Петропавлда газ баллон жарылысынан 2 адам қаза тапты

Петропавлда газ баллон жарылысынан 2 адам қаза тапты

Петропавлда бес қабатты үйде газ баллон жарылып, екі адам қаза тапты. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

21 ақпан күні сағат 15.59 минутта «101» нөміріне Петропавлдағы Интернационал көшесі 21-үйдің бірінші қабатында газ баллон жарылып, артынан өрт шыққаны жайлы хабар түскен.

Жарылыс болған жерде бірнеше кәсіпкерлік нысан, оның ішінде, дәмхана мен шаштараз орналасқан екен.

«Газ баллон дәмханалардың бірінде жарылған. Құтқарушылар үш адамды қауіпсіз жерге шығарғанымен, олардың екеуі көз жұмды», – делінген хабарламада.

Бұрын жатақхана болған, кейін жекешелендірілген көпқабатты үйден 120-ға жуық адам эвакуацияланды. Қазір оқиға орнында облыс орталығының барлық өрт сөндіру бөлімі жұмылдырылған.