Мектептегі сот
Мектептегі сот
117
оқылды

Бүгінде Шымкент қа­ла­сындағы мектеп оқу­шыларына қатысты сот отырысы білім беру ғима­­рат­тарында өтетін болған. «Бұл тәсіл мек­теп оқу­шы­­ла­рын жаман әдет­­тен, қыл­мысқа ба­ру­­­­дан бо­йын аулақ ету­ге сеп­ті­гін ти­гізбек», – дей­ді ма­ман­­дар.

Жуырда Шымкент қала­сын­дағы №65 мектептің акт залында үкім оқылды. Кәме­летке толмағандардың істері жөніндегі мамандан­ды­рылған ауданаралық соты­ның төрағасы 3 күдікті­ге қатысты үкім оқыды.

Аталған қылмыстық оқи­ға оқу жылының басын­да болған еді. 9 қыркүйек күні қаладағы №38 және №46 мектептің үш оқушысы №65 мектеп-гимназиясына барып, соңы көпқабатты үй­лер­дің артында жаппай төбе­леске ұласады. Бала­лар­­дың қолында тас және әр­түрлі суық қару да бол­ған. Бірнеше мәрте оқ та атылған. Жедел жет­кен тәр­тіп сақшылары төбе­леске қатысқан 17 оқу­шыны ұс­­тайды. Абырой бол­ған­да көз жұмғандар бол­ма­ға­нымен, дене жарақатын ал­ған­­дар бар.

17 баланың басы-қа­сын­да жүргендер қамауға алы­нып, бұзақылардан пышақ, шолақ мылтық және трав­матикалық тапанша тәр­кі­ле­неді. Міне, осынау қа­ру­лы қақтығыстың соңы ана сүті аузынан кеппе­ген жас­өспірімдердің сотталуы­на әкеп соқты.

Әрине, үкімді оқу Шым­­­­кент қалалық кәме­лет­­ке толмағандардың іс­­­тері жөніндегі маман­дан­­дырылған ауданаралық соты­­ның төрағасы Даурен Сай­хановқа оңай соқпасы анық. Дегенмен қолымен істе­­генді мойнымен көтеру керек.

Қанша жерден олардың бұрын сотты болмағаны, өзде­рінің кінәсін толық мо­йын­­­дағаны және кә­ме­­­летке толмағаны еске­ріл­­генімен, олардың өмір­­­баянында «сотты бол­­­­­ған­дығы» қалады. Жа­с­өс­­­пірімдердің біріне бас бостандығынан шектеу жа­засы тағайындалса, екеуі 3 жылға бас бостандығынан айырылып, оларға ҚР ҚК-нің 63-бабы қолданылып, шарт­ты түрде жаза таға­йын­далды. Енді олар 1 жыл бойы пробациялық бақы­лау­да болады.

Бізді сот залының мек­теп қабырғасында жиі өтіп жатқаны өкінтеді. Мұн­дай­­ды жиі бастан өткізе бер­ген бала да мәселеге нем­­құрайды қарай баста­ма­сына, бойын үйретіп алма­сына кім кепіл?!

Бетін ары қылсын, де­ген­­мен атыс қаруын қол­да­нушы жастар да көбейіп барады. Мәселен, осыдан бір ай бұрын ғана Жетісай қаласындағы мектеп-ли­це­йдің жеткіншегі №8 мек­тептің 10-сынып оқу­шы­сының басына пышақ сұғып алады. Тәртібі қиын оқушылар қатарында бол­ған жасөспірім мұның ал­дында да мектепке та­пан­­­ша әкеліп жазаланған екен. Жазаланғаны сол, бар болғаны ата-анасына әкім­шілік шара қолданып, боз­бала мектебін ауыс­тыр­ған. Бұл жолы ешкіммен қақ-соғы жоқ құрдасына пы­шақ сілтейді.

Есепте тұрған жасөс­пі­рім қалайша қару ұс­тап жүреді? Мектеп инс­­­пекторының қатаң қа­да­­­­ғалауында болмай ма? Ен­ді мәселе ушығып, қыл­мыс жасалғанда ғана екі айға сот санкциясымен қа­мау­ға алынып отыр. Болары болып, бояуы сіңгенде кімді кінәлайсыз?! Мұндайда хәкім Абайдың «қолымды мезгілінен кеш сермедім» өлеңі еске түседі.

Оңтүстік өңірде мұн­дай сорақы әрекеттер­ге таңғалатындай бол­май қалды. Бізді де қын­­­жылта­тыны – осы. Өт­­­кен жылы Шымкент қа­ла­­­­­­сын­да кәмелетке тол­ма­­­­­ған­дарға қатысты 136 қыл­­­мыс тіркеліпті. Ал жасөс­­пірімдердің қолымен 179 қылмыс орын алған. Шым­­кент қаласы полиция де­партаменті баспасөз қыз­метінің мәлімдеуінше, ал­дыңғы жылмен салыс­тыр­ғанда қылмыстың төмендігі байқалады. Дегенмен Шым­­кент қаласы 2018 жыл­­дың шілде айынан бері ғана об­лыстан дербес рес­­­пуб­ли­калық маңызы бар қала болғанын да еске­ре кет­кен жөн шығар. Со­ны­­­мен қатар былтыр мегаполисте суық қарумен 2 бұзақылық әрекет орын алыпты. Тәртіп сақшыларының алдын алу шаралары бойынша жүр­гізілген рейдтері мен ак­циялары кезінде 3 078 жас­­өспірім ұсталып, ата-анасының бақылауынсыз жүрген 762 бала кәмелет­ке толмағандарды бейім­деу ор­талығына орналас­ты­рыл­ған.

Жыл басында Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев орта­лық коммуникациялық қыз­ме­тінде өткен баспасөз мәс­­лихатында мектептегі ба­ла­­­лардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін мектеп инс­­пекторларының штат са­нын арттыратынын айт­қан­­­ болатын. Ендеше, бұдан бы­­лай қылмыстың себебін мек­­теп инспекторлары же­тіс­­пейді деген сылтаудан із­деу­дің қажеті шамалы. Ал сот­тың мектеп ғимаратында өтуі жастарға қаншалықты тәр­­бие беретіні тағы күмән­ді?!

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы