Үкімет дәрі-дәрмектің бағасын бір ізге түсіруге қауқарлы ма?
Үкімет дәрі-дәрмектің бағасын бір ізге түсіруге қауқарлы ма?
218
оқылды

Қазақстанда дәрілік заттар мен медицина­лық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы «СК-Фармация» мен Денсаулық сақтау ми­нистрлігі біраз жаңашылдық еңгізуге тырысуда. Дегенмен кейбір ұсынысы мен талап­тары орындалмай жатқаны тайға таңба басқандай көрініп тұр. 


Тұрақтаған баға жоқ

2019 жылы 13 маусымда өткен Үкіметтегі баспасөз мәслихатында барлық жерде дәрі-дәрмектің бағасы бірдей болады деп Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің басшысы Л.Бюрабекова мәлімдеген болатын.

– Барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеу, дәрі-дәрмекті рецептімен сату және жалғанына қарсы күресуге бай­ланысты шараларды күшейту тәрізді мәселелер бойынша кейбір заңнама акті­леріне өзгерістер енгізілді. Осы өзгерістер азаматтардың сапалы дәрі-дәрмекке қол­жетімдігін қамтамасыз етуге, ал бағаларды реттеуді енгізу республикамыздың барлық өңірлерінде бірыңғай баға саясатын жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Сонымен бірге аталған заңнама тәртібі бойынша бұйрықтың мақұлдауды күтіп жатқанын, Әділет министрлігі бекіткеннен кейін шілде айында бөлшек сауда желілерінде дәрі-дәрмекті сатудың шекті бағалары болатынын да тілге тиек етті.

– Осыған байланысты дәріханалардың кірісі төмендеуі мүмкін. Егер олар бір рет заң бұзса, айып салынады, егер екінші рет қай­таласа, лицензиясы жарты жылға тоқ­та­тылады, – деді Л.Бюрабекова.

Баға ережелерін бұзғаны үшін 70-100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК – 2 525 тең­ге) дейін әкімшілік айыппұл салынып, заң бұзу қайта тіркелсе, фармацевтикалық жұ­мысты тоқтатуға дейінгі шара қабылдана­тынын да жеткізген еді.

Бірақ айтылған сөз сол жерде қалды ма дерсің. Өйткені осы айтылған сөздің орын­далуын тексеру үшін еліміздегі дәріханадағы бағаларды көрсететін желідегі i-teka сайты арқылы атауы бірдей дәрі-дәрмек бағасын бағамдап көрдік. Мысалы, Но-шпа 40 мг №24 дәрісінің бағасында бірізділік бай­қал­майды. Нұр-Сұлтан қаласында 650 теңгеден басталатын дәрі «Азия-Мед» дәріханасында 1 230 теңгеге бір-ақ шарықтаған. Ақтауда – 570-680 теңге, Қарағандыда – 570-800 теңге, Алматы қаласында 640-800 теңге аралығын­да баға қойылған.

Ал қыста көп пайдаланылатын жөтелге қарсы арзан дәрі Мукалтин 50 мг №10 дәрісі де әр жерде түрлі бағамен тұр. Атап өтсек, Нұр-Сұлтан қаласында 140 теңгеден баста­лып 190 теңгеге жетсе, Ақтауда – 128-160 тең­ге, Қарағандыда – 128-190 теңге, Ал­ма­тыда 128-170 теңге аралығында саудалануда.

Сонымен бірге қымбат бағалы дәрілерге де көз салдық. Хилак форте 100 мл там­шы­лататын дәрісін іздесеңіз, Нұр-Сұлтан қала­сында арзаны 2 315 теңге болса, кей дәрі­ха­нада 3 300 теңгеге жетіп жығылады. Ақтауда – 2 325-2 825 теңге, Қарағандыда 2 325-3 190 тең­ге болса, Ал­матыда «Честная аптекада» 2 325 теңге тұра­тын дәрі «Алтынай плюсте» – 3050 теңге.

Осыған қарап отырып, баға ырық бермей, бірыңғайлыққа әлі көше алмай отырғанына көз жеткіземіз...

    

Қарыз пен парыз

Сонымен бірге мемлекеттік мекемелер өз қарыздарын қайтармай отырғаны да бар. Бұл да «СК-Фармация» компаниясының жұмы­сын алға жылжытуға кедергі келтірсе керек. 2019 жылдың қыркүйек айында Нұр-Сұлтан­дағы онкологиялық орталықтың «СК-Фар­мация» алдындағы қарызы 2,7 млрд теңгені құрап, біршама айқай болған еді. Өйткені аталмыш мекеме 5 жылдан бері дәрі өнді­ру­шілерге алған өнімінің ақысын төлемеген. Ал сот «СК-Фармация» компаниясын «Са­мұ­рық-Қазына Фармация» алдындағы қа­рызды төлеуге міндеттейтін қаулы шығарған болатын. «СК-Фармация» клиникалардан тиесілі ақшаны толық алмағандықтан, дәрі-дәрмек өндірушілердің алдындағы қарызын өтей алмай отыр. Бұған дәрі өндірушілер наразы. Олар ақша төленбейтін болса, дәрі жеткізуді тоқтатуы мүмкін», – деп түсіндірген болатын Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов. Елордалық клиниканың басындағы мүшкіл хал елдегі бірқатар емханаға тән кө­рінеді. «Қазақстан бойынша мемлекеттік кли­никалардың «СК-Фармация» компа­ния­сының алдындағы қарызы 2019 жылдың қыркүйек айында 17,7 млрд теңгеге жеткен.

Міне, бұл жағдай да Қазақстандағы дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауына әкеліп соғатын фактордың бірі десек, қателеспейміз. Өйткені қарызын өтеуді парыз деп сана­мағандардың кесірі бағаны көтеруге алып келетіні сөзсіз.


«Адалдық алаңы»

Сыбайлас жемқорлық та бағаға әсер ететіні сөзсіз. 2019 жылы «Ресейде қазақ­стан­дық мөрмен дәрі-дәрмектер сатылып жатыр» деген сыбыс шықты. Оның алдында қазақ­стандықтарға арналған инсулин Өзбекстан дәріханаларында сатылған болатын. Сол кезде Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов заңсыз жеткізгендердің табылып, 28 қылмыстық іс қозғалғанын айтқан-ды.

Енді 2019 жылдың қараша айында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың бірыңғай дистрибьюторы базасында «СК-Фармация – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылды. Сонымен бірге 2018 жылдан бастап дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету электронды түрде сатып алу жобасы бойынша іске асырылды. Қағазбен жұмыс жасау толық жойылды. Бұл –сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жасалып жатқан қадам.

2019 жылы сервистік қызмет көрсететін медициналық бұйымдарды сатып алу да электронды форматқа ауыстырылды. Қыз­меттерді сатып алу бойынша тендерлік ре­сімдердің ашықтығын және транспарент­тілігін қамтамасыз ету үшін бірыңғай дис­трибьютор Facebook әлеуметтік желісіндегі өзінің ресми аккаунтында негізгі тендерлік ресімдердің онлайн көрсетілімін ұйымдас­тырады. Сондай-ақ тегін берілетін дәрі-дәр­мекті жеткізу мерзімі мен күні туралы ақпа­ратты ұсынатын 1 439 нөмірі бойынша бай­ла­ныс орталығы жұмыс істей бастады. Нау­қас­тардың тиісті дәрі-дәрмекті алғаны SMS-хабарлама арқылы бақыланады. Пациенттер SMS-хабарламаға жауап ретінде 2881 нөмірін жібереді. Сонымен қатар меди­циналық ұйым­дардағы тегін дәрілердің бірыңғай электронды анықтамалығы іске қосылды.

Әрине, дәрі-дәрмектің сапалы, әрі қол­жетімді болғаны дұрыс. Сондықтан «СК-Фар­мация» мен Денсаулық сақтау министр­лігі қолға алған істеріне жауап берсе дейміз!


Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ