Тараздағы университетте 300 студент жалған құжатпен оқыған
Тараздағы университетте 300 студент жалған құжатпен оқыған

Жоғары оқу орнында жылдар бойы жалғасып келген былықтың бетін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мамандары ашып отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаевтың айтуынша, жоғары оқу орнына кейінгі жылдары бірінші семестрден кейін шетелдік оқу орнынан ауысып келушілер көбейіп кеткен екен. Міне, осы жайтқа мамандар күдік келтірген.

– Биылдың өзінде академиялық кезеңнен кейін 400-ден астам адам ауысуға өтініш білдірген. Дені Ресей мен Қырғыз елінде оқыған студенттер. Алайда   олардың 75 пайызының құжаты жалған болып шықты. Бұл біздің елде белгілі бір ұйымдасқан топтардың  жасап отырған іс-әрекеті. Студенттермен әңгімелесу барысында кім арқылы жалған оқу орындарына шыққаны, тағы да басқа тексеру амалдарын жүргізетін боламыз. Қазірдің өзінде Ресей мемлекетінің бірнеше оқу орнына шығып, студенттердің онда мүлде оқуға түспегенін анықтап отырмыз, – дейді Р.Төлебаев.

Негізі оқудан шығарылған  300-ден астам студент пен магистрант ҰБТ мен кешенді тестілеуден өте алмай қалған. Алайда олар айлаға салып, білім беру жүйесін айналып өту жолын тапқан. Қазір аталған студенттер құжаттарды кімнен және қалай алғаны тексерілуде.

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы