Белгісіз біреулер Шымкентте тұратын мұғалімнің атынан төрт несие рәсімдеген. Бұл жайында шымкенттік мұғалім Tengrinews.kz-тің WhatsАpp нөміріне хабарласқан.
Айтуынша, оқиға 18 қаңтарда болған. Белгісіз біреулер Қостанайда микроқаржы ұйымынан оның атынан төрт несие рәсімдеп, Алматыда ақшаны қолма-қол шығарып алған екен.Ер адам полицияға және прокуратураға шағым жазған. Бірақ әзірге алаяқтар табылмады.– Өмірімде бұл қалаларға бір рет те барған емеспін. Қайта қаржыландыру жасауды жоспарлап, Шымкенттегі ХҚКО-ға бардым. Сол жерде бірінші кредиттік бюро арқылы 135 мың теңгеге төрт қарызым барын білдім. Мектепте жұмыс істеймін, интернетте отыруға және алаяқтық схемаларға түсуге уақытым жоқ. Дәл 18-і күні жұмыста болдым. Жеке куәлігімді, ЖСН-ді ешкімге қалдырмадым, – дейді шымкенттік мұғалім.
Шымкент қаласының полиция департаменті бұл істі бақылауға алғанын айтты.– 17 ақпан – төлемнің соңғы күні. Оған мені ешкім шақырмады не несие ұйымынан төлем қажеттілігі туралы хабарлама келмеді. Демек, олар үшінші тараптың мобильді нөмірімен рәсімдеген. Өзім хабарласуға тырыстым, олардың 20-дан аса филиалы бар. Екеуіне қоңырау шалдым, бірақ нөмірі өшірулі, – дейді ол.
«Шымкент қаласының тұрғыны 2021 жылдың 18 қаңтарында белгісіз тұлға алаяқтық жолмен оның атынан 135 000 теңге төрт шағын несие рәсімдегенін айтып, арыз жазды. Бұл дерек бойынша әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі және криминалдық полиция бөліміне тапсырма берілді. Қазір тексеріліп жатыр»,– деп мәлімдеді департамент.