Тараздағы бораннан келген шығын белгілі болды

Тараздағы бораннан келген шығын белгілі болды

19 ақпан күні Тараз қаласында қатты дауыл тұрып, тұрғын үйлердің шатырлары ұшып, талдар тамырымен қоса  қопарылып құлаған болатын. Әлеуметтік желілерде желдей ескен видеоларды көріп, жамбылдықтар ғана емес, өзге өңірдің тұрғындары да жаға ұстаған. Бүгін бораннан шаһарға келген шығынның көлемі белгілі болды.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, қала бойынша 10 көпқабатты тұрғын үйдің 1405 шаршы метр шатыры  ұшып кеткен. Қазір шатырларды қалпына келтіру жұмыстары мердігерлер тарапынан жедел іске асырылуда. Сондай-ақ  15 мөлтек ауданы №14 үйдің 20 шаршы метр балконы және 3 метр газ құбырына зақымданған. Бұдан бөлек, қала көшелерінде  3 электр бағанасы құлап,  оны  «Тараз Жарық» ЖШС-ның 3 бригадасы қалпына келтірген. Сондай-ақ  4 көшеде 6 жерден электр желісі үзіліп, «Тараз қалалық электр жүйелері» мекемесі тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген. Электр жарығының өшуіне байланысты диспетчерлік қызметке 5 өтініш түсіп, жедел бригадалар тарапынан ахауларды қалпына келтіру жұмыстары қолға алынған.

     Қала көшелерінде 40-қа жуық талдар құлап,  оларды кесіп тазалау жұмыстарымен  «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-ның  4 бригада және 13 техника айналысқан.

Бұл аз десеңіз, қала көшелеріндегі 20 бағдаршам істен шығып, 2 аялдама желден құлап қалған. Сонымен қатар  42 билборд, 5 пилонның баннері және  Тұңғыш Президент саябағындағы Ту жыртылған. Барлық  бағыттар бойынша тиісті шаралар қолға алынып, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп отыр. Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы