Пандемия жағдайындағы білім беру: ізденістер мен іркілістер
Пандемия жағдайындағы білім беру: ізденістер мен іркілістер
379
оқылды

Пандемия кезінде қашықтан білім беруге мәжбүрлі түрде көшу оқытушылар үшін де, студенттер үшін де үлкен сын болды. Онлайн оқыту ақпараттық технологиялар мен цифрлық құралдарды меңгеруді, коммуникациялық машық пен психологиялық төзімділікті қажет етті.

Пандемия білім беру сапасына,  республикалық жоғары оқу орындарының барлық жүйесіне кері әсерін тигізді. 2020 жыл цифрлық технологиялардың журналистік білім берудегі маңыздылығын көрсетті. Кейбір ЖОО студенттері технологиялар мен ресурстарға қол жеткізе алмай қиналды. Әсіресе Қазақстанның шалғай елді мекендерінде тұратын студенттердің көпшілігінде сапалы интернет пен қажетті техникалық құрал-жабдықтар болған жоқ. Қашықтан оқуға студенттердің барлығы бірдей бейімделіп кетті дей алмаймыз. Қашықтан білім беру қосымша ресурстар мен уақытты қажет ететіндіктен, цифрлық білім беру технологиясын меңгеру, қашықтан білім беруді ұйымдастыру барысындағы қиындықтарды оқытушылар да бастан кешірді. Алайда кез келген қиындық жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын түсіндік. Оқытушы-профессорларда мамандыққа деген шығармашылық көзқарас пайда болды, оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін бұрынғыдан да белсенді қолдана бастады. Университетте мониторинг, бағалау, емтихан алу жүйелері жедел қайта құрылып, жетілдірілді. Мәселен, классикалық емтиханға қоса студенттің құзіреттілігін тексеруге өте ыңғайлы шығармашылық емтихан түрі енгізілді. Бұл емтихан түрі студенттің тек теориялық білімін ғана тексеріп қоймай, шығармашылық өнім туғызудағы қабілеті мен кәсіби қызметке бейімделу деңгейін де анықтауға мүмкіндік берді. Еліміздегі жетекші жоғары оқу орны ретінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті коронавирус туғызған қиындықтарды табысты шеше білді. Қашықтан оқытуға көшкен өткен жылдың 16 наурызынан бастап аптаның жеті күнінде тәулік бойы университет оқытушылары мен студенттер ақпараттық технологиялар бөлімімен тығыз байланыста болып, кеңес алды. Сондай-ақ оларға техникалық қолдаулар көрсетіліп, вебинарлар өткізілді. Пандемия қоғамдағы коммуникациялық үдерістерге елеулі ықпал етті. Қашықтан оқыту педагогтармен, саламен, өндіріспен жанды қарым-қатынасты ауыстыра алмайды. Тікелей байланыстың болмауы салдарынан материалды меңгеру деңгейін бағалау оңай емес. Тақтаның алдында студенттің көзіне қарап тұрып, дәрістен алған әсерін ұшқындаған жанарынан аңғару бір басқа да, монитордың алдында отырып, техника мен интернетке тәуелді болу бір басқа. Сондықтан жоғары білім берудің әлеуетін нығайтып, тәуекелді басқарудың стратегиялық жоспарын құру, оны дамыту, аралас оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру, технопарктердің базасын нығайту кезек күттірмес мәселелер. Шалғай өңірлердегі студенттердің техникалық қажеттіліктері мен оқу барысында кездесетін өзекті мәселелерін анықтап, әлеуметтік көмек көрсету де күн тәртібінен түспейді. Қазір наурыз айымен салыстырғанда жағдай едәуір түзелді. Техникалық тұрғыдан барлық веб-ресурстар мүлткісіз жұмыс істейді. Қорыта айтқанда, онлайн оқыту профессор-оқытушылардың біліктілігі, техникалық мүмкіндіктер мен оқу орнындағы оқу-әдістемелік қызметтің тоғысуы нәтижесінде жүзеге асады. Тағы бір өзекті мәселе – білім алушылардың өндірістен кәсіби практикадан өтуі қиындады. Қазіргідей цифрлық сауаттылық пен машықтар бірінші орынға шыққан пандемия жағдайында практикалық білім алуға ресурстардың жеткіліксіздігі, инфрақұрылымдық мәселелердің орын алуы, үздікісіз білім беру бағдарламаларын қамтамасыз етуге мүмкіндіктің болмауы кедергі болатыны даусыз. Кейбір мекемелер студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізуді кейінге қалдырды. COVID-19 жағдайында білім алушылардың басым бөлігі практиканы қашықтан өтті. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдары, агенттіктер мен ірі қалаларда бұндай формат тәжірибе бағдарламасын жүзеге асыруға мүмкіндік берсе, ауылдық жерлерде жағдай күрделі болды. Кейбір редакциялар жаз бойы жұмыс істеген жоқ. Ал тәжірибенің бұйрықтары келісім-шартқа сәйкес алдын-ала жасалып қойғандықтан, студенттерді тез арада факультет сайттарында, факультеттің радио, телестудияларында практикадан өткізуге тура келді. Осылайша форс-мажор жағдайларына дайын болу қажеттігін өмірдің өзі көрсетті. Білім Ғылым саласында қандай өзгерістер бар? Ғылыми зерттеулер жүргізуде цифрлық технологиялар аса маңызды. Пандемия жағдайында халықаралық онлайн конференциялар арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі ғалымдар бір алаңда журналистика мамандығы, шығармашылық, БАҚ индустриясы туралы ашық пікір алмасып, ойларын ортаға салуда. Бұл ғалымдардың ынтымағын арттырып, бірлескен медиазерттеулерге жол ашты. Бүгінде журналистика факультетінде ғылыми-білім беру мектептері қалыптасып келеді. Бұл ұлттық университеттің дамуының негізі болып табылатын уақытпен үндескен міндеттер. Ғылыми-зерттеулердің пәнаралық сипат алуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Ғылыми мектептер профессор-оқытушылар мен студент, магистрант, докторанттарды түрлі саладағы ғылыми тақырыптар аясында біріктіре отырып, іргелі зерттеулер жүргізеді, жас ғалымдарды даярлап, ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Жасанды интеллект, медициналық журналистика, экологиялық журналистика, климат өзгерісі, когнитивті ғылымдар т.б. салаларда идеялар алмасып, маңызды мәселелерді шешуге ықпал етеді. Ғылыми мектептің тағы бір мақсаты – жастардың ғылымға қызығушылығын ояту.  Сонымен қатар, білім беру мен ғылыми-зерттеуді тиімді үйлестіру алынған нәтижелерді оқытуда қолдануға ықпал етеді әрі кафедрадағы ғылыми-зерттеулер оқытушылардың ғылыми әлеуетін арттырады.   Білім беру үдерісіндегі жетістіктер қандай? Бүгінде жоғары білім беру міндеті білім алушыларға тек академиялық және кәсіби білім беріп қана қоюмен шектелмейді. Сонымен қатар, жаңа машықтарды өз бетінше меңгеруге, ерекше шешімдер қабылдауға қабілетті шығармашылық тұлғаны қалыптастыруды көздейді. Біз топ университеттердің көрсеткіштеріне бағытталып, бәсекеге қабілетті болуды көздейміз. Осы мақсатта жаһандық рейтингте даму, цифрландыру, университеттің әлемдік танымалдылығын арттыру сынды нәтижеге бағытталған міндеттерге кафедра да өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңдағы білім берудің бәсекелес нарығы,  нарық талабының өсуі осыны талап етеді. Кафедра мамандықтары FIBAA агенттігінің халықаралық аккредитациясынан өткен. Тұрақты даму мақсаттары бойынша жас PR мамандарына, журналистерге халықаралық маусымдық мектептер ұйымдастырылады. Кафедрада шетелдік студенттер білім алады, сондай-ақ, шетелдік профессорлар сабақ береді. Халықаралық оқыту стандарттарына бағыттала отырып, оқытудың ұлттық сипатын да білім алушылардың бойына сіңіруге тырысамыз. Оқытушылардың кәсіби деңгейін үнемі жетілдіру мақсатында шетелдік үздік жоғары оқу орындарынан ғылыми тағылымдамадан өтуге жағдай жасаймыз.  Кафедрада екі мамандық бойынша үш деңгейде білім беріледі, ағылшын топтары бар. Сондай-ақ, «Болашақ» бағдарламасы бойынша бітіріп келген мамандар, өндірістен келген топ-менеджерлер дәріс береді. Студенттерге кәсіби құзіреттілік қалыптастыру мақсатында жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнаттық. 40 пайызға жуық дипломдық, магистрлік жұмыстар өндірістегі мекемелердің тапсырысы бойынша орындалады. Кафедраның білім беру бағдарламаларының мақсаты - халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы орайда ауқымды теориялық материалдарды игеруге арналған бұрынғы дәстүрлі білім беру бағдарламаларынан бас тартып, кәсіби қызметке университет қабырғасынан бейімдейтін практикалық машықтар мен құзіреттіліктер қалыптастыратын білім беру бағдарламаларын енгіздік. Мәселен, «Цифрлық PR» білім беру бағдарламасының мақсаты – PR мен коммуникацияның заманауи үздік жетістіктеріне негізделген құзіреттіліктер қалыптастыру. Мамандықты бітіріп шыққан студент PR-жобалар жасауға, компанияның имиджін, абырой-беделін қалыптастыруға, тауар, қызметтің брендін дамытуға қабілетті болады. Онлайн құралдарды, аудио, бейне, IT-технологияларды пайдалана отырып, қоғамдық-маңызды ақпараттарды жазу, коммуникациядағы стратегиялық жоспарлау, жаңа және дәстүрлі медиа редакцияларымен, блогер, стейкхолдерлермен өзара қызмет ету модельдерін қолданады. Пандемия нарықтағы PR-стратегияны мүлдем өзгертті. Жаңа трендтер пайда болды. Дағдарысты басқарудағы, маркетингтік коммуникациядағы PR-дың рөлі артты. Жаңа цифрлық құралдар мен әдістер, креативті идеялар алдыңғы қатарға шықты. Міне, осындай үрдістер жаңаша талап қойып, жаңаша білім беруді талап етеді.

Назгүл Шыңғысова, филология ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, ЮНЕСКО, халықаралық журналистика және  қоғамдық медиа кафедрасының меңгерушісі