Белгілі режиссер Талғат Теменов ABAI.kz сайтына берген сұхбатында: «Өткен жетіде «Қазақфильмге» бардым. Сонда Абай операсын ресейлік кинорежиссер Егор Кончаловскийдің түсіретінін естідім. Біреулер солай деп ұсыныс айтыпты-мыс. Бірақ оны кім айтқанын білмейміз. Мұны біреулер Наталья Орынбасарованың алдында жақсы атану үшін айтты ма немесе Мәскеуден маман шақырдық деп мақтану үшін айтты ма, білмеймін» деген екен.
«Көзіміздің қарашығы – Абайды қазақ режиссерлеріне сенбей, сырттағы біреуге береміз деген ойдың өзі қауіпті. Бірақ бұл – өте ұят нәрсе. Сонда бізде сол операны түсіретін адам жетпей қалып па? Бұл – даңғаза, атаққұмарлық» деп санайды режиссер.
Теменов әр ұлт өз тұлғасын өзі түсіруі тиіс деген ойды айтады. Пушкинді орыстар, Бальзакты француздар, Ататүрікті түріктер түсіргені жөн. Өйткені тұлғаның қадір-қасиетін әр ұлт өзі жақсы түсінеді, біледі. Сонымен режиссер айтқандай, «Абай» опера-фильмін Кончаловский түсіреді деген ақпарат қайдан шықты?
Осыдан екі ай бұрын, яғни 1 қарашада Қазақ телеграф агенттігінде «Егор Кончаловский Абай опера-фильмін түсіреді» деген ақпарат тарады. Онда Кончаловский: «Менің міндетім – киноопераның классикалық нұсқасын жасау. Әрі ол фильмде театралды нұсқадан көп айырма болмауы тиіс. Әрине, киностудияда түсірілген фильмнің орны бөлек. Өйткені кино – қозғалмалы сурет өнері, ал опера – музыкалық өнер» дейді.
Киносценарий авторларының бірі Тұрар Жұбанов та «Киноның театралды қойылымнан айырмасы көп. Мұхтар Әуезовтің атақты либреттосының сюжеттік желілерінде өзгешелік болуы мүмкін» деген пікір білдіріпті.
Деректерге сүйенсек, киносценарий жазылып, синопсис әзірленіп, Ұлттық киноны қолдау орталығына жіберілген екен. «Жобаны қорғау 2019 жылдың 3-6 желтоқсан күндері өткізіледі» делінген.
Қош делік. Демек, Теменовтің сөзінің жаны бар секілді. «Абай» операсын түсіру туралы бұған дейін әңгіме болғаны анық. Шын мәнінде, оны Кончаловский түсіре ме, жоқ па?
Көркем фильм түсіруге дайын емес
Бұл – жазушы Смағұл Елубайдың пікірі. «Абай тақырыбына бару оңай емес. Ол – күрделі тұлға. Абай туралы жеңіл-желпі фильм түсіруге болмайды. Ол үшін үлкен дайындық керек. Әзірге бізге ұлы тұлғаға арнап деректі фильм түсірсек те болады» дейді жазушы.
Ал «Абай» операсын Кончаловскийдің түсіретіні туралы әңгіме «Қазақфильмнен» шыққаны белгілі. Ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін киностудияға қоңырау шалдық. Біздің сауалымызға жауап берген «Қазақфильм» киностудиясының басқарушы директоры Қанат Төребайдың айтуынша, бұл жалған ақпарат көрінеді. «Осыдан бір ай бұрын баспасөзге сұхбат берген Егор Кончаловский өзінің «Абай» операсын түсіргісі келетіні туралы айтып өтеді. Ол туралы ақпаратты біздің өзіміз газеттен оқыдық. Бұл жобаға «Қазақфильмнің» ешқандай қатысы жоқ. Жалпы, Абай туралы фильм түсіреміз бе, жоқ па деген әңгіменің шығып жатқанына біраз болды. Кино саласында жүрген кей ақсақалдарымыз «әзірге кино түсіруге дайын емес» деген пікірлерін де айтқан. Себебі бір жылдың ішінде үлкен, салмақты, жоғары деңгейде фильм түсіріп шығу оңай шаруа емес. Бірақ бізде мерейтой кезінде фильм түсіру әдетке айналып кеткен. Бұған дейін де мерейтойлық фильмдер түсірілді. Бұл принцип дұрыс емес деп ойлаймын. Жалпы, «Абай» фильмін түсірілуі керек. Өйткені Абай – біздің темірқазығымыз. Ол үшін киносценарий жазылып, жоба ұсынған жөн. Ал түсіру қажет пе, жоқ па деген әңгімені «Қазақфильм» емес, «Ұлттық киноны қолдау орталығы» АҚ шешеді. Қаржы орталық арқылы бөлінеді» дейді.
Кончаловскийдің ешқандай қатысы жоқ
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешовке қоңырау шалғанымызда ол «Абай» опера-фильмін Кончаловский түсіреді» деген ақпаратты жоққа шығарды.
– Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын тойлау аясында «Абай» деректі фильмін түсіру жоспарда бар. Кино туралы заң бекітілді. Осыған орай «Ұлттық киноны қолдау орталығы» құрылды. Режиссерлер өз ұсыныстарын орталыққа жібереді. Онда ұсыныстарды арнайы сараптама кеңесі қарайды. Сараптама кеңесінде елге белгілі киногерлер, режиссерлер бар. Кеңестен өткен ұсыныстар эксперттік комиссияға келеді. Әлеуметтік желіде тарап жатқан «Егор Кончаловский «Абай» опера-фильмін түсіреді» деген ақпаратқа келер болсақ, бұған дейін министрлік пен режиссер Кончаловский арасында «Абай» опера-фильмін түсіру туралы ешқандай келіссөздер жүргізілген жоқ. Әрине, кез келген режиссердің өз жобасын ұсынуға құқы бар. Ол – жай ұсыныс қана. Ал оны бекіту-бекітпеу «Ұлттық киноны дамыту» орталығына, яғни сараптама кеңесіне байланысты. Кончаловский, не болмаса шетелдік режиссерлерге қатысты ақпаратты «Ұлттық киноны қолдау орталығы» растаған жоқ. Ұсыныс болғанның өзінде сараптама жасалып, эксперттік комиссия қарап, одан кейін министрлікке келер еді.
– Жалпы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай биыл көркем фильм түсіріле ме?
– Биыл мерейтойға орай «Абай» деректі фильмі түсірілмек. Бір жыл ішінде ұлы тұлға туралы көркем фильм түсіру мүмкін емес. Онда асығыстық болар еді. Оған арнайы дайындықпен келу керек. Абай – мәңгілік тақырып. Сондықтан «Абай» фильмін түсіру келешектің еншісінде. Егер көркем фильм түсірілер болса, оны асықпай, баппен, салмақты етіп түсірген жөн. Ол үшін кез келген режиссер өз ұсынысын айтуға мүмкіндігі бар. Фильмді қай режиссер түсіретінін, не болмаса қандай жоба бекітетінін уақыт дәлелдейді.
P.S.
Теменовше айтқанда, «Абай» фильмін Абайды түсінетін, оның философиясын ұғатын адам түсіруі керек. Ол үшін бір-ақ нәрсе – кәсіби мамандар қажет. Ол маман қазақтың дәстүрін, тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын, философиясын терең меңгерген, Абай жанын ұғынған режиссер болса керек».
Әйгілі Асқар Сүлейменов «Келер қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деп тегін айтпаса керек. Әсілі, Абай тақырыбы – өлмейтін тақырып. Бұл тақырыпқа кез келгеннің оңай қалам тарта бермесі анық. Сондықтан Абай туралы көркем фильм, не болмаса деректі фильм түсірерде абай болсақ керек-ті.