұсынып отырды. Соларды көрген соң мен де шабыттанып, жүгіріп көруге бел байладым, – дейді ол.

Жансұлтанға күнде жүгіру оңай болмапты. Өйткені жүгіру уақытын өзгертіп отыруға тура келген. Күнделікті сабақ, ауа райының қолайсыздығы әсер етіпті.

– Бастапқыда қиын болды. Осы уақытқа дейін жаз айында таңғы бесте жүгірсем, күз айынан бастап графиктің тығыздығынан кешкі уақытқа ауыстырдым. Аязды, желді күндері жүгіру қолайсыз болса да кештетіп  жүгіріп жүрдім. Кейін карантин басталды. Көшеге шығуға болмайды деген соң үй ішінде, мектеп ауласында айналыстым. Артынан ораза басталды, ауыз бекіттім. Сонда да жүгіруді қойғаным жоқ, – дейді Жансұлтан Бүркітбай.